• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Наурыз, 2022

Әкімдердің әлеуметпен байланысы әлсіз

293 рет
көрсетілді

Билік пен бұқараның бір-бірімен етене, жақын болуы көптеген мәселенің оң шешілуіне ықпал ететіні анық. Көпшіліктің кө­ке­йін­де сан түрлі сауал бар.

Елі­міздегі тұрғындардың басым бө­лігі негізінен аудандар мен ауыл­дар­да тұрып жатқандықтан, жер­­гілікті халық мәселесін әкім­дер­ге айтады. Әлі күнге дейін ше­шімін таппаған күрделі мәсе­лелер кезегін күтіп тұр. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рым­да­масы да түрлі деңгей­де­гі әкім­дер­дің әлеуметпен бай­ланысын нығайтуға бағытталған.

Бұл ретте Президент барлық бас­шының халықпен байланысын арттыруды міндеттеп отыр. Жыл сайын әкімдер халық алдында есеп береді. Сұрақ қойылса, жауап та дайын. Кей­бір күрделі мәселелерді шешуге байланысты көпшілікке уәде де беріп жатады. Енді түрлі деңгейдегі әкім­дер өздеріне бағынысты аумақты ара­лап, жұртшылықпен жүздеседі. Әрине, мұның бәрі дұрыс. Дегенмен ха­лық­пен кері байланыс мұнымен ғана шек­теліп қалмаса керек.

Қазіргі кезде қоғамда әлеуметтік желілердің белсенділігі артуда. Бұл да болса ой айтудың, мәселе көтерудің заманауи алаңы деуге болады. Бір ай бұрын әкімнің қабылдауына жазылып қойып, кезегін күтіп жүретін кейбір азаматтарда уақыт та болмауы мүмкін. Елдің бәрін бірдей қабылдай беретін әкімдерде де мүмкіндік жоқ. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, еліміздегі барлық лауазымды тұлға дерлік әлеуметтік желілерде тіркелген. Президент пәрменімен әлеуметтік желі арқылы талай мәселенің шешілгенінен көпшілік хабардар. Жамбыл облысында да жергілікті билік өкілдерінің тұрғындармен кері байланысына тиісті көңіл бөлінуде. Дегенмен өңірдегі бірқатар аудан әкімдері әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалана алмай отыр. Аймақта тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, мәселені зерделеп, тиісті шешім шығарып жатқан әкім аз. Сонымен қатар облыстағы көп шенділер әлеуметтік желі арқылы атқарған жұмыстарын көрсетіп, елге бір уақ есеп беруді де қойған. Мәселен, Меркі ауданының әкімі Руслан Нұрсипатов жыл басынан бері Facebook әлеуметтік желісіне бірде-бір жазба жарияламаған. Қайта әлеуметтік желілерде әкімнің халықтың алдында қызметінен өз еркімен кетемін деп алып, кетпей қалғаны туралы әңгіме қызу талқыланды. Сондай-ақ жуырда Меркі ауданының Ақермен ауылында тұрғындардың арасында мал және егістік жерлерге байланысты дау туындаған болатын. Осы мәселе турасында да аудан басшысы пікір білдірмеген. Сол сияқты, Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауовтың да Instagram парақшасы жабық, яғни жалпы жұртқа қолжетімсіз болып тұр. Ол Facebook әлеуметтік желісінде де ешқандай жазба жарияламаған. Сондай-ақ Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің де Instagram, Facebook парақшалары жыл басынан бері мүлде жүргізілмеген. Бұл әкімдер жыл басынан бері жергілікті халыққа ауданның тыныс-тіршілігі, өздерінің жұмысы, жалпы ауданның даму барысы туралы ешқандай да ақпарат бермеген. Т.Рысқұлов ауданында да өзекті мәселе бойынша кері байланыс орнатылып, нақты жауаптар ұйымдастырылмаған. Мәселен, биыл түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізіл­мегендіктен, Қорағаты ауылында жер мәселесіне байланысты дау туындаған.

Керісінше, жамбылдық жұртшылық әлеуметтік желілер арқылы Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков, Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев сияқты басшылардың күнделікті жұмысын көріп отыр. Сол себепті де бүгінде әлеуметтік желі дегеніңіз жұмыс істеудің оңтайлы жолы болып келеді. Дегенмен мұны әркім әртүрлі мақсатта пайдаланады. Жуырда ғана Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев туралы бір түсірілім әлеуметтік желі­лер­ге тарап кетіп, қоғамдағы біраз пікі­р­таласқа себеп болған еді. Ал не­гі­зі­нен көпшілік тұрғын әлеуметтік же­лі­­лерді пайдаланатын болғандықтан түрлі мәселені тиісті басшыларға осы арқылы жеткізіп жатады. Жұрттың жанай­қайына әкімдер құлақ түріп жатыр ма дегенге келсек, оның нәтижесі әлгін­дей болып тұр.

Жалпы, облыстағы аудан әкімдік­те­рінде баспасөз хатшысының штаты қарастырылмаған. Сондықтан да барлық ауданда дерлік бұл міндет аудан әкімдігіне қарасты ішкі саясат бөлімінің бір маманына жүктелген. Шынын айтсақ, әкімнің парақшасын жүргізу де сол адамның мойнында. Бірақ әрі қарай мұны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Мұндай мәселе облыс әкімдігінің басқармаларында да бар. Көптеген басқармада баспасөз хатшысының штаты қарастырылмаған. Кез келген мекеменің баспасөз қызметі болмаған жерде оның жұмысы кө­рін­бейді. Ал өздері де мардымсыз жалақы алып жүрген мамандар мұн­дай жұмысты құлшына жүргізуге құ­лық­сыз. Дегенмен бүгінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмысы көзге көрінбей келе жатқан көптеген әкімді сынға алып, нәтижелі жұмыс атқаруға міндеттеп отыр.

«Алдағы уақытта бұл бағыттағы тал­дау ай сайын тұрақты түрде жүр­­гізіліп отырмақ. Кейбір аудан әкім­дерінің парақшасы әлеуметтік желі­лерде тіркелгенімен, жүйелі түр­де жүргізілмейді, кері байланыс жоқ деуге болады. Бұл өз кезегінде аудан­ ­тұрғындарының наразылығын туды­­­ратыны сөзсіз», дейді облыс әкі­­мінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы.

Бүгінде Мемлекет басшысы халық­пен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша назар аударып отыр. Қазір халықтың басым көпшілігі әлеуметтік желілерде отыратындықтан, бұл өте маңызды. Жергілікті жұртшылық тиісті ақпаратты сол жерден алуы керек. Ал көтерілген мәселеге дер кезінде жауап беру де әкімдердің халықпен кері байланысын көрсетеді. Ол үшін бірінші кезекте аудан басшылары баспасөз хатшысының штаты мәселесін шешуі керек-ақ. Қазіргідей ақпарат жылдамдығына баса мән берілетін кезеңде, бұл да өзекті болуы қажет деп білеміз. Әйтпесе, әкім­дердің әлеуметпен жыл сайын есепті кездесуінде кездескені, атқарыл­ған жұмыстарды баяндағаны, тағы да сол сияқты дүниелер олардың толыққанды жұмысын көрсете алмайды.