Жаман тұмау жолды қысқартқалы немере мен жиен біздің үйге үйір болып алған. Көпқабатты үйде тұратындықтан, ата-аналары бойында дерті бар бейсауат біреуден індет жұқтырып ала ма деп, аулаға шығаруға да жасқанады. Ал біз тұратын жер үйдің жөні басқа.
Аула атшаптырым, асыр салып ойнауға мүмкіндік мол. Екі күннің бірінде салып ұрып келіп, мұрындарынан тізіп, әкеліп тастайды. Өздері де келуге құмар. Басында мен «атасы мен әжесін жақсы көреді-ау» деп топшылап, ішім уылжып тұратын. Кейін білдім, үлкен шаңыраққа телефонмен ойнауға келеді екен де. Біз балалардың қас-қабағына қарап, тыйым салмаймыз. Таң атқанша ойнаса да бәрібір. Өз үйлерінен қашатын себептері сол екен. Қарап отырғанша, бірдеңе үйренсін деп ежелгі ұлт дәстүрін саналарына сіңірмекпін. Ең оңайы – байғазы мен көрімдік.
Көрімдік пен байғазыны көп алған баланың бірі менмін. Ауылдағы мектепте оқып жүргенімде ит тартқандай жырым-жырым болып жүретін күнделігіме дене шынықтыру пәнінен «бес» деген бағаны өзім қонжитып аламын да, апама көрсетемін. Егде адам қай пән екенін ескере қоймайды, тарбиып бес тұрса болғаны. Қамзолының терең қалтасына әжім-әжім қолын сүңгітіп жібереді. Іле сарықұлақ теңгелер ере шығады. Тақа ақша болмай қалғанда дәмі тіл үйіретін құрт пен ірімшік дайын. Дәндеп алғаным сондай, күнде «бес» алатын болдым. Кейін ойласам, ежелгі жұрттың ел ертеңін ойлайтын дәстүрі екен ғой. Алып үйренген бала ертең өзі де береген, қолы ашық болмақ. Демек жомарттыққа баулитын жақсы ырым. Негізінде байғазы мен көрімдіктің сәл-пәл айырмашылығы бар. Байғазы арыдағы аталарымыздың түсінігінше, жаңа киімге, әлдебір мүлік алғанда, әйтпесе жаңа қонысқа енгенде беріледі. Ал көрімдік он сегіз мың ғаламдағы жандының сыбағасы. Жаңа түскен келінге, жаңа туған балаға, малдың төліне де берілуі мүмкін. Мұның барлығы жаны жомарт халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан асыл мұрасы.
Күнімен телефон шұқылап отыратын немере де, жиен де аталарының әңгімесін ұққан тәрізді. Бір күні өздері де сұрайды-ау деп өткен айдағы жалақымның жартысын жан қалтама салып қойғанмын. Баланың бетін қайтаруға болмайды. Міндетті түрде сыйлық болуға татитын сыбаға берген дұрыс. Алыс-берістің де әдемі әсері аз емес. Бір-бірін құрметтеп, жақсылығына қуанып, көрімдігін көркейтіп беріп жатқан ағайынның бірлігі де мықты болмақ. Бармақтай дүниені таудай көретін бала көңілі сыйлыққа ие болса, бір көркейіп қалмай ма?!
Арада алты ай өткенімен, немере әлі үнсіз. Ал жиен WhatsApp желісі арқылы байғазы сұрауды үдетті. Құдды баяғы аңқау әжемді алдайтын өзім сияқты. Мен «бес» алғанда сұраушы едім, бұл үш алса да сұрай береді. Амал жоқ жиен назары қатты болғандықтан, қолын қақпаймын. Әжесі «қыздан туғанды қайтесің, ұлдан туғанға берсеңші» деп күңкілдеп қояды. Сұрамаса қалай берейін, әрі байғазы ғана емес, «жиеннің қырық серкешінен» осылай құтылып қалмаймын ба? Іштей ойлап қоямын, қанша айтқанда ұқпаған немереден гөрі бір айтқанды қағып алған жиенге бергенің дұрыс-ау осы!
Көкшетау