«Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек», дейтін Абай адамгершілікті сократтық деңгейде байыптаған.
Ғажап!
«Зерек ақыл» – демек, бұл терең ақыл, өте жоғары нұсқада дамыған ақыл. Ондай деңгейге жете ақыл-ой қалыптастырған адам «Ар ұялар істен» іргесін аулақ салмақ.
...Бұған керісінше қанша дәлел тапқанымызбен, оның бірде-бірі Ар мен Ақылдың өте байланысты деңгейде болатынын ешбір жоққа шығара алмайды. Сондықтан бұл заманның адамынан да талап етілетін қорытынды-түйін біреу ғана: Арлы адам – ақылды Адам».
Бұл – ірі публицист, дарынды философ Жомарт Әбдіхалықтың көзі тірісінде жарыққа шыққанын көре алмай кеткен «101 толғам, 1001 түйін» атты пәлсапалық еңбегінің бір толғамы.
О, опасыз дүние-ай, десеңізші!
Ол «101 толғам, 1001 түйін» атты еңбегін бір-бірімен ажырағысыз тоғысып, өрімдесе ұштасқан үш арқау, жеті желі, жиырма бір түйінге бөліпті. Болмыстан басталып, Тіршілікке жалғасқан осы үш арқау, жеті желі «Ғұмыр» атты он жетінші түйінмен аяқталмай тоқтапты... Сол бір «Ғұмыр» атты тарауды түйіндеуге зерделі ойдың зергері, сұңғыла қаламгер Жомарт Әбдіхалықтың ғұмыры жетпеді?!
«Сенімді шыңдап, сынау үшін Таным мәселесіне мықтап мойын бұрып, әуел бастан соны нықтап, мығымдай беру керек. Сеніміңді Шарболаттай шымыр, серпінді ету – ұзақ жол, үздіксіз еңбек, тынымсыз ізденіс пен талпыныстың жемісі. Ол жемістің кәдеге жарап, жарамайтын кездері де аз болмайды. Дегенмен, Ақиқатты әйгілеген шынайы Сенімнің жемісі – өлшеусіз игілік».
Бұл – Жомарт Әбдіхалықтың «Шарболаттай сенім» атты кітабында айтқан оқырманға уәжі, ал өзі мағыналы ғұмырында бұлжымас қағидаға айналдырған – Темірқазығы.
Замана толқындарында қайықша тербелген жұмыр басты пенде мына болжаусыз өмір, тұрлаусыз уақыт ағымында өзінің ертеңгі күніне тиянақ болар Сенім іздеп, өз болмысының мәні мен қоршаған ортадағы халін айқындау мақсатындағы санасын сандалтқан сансыз сұрақтарға жауап іздеп, шарқ ұрады. Таным құпияларының қатпарларын кезіп, саналы болмыстың сансыз сұрақтарына жауап іздейтін өмірлік ілім философия болса, ықылым заманнан бергі ақыл-ойдың озық өкілдері адам атаулыға өмір сүру өнерін ұқтырумен келеді. Ал осы бір өмірлік ілімнің қазақ топырағындағы қабырғалы өкілдерінің бірі Жомарт Әбдіхалық болғандығы даусыз.
Ол барлық саналы ғұмырында әлемдік философияның мол мұраларын жалықпай зерделеп, құныға зерттеп, осы іңкәрлік ізденісінің жемісін қазақ жұртшылығының игілігіне жаратуды мақсат тұтты. Оған Жомарт Әбдіхалықтың тікелей бастамасымен жарыққа шыққан «Ой-қазына антологиясының» алғашқы томы дәлел. Ұлы ойшылдардың қатпар-қатпар асыл қазыналарының құлпын ашып, адамзат ақыл-ойының кәусарларынан қазақ оқырмандарын сусындатуды ол үнемі армандайтын. Ақыры осы арманының жемісі ретінде әлем философиясының үздік өкілдерінің шығармалары жинақталған жүз томдық антология құрастырудың жобасын жасады. Оның алғашқы томын құрастырып, баспаға әзірлеп, редакторлық жасап, жарыққа шығарды. Осы кітап жарыққа шыққанда қоғам қайраткері, ақын марқұм Кәкімбек Салықов «Ой-қазына антологиясы» теңдесі жоқ ұлы еңбек, бұл мәдени-рухани өміріміздегі маңызды құбылыс, әлемдік философияны қазақ қауымына жеткізу жолындағы алғашқы тума, тұңғыш қарлығаш», – деп ой түйіндеген еді.
Жалпы, жиырма жеті жыл бір ұжымда еңбек етіп, бірге жүргенде менің түйсігіме темірдей орныққан бір пайым, Жөкең – Жомарт Әбдіхалық қырық жылдан асқан қаламгерлік еңбек жолында адамның өмірге деген көзқарасының байсалды, болашаққа деген сенімінің шымыр болуын жалықпай жазып, жанында жүргендерге ерінбей үйретіп кетті. Жарық дүниедегі соңғы сәтіне дейін пенделіктен биік осынау асыл қасиетіне адалдығынан айнымады.
