Өткен демалыс күндері футболдан Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы басталды. 2022 жылғы ел біріншілігінің 1-тур ойындары жанкүйерлердің есінде қалатындай ерекше оқиғаларға толы болды. Бірінші күнге жоспарланған бірінші турдағы бес матчтың төртеуінде жеңімпаз команда анықталмады.
Алғашқы турдың шымылдығын Шымкенттің «Ордабасы» мен Премьер-лига дебютанты – Түркістан облысының «Мақтаарал» командалары ашты. Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионда өткен оңтүстік дербиінде командалардың күші тең болды. Кездесудің есебін және биылғы чемпионаттың тұңғыш голын «Мақтааралдың» франциялық легионері Биллал Себаихи соқты. Дегенмен алаң қожайындары бірінші таймның соңына дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Гол авторы – Сержа Ньюадзи.
Сонымен қатар бірінші турдың тағы үш кездесуінде де тең есеп тіркелді. Биылғы біріншіліктің тағы бір дебютанты – «Ақсу» (Павлодар облысы) да сырт алаңда «Атыраумен» тең ойнап (0:0), қарсыласынан ұпай алса, Түркістандағы «Тұран» – «Тараз» және «Астана Аренадағы» «Астана» – «Шахтер» ойынында есеп ашылмады. Бірақ соңғы матчтағы бәсекеде «Астана» клубының бас бапкері Срджан Благоевич алаңға бір мезетте 7 легионер шығарып, чемпионат ережесін бұзды. Енді елорда командасына техникалық жеңіліс жазылуы мүмкін. Өйткені Қазақстан біріншілігінің ережесі бойынша, алаңда бір уақытта 6 легионердің ойнауына рұқсат етілген.
Былтыр біріншіліктің турнир кестесінде төртінші орынға табан тіреп, Еурокубок бәсекесіне жолдама алған Петропавлдың «Қызылжары» Ақтауда «Каспийден» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 66-минутта Аслан Әділ салды.
Жексенбі күні Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Ақтөбе» кездесті. Маусымаралық үзілісте құрамын бірқатар тәжірибелі футболшымен күшейткен ақтөбеліктер бірінші таймда тәуір ойнап, алаң иелері қақпасының маңайында біраз қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Ал жастарға сенім артқан «Қайрат» қорғанумен болды. Екінші таймда алаңға Хосе Канте шыққанға дейін де қонақтар ойында басымдық танытып жатқан еді. Гвинеялық шабуылшы матчқа араласқан сәттен кейін «Қайраттың» ойынына қан жүгіріп, шабуылда жиі бой көрсете бастады. Сөйтіп 66-минутта Канте 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есеп ашса, 86-минутта дубльдің авторы атанды. Осылайша, «Қайрат» бірінші турдағы ең ірі есепті тіркеді – 2:0.
Былтырғы ел чемпионы – «Тобыл» Қостанайда Оралдың «Ақжайық» клубын қабылдап, 1:0 есебімен жеңді. Матч алдында футбол мамандары бұл кездесуде «Тобыл» футболшылары еш қиындықсыз ірі есеппен жеңіске жетеді деп болжам жасаған еді. Алайда «Тобыл» бірінші таймда «Ақжайықтың» әжептәуір қарсылығына ұшырап, гол соға алмады. Матчтың екінші таймында да «Тобыл» ұзақ уақыт қарсылас команданың қақпасынан саңлау таба алмады. Тек 78-минутта ғана өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеев гол соғып, «Тобылға» маңызды үш ұпай сыйлады.
Бірінші турдың статистикаларына тоқталар болсақ, чемпионаттың алғашқы голын, жоғарыда айтып өткендей, Биллал Себаихи соқты, ал алғашқы сары қағазды «Мақтааралдың» қорғаушысы Ілияс Әмірсейітов алды. Жалпы, бірінші турда 27 футболшы сары қағазбен жазаланды. Алғашқы қызыл қағаз «Шахтердің» легионері Әбдел Ламанжеге көрсетілді. Сондай-ақ бірінші турда «Тұранның» қорғаушысы Сұлтан Әбілғазы да алаңнан қуылды. Алғашқы пенальтиді Хосе Канте сәтті орындады.
Сонымен қатар биылдан бастап Қазақстан чемпионатында VAR жүйесі қолданылып жатыр. «Қайрат» – «Ақтөбе» ойынында бас төреші Григорий Московченко бірінші болып VAR көмегіне жүгінді. Бірінші турдағы жеті ойынды тамашалау үшін жеті қаладағы стадионға жалпы саны 19 300 көрермен келді. Ең көп жанкүйер (9 200 адам) «Қайрат» – «Ақтөбе» матчын тамашалады.
2-тур ойындары 10-11 наурыз күндері өтеді. 10 наурызда (бейсенбі) «Ақсу» – «Астана», «Тараз» – «Ордабасы», «Қызылжар» – «Шахтер» командалары, ал 11 наурызда (жұма) «Мақтаарал» – «Қайрат», «Каспий» – «Тобыл», «Ақтөбе» – «Атырау» және «Ақжайық» – «Тұран» командалары кездеседі.