Соғыста бірінші болып шындық өледі. Тарихта қалған бұл сөз бүгінгінің шындығына айналды. Түркияда өткен келіссөздер тағы бір нәтижесіз кездесудің бірі болып қалды. Бұл дағдарыс ақпарат шайқасы ғана емес, ұстанымдар шайқасы болып тұр.
Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресейдің кейбір аймақтардағы шабуылы бәсеңдей бастағанын хабарлады. Басқыншылардың Киевті басып алудағы әрекеттеріне тойтарыс берілгені хабарланды. Украинаның шығысында қорғаныс күштері Донецк, Слобожанский және Таврия операциялық округінің кейбір аудандарында Ресей шабуылына тосқауыл қоюды жалғастырып жатыр. Хабарламада Харьков және Ахтырка қалаларын қорғап жатқаны айтылды. Украин әскерлері сонымен қатар Кривой Рог, Николаев, Вознесенск қалалары мен Нововоронцовка кенті (Херсон облысы) бағытында Ресей шабуылына тойтарыс берген.
Оңтүстіктегі Мариуполь портында жағдай күрделі. Жергілікті қала басшысының кеңесшісі Петр Андрющенко немістің DW басылымына берген сұхбатында Мариуполь гуманитарлық апат алдында деді. Оның айтуынша, Ресей әскерінің қоршауында қалған Мариуполь қаласында жарық, су, жылу, байланыс және азық-түлік жоқ, ал коммуналдық қызметтер Ресей әскерінің үздіксіз атқылауына байланысты су және электр желілерін жөндей алмай отыр, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды бастау да мүмкін емес. Андрющенко сұхбатында берген деректерді Deutsche Welle тәуелсіз дереккөздерден растай алмайтынын келтіреді. Әлеуметтік желіде перзентхананың жарылыстан астан-кестең болған суреті тарады. Артынша Украина Ресейді Мариупольдегі балалар ауруханасын бомбалады деп айыптады. Мариупольдегі медициналық кешенде балалар ауруханасы мен перзентхана орналасқан екен.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Мариупольдегі балалар ауруханасы мен перзентхананың жарылысын айыптап, соғысқа қатысы жоқ бейбіт тұрғындар ең қымбат құн төлеп жатқанын айтты. Ол Twitter-дегі жазбасында жауыздық пен қантөгісті тоқтатуға үндеді.
Украина президенті В.Зеленский Ресейдің перзентхана мен балалар ауруханасын атқылауын асқан қатыгездікке теңеп, әлем бұл террорлық әрекетті қашанғы елеусіз қалдыратынын айтып, Украина әуесін жабуды талап етті. Осыған дейін Украинаның әуе кеңістігін қорғау туралы тілегін АҚШ орындай алмайтынын айтқан.
Сонымен қатар АҚШ Польшаның МиГ-29 жойғыш ұшағын Германиядағы АҚШ әуе базасы арқылы Украинаға жіберу туралы ұсынысын да қабылдамады. Батыс қазір қалыптасқан жағдайда соғысты ушықтыру емес, аяқтау маңызды деген ұстанымда. Оның орнына АҚШ өкілдер палатасындағы заң шығарушылар Украинаға шұғыл көмек ретінде 13,6 миллиард доллар беру туралы келісті. Алдағы күндері Сенат қабылдауы тиіс бұл қаражат мөлшерінің жартысы Украинаның қорғаныс саласына, ал қалған жартысы босқындарды қолдауға арналған.
БҰҰ-ның соңғы мәліметі бойынша 24 ақпанда шабуыл басталғаннан бері Украинада кем дегенде 1424 бейбіт тұрғын қаза тапты немесе жараланды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей басқыншылығы басталған екі аптада медициналық мекемелерге, медицина қызметкерлеріне және жедел жәрдем көліктеріне жасалған 18 шабуылды, оның ішінде 10 адамның қаза болғанын және 16 тұрғын жарақат алғанын растады.
Ресей Қорғаныс министрлігі аурухананы бомбалау туралы хабарламаларға түсініктеме берген жоқ. Ведомствоның ресми хабарлауынша, Ресей әскери күштері тұрғын үйлер мен азаматтық нысандарды атпайды. Алайда күнделікті тарап жатқан хабарлардан Украина аумағында үйлердің, мектептердің және басқа да әскери емес нысандардың қирап жатқанын көріп отырмыз.
Ресей тарапы керісінше гуманитарлық дәліздер арқылы қауіпті аймақта орналасқан Украина қалаларының бейбіт тұрғындарын эвакуациялау операциясы Киев билігінің кесірінен орындалмай отырғанын мәлімдеді. Сарапшылар Ресей билігінің ресми мәлімдемелеріне сенімнің аздығын ашық айтуда.