«...Енді Кімге? Неге? Сенетініңді тиянақта. Ештеңеге сенбеу – ол адамгершілік емес. Өзіңді бірдеңеге зорлап, күштеп сендіруге және болмайды. Тек сенуге лайық тиянақ тапқанда ғана Сенім жаныңа ұялап, жігеріңді жани бастайды. Содан соң барып уайым-қайғы кеми бермек, қажыр-қайрат үдей бермек...
Міне, Тағдыр, міне, Жол!» деп ой түйетін Жомарт Әбдіхалық.
Енді бірде: «Ойлау – акт, құрал, әдіс, ал «ақиқат» дегеніміз – сол арқылы жеткен нәтиже. Оның өзі әр адам үшін алуан түрлі сипатта болатынын аңдаймыз...» десе, тағы бірде: «Мәжбүрлікке көніп, не оны «жеңген» тәрізді болып қана өзіңді «Бақытты» сезінесің. Бәрібір Тіршілік талабына тәуелдісің. Басқаша ойлаудың бәрі – иллюзия», деп шындықты шынайы түрде ашып береді.
Жомарт Әбдіхалық саналы ғұмырында табанды ізденіспен жинаған энциклопедиялық білімін бойындағы табиғи парасаттылық пайымымен ұштастырып, қоғам болмысына сындарлы сын айтатын сұңғыла ойшылдық биікке көтерілді. Ұзақ жылдар өрісінде сұхбаттас болған сансыз сәттердегі айтылған ойлар, риясыз көңілден шыққан ағалық ақыл-парасат оның ойлау жүйесінің планеталық деңгейге дейін көтерілгеніне тәнті ететін. Басқа-басқа, Жомартпен жарты сағат ашық дидарласқан жан оның адамзат, ұлт, ел болашағын ойлап ширыққан жан күйзелісін сезініп, түйсік тұңғиығының тылсымын түсінгендей болар еді: «...жан жүрегімізді күйзелтіп бара жатқан адамгершілік эрозиясына қарсы бүкілқоғамдық, бүкіладамзаттық үніміз әзірге өте саябыр. Жағдайдың асқынғаны сондай, жанкешті лаңкестік, атып-асу... үйреншікті болып барады. Бұл – нағыз апаттың басы, құлдыраудың айғағы», деп ышқынады Жомарт жанайқайы. «Адамгершілік эрозиясынан» елін қорғап, ұлтын сақтандыру жолын жанкештілікпен іздейді. Әттең?!. Селт еткен сезім аз, сананы сыздатып, әрекетке бастар түйсік керең.
Қазақ топырағында, Алматы ауқымында айқындалған философиялық орта Жомарт Әбдіхалықтың тұғырлы тұжырымдарына тосырқай қарады. Толғамы тосын, түйіні тұңғиық философиялық трактаттарын елеусіздеу қабылдап, шынайы назардан тыс қалдырды. Ғылыми атағы жоқ, философиялық еңбектері кеңінен танылмаған деген желеумен шектеді. Ақиқатында атағынан ат үркетін академиктердің түсінуі қиын, тұжырымы тоқсан том-том кітаптарына, кемел ойдың жауһарларын түзген Жомарт Әбдіхалықтың «101 толғам, 1001 түйін» атты жалғыз-ақ еңбегі пара-пар келді. Ендеше, талғамы күмәнді том-том кітап шығарып, танылмаған Жомарт кінәлі емес, қазақ философиясының көкжиегіне түйдек-түйдек ойларын қалдырған тұлғаны танымаған, тани алмаған қоғам кінәлі.
Бұл туралы қазақтың ғұлама ғалымы, қабырғалы қайраткері марқұм Ақселеу Сейдімбек былай дейді: «Жомарт Әбдіхалықтың ең бір құныға ден қойып, құмарта көңіл бөліп, барша саналы ғұмырын арнап келе жатқан саласы – философия. Мұны жай ғана «даналыққа іңкәрлік» («philo-sophos») деуге болмас, ол үшін философия – өмір-тіршіліктің барлық түйінін түсінуге мүмкіндік беретін құдірет. Жомарт Әбдіхалық – осындай санаттағы кәнігі философ. Бұл жерде мәселе, том-том трактаттар жазып, әлдебір проблеманың түйінін шешкенсіп, одан атақ-лауазымға қол жеткізуде емес. Гәп – өмір туралы тегеурінді таным қалыптастырып, ақиқат шындықтың жолына қол тигізуде болса керек».
Қалай болғанда да, Жомарт Әбдіхалықтың танымдық өресі терең, философиялық трактаттары тас-түйін, аз да болса жазып қалдырған еңбектерінің ғылымдық маңызы өлшеусіз. Оның дүние тануы тұрғысынан айтқан ойларын, мазмұны терең философиялық тұжырымдарын ұрпақ игілігіне айналдырып, жоғары оқу орындарында дәріс берілсе. Жомарт Әбдіхалықтың қалдырған мұрасы қазақ философиялық ғылымы үшін таптырмас құнды қазына екені анық. Осы қазынаны болашақ игілігіне жарату – бүгінгі философия ғылымының басы -қасында жүрген азаматтардың парызы.