Ресей мен Украинаның сыртқы істер министрлері Түркияның Анталия қаласында бейбіт келіссөздер жүргізуге келіскені белгілі болған. Кулеба мен Лавровтың Түркияға барғаны хабарланды. Түркия президенті Режеп Ердоған «министрлер кездесуі атысты тоқтатуға жол ашады» деген үмітін білдірген еді. Алайда Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері арасындағы келіссөздердің бірінші раунды айтарлықтай нәтиже бермеді. Бұл келіссөздерге қызығушылық білдіргендер қатары қалың. Анталиядағы баспасөз залы халықаралық журналистер мен түсірілім топтарына толды. Келіссөз жабық есік жағдайында өтті. Қос тарап кездесу аяқталған соң баспасөз мәслихатын өткізуге уәде берді.
Түркиядағы кездесуден кейін сөйлеген сөзінде Дмитрий Кулеба ресейлік әріптесі Сергей Лавров қойған талаптар қарсылықсыз берілуге тең екенін айтты. Ал Лавров Ресейдің әскери операциясы жоспар бойынша жүріп жатқанын, Батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ жеткізуі қауіпті әрекет екенін мәлімдеді. Сарапшылар мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының бұл кездесуден көп үміт күтуге болмас деген болжамы дәл келді. Украина сыртқы істер министрі Кулебаның айтуынша, тараптар Украинадағы гуманитарлық мәселелерді шешуге күш салуды жалғастыруға келісті. Ол «мәселені талқылап, шешімін табуға мүмкіндік болса», осы форматта тағы кездесуге келісетінін мәлімдеді. Кулеба сыртқы істер министрлері бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауға мандаты бар деп санайтынын жеткізді. «Мен Украинадағы соғыс пен бейбіт тұрғындардың қайғы-қасіретін тоқтату үшін және Украина аумағын Ресейдің басқыншы күштерінен босату мақсатында осы келіссөзді жалғастыруға дайынмын», деді Украина сыртқы істер министрі. Ол сондай-ақ қазір басымдық берілуі керек екі мәселені атады: Мариупольден гуманитарлық дәліз ашу және атысты бір тәулікке тоқтатуға қол жеткізу. Ол Ресейдің сыртқы істер министрі Лавров Кремльдегі шешім қабылдаушылармен байланысады деп үміттенетінін жеткізді. «Ресейдің қалауынсыз соғысты тоқтату мүмкін емес», деді Кулеба.
Ал Лавров баспасөз жиыны кезінде кездесуге «негізінен түрік достарының гуманитарлық мәселелер жөніндегі бастамасын» талқылағанын мәлімдеді. Ол «Ресейдің қауіпсіздік жайлы алаңдаушылығына ешкімнің құлақ аспағанын» айтты. Лавровтың айтуынша, Пентагон Украина аумағын биологиялық қару жасау үшін қолданылатын қоздырғыштарды дамытуға пайдаланған. Ал АҚШ бұл айыптауларды жоққа шағарды. Лавров Ақүйдің жауабына таңғалуға болмайтынын, ЕО мен БҰҰ бұл мәлімдемені растай алмауын арнайы операцияның «аса құпия» жүргізілуімен байланыстырды.
Екі бөлмеде қатар өткен баспасөз жиынында Украина мен Ресей сыртқы істер министрлері өз ұстанымдарын ашық жеткізді. Reuters украиналық Дмитрий Кулеба Ресей әскері елдің газ және ядролық нысандарынан кетуі керек деген талап қойғанын мәлімдеді. Ол Сергей Лавровқа Ресейдің шабуылына дейін Украинада ядролық қауіпсіздікте қатысты мәселе болмағанын айтқан. Ал келесі бөлмеде журналистердің сұрағына жауап берген Лавров перзентханадағы жарылыс туралы хабарлардың шындыққа жанаспайтынын келтірді. Оның айтуынша, Ресей делегациясы үш күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне аурухананы украин радикалдары басып алғанын және аналар мен медбикелер ол жерден шығарылғаны жайлы хабар берген. Лавров Батыс басылымдарындағы репортаждарды «аса эмоцияналды» деп сипаттап, мәселенің екінші жағы қарастырылмайды деп айыптады.
Осылайша, Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері әскери қақтығыстарды тоқтату бойынша нақты шешімге келмеді. Осыған дейін Беларусьте өткен үш келіссөзде айтылған гуманитарлық дәліз арқылы бейбіт тұрғындарды қалалардан шығару туралы келісім де толық орындалмады. Түркиядағы кездесу де осы мәселенің төңірегінде қалып, соғысты тоқтату бойынша батыл қадамдар жасалмағанға ұқсайды.