Өмірінің соңғы жиырма жылдан астам уақыт бедерінде Жомарт Әбдіхалық Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің басшылық қызметінде болды. Газет тағдыры да адам тағдыры сияқты небір аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешіреді екен. Жомарт Әбдіхалық бас редактор болып тұрған сонау тоқсаныншы жылдары «Арқа ажары» газетінің талайына күрделі сын, үлкен ауыртпашылықтар тап келді. Міне, осы кезеңде бас редактор басылымның идеялық, танымдық мазмұнын тереңдету, тақырып аясын тәуелсіз ел мүддесімен қабыстыру, көркемдік безендірілу сипатын оқырман талғамына сай ету мақсатына күш салып, газеттің өз беделін өзі көтеруі арқылы таралымын арттыруға қол жеткізді. Қаржы тапшылығы жағдайында «Арқа ажарын» бүкіл облыстық газеттердің ішінде пішінін де, сипатын да өзгертпеген бірден-бір қос бояумен шығатын басылым ретінде сақтап қалды. Сол бір кезеңдегі Ахаң – Ақселеу Сейдімбектің бағасына жүгінетін болсақ, «Арқа ажары» газеті көпшілік қолды бұқаралық сипатымен, байсалды да орнықты мазмұнымен ел өмірінің айнасына айналған республикадағы көрнекті басылымдардың бірі екенін атап өткен ләзім. Халық бұл газетке сенеді, бұл газетті өздеріне тірек тұтады».
Турашыл ғалым ақиқатты тап басқан. Қазақ мектептерінің қатарын көбейту, қазақ тілінің мәртебесін өсіру, неміс автономиясы деген сұрқия идеяға тосқауыл қою, Арқада ақындар айтысын жандандыру, Ақмола атауының қайтарылуы сияқты елдік бастамаларға ұйытқы болып, ұлттық ұстанымдағы істерді жүзеге асыру «Арқа ажары» газетінің орныққан дәстүрі еді. Целиноград қалалық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп, алғаш қалалық қазақ басылымы – «Астана ақшамы» («Ақмола ақшамы») газетінің негізін қалаған Жомарт Әбдіхалық болғанына да куәміз.
Табиғи парасаттылығына ұшан-теңіз білімінің кеңдігі қосылған Жомарт Әбдіхалық өз ортасының рухани ырысы, ой бөлісер қазынасы еді. Арқа өңірінде оның салиқалы пікірі мен азаматтық ақылына жүгінбеген адам кемде-кем. Осы ретте айта кетер бір мәселе, кейбіреулер жел беріп жүрген «астана көшірілер қарсаңда, одан бұрынырақта да Ақмолаға (Целиноград) келген ақын-жазушылар мен ғалымдар атбасын тірейтін қазақи зиялы орта таба алмай қайтады мыс», деген желеудің шындықпен қабыспайтындығы. Қай кезеңде де Ақмолаға жолы түскен зиялы қауым өкілдері өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Арқа ажарына» бас сұғып, Жомарт Әбдіхалықпен жүздеспей кеткен емес. Оның ағалық ақыл-кеңесі мен кәсіби шеберлігінің шапағатын көрген журналист әріптестері де жетерлік...
Міне, сәуір айының алғашқы жұлдызы да табалдырық аттады. «Самарқанның көк тасын еріткен» ару көктем қытымыр қыстың соңғы тоңын жібітіп, тіршілік атаулыны тағы да түрлендіре түспек. Сәуірдің бірінші жұлдызында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, белгілі публицист, көрнекті философ Жомарт Әбдіхалық жетпісінші көктемін қарсы алар еді. Жазмышқа не дауа?!
2004 жылғы қаралы 28 қазан күнгі таңертеңгі сағат 9.00-де «Арқа ажарына» жай түскендей болады. «Жомарт Әбдіхалық жол апатына ұшырады» деген суық хабар жетіп, найзағай оты жүрегімізді шарпып өтті. Ғасырға жуық Арқаның шежіресін жасаған қарашаңырақ қайғыдан қайысып кетті. Сәкен салған сара соқпақтың ізгілігін лайықты жалғастырып келе жатқан Жомарт жолы кілт мүдірді, күрт үзілді...
«Көзден кетсе, көңілден де кетеді», – дейді көпшілік. Күмәнім көп?! Жомарт Сафиұлының өмірден озғанына да он жыл болды. Біраз су ақты, біршама өзгерістер өтті. Бірақ Жөкеңнің – Жомарт Әбдіхалықтың жайсаң да маңғаз бейнесі көзден көмескіленіп, көңілден кетер емес. Қайта зерделі ой зергерінің тұлғалы қасиеттері зорайып, «Ой-қазына антологиясы», «Шарболат сенім», «101 толғам, 1001 түйін» атты еңбектеріндегі қазыналы қырлары айшықталып, парасатты болмыстың жаңа бір ғұмыры ашылғандай...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».