• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 13 Наурыз, 2022

Көрісу – халқымыздың көне дәстүрінің бірі

5387 рет
көрсетілді

Еліміздің батыс аймағында 14 наурызда Көрісу басталады. Қазақ халқымен бірге жасап, ұмытылмай жеткен дәстүрлердің қатарында Көрісу де бар. Көрісу ұғымы нені білдіреді? Газет тілшісінің осы және өзге де сауалдарына атыраулық өлкетанушы Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ жауап берді.

 – Өтепберген Әлімгерей­ұлы, 14 наурызда Көрісу басталады. Бұл күннің мәні неде деп ойлайсыз?

– Халқымызда Наурыз мере­кесі ежелден бері атап өтіледі. Бірақ Алтай мен Атыраудың, Ар­қа мен Алатаудың арасы айшы­лық алыс жол болса да, Наурызды атап өту ерекшелігінде көп өзге­шелік жоқ. Бәрі де – алты ай қыс­тан аман шыққан елдің арқа-жар­қа жай-күйін дәріптеуі, көкке мойын созып, аққа аузы тиген жанның бірлігі мен тірлігіне шүкірлік етуі, көбесі сөгілген қар ерігеннен кейін ат-түйеге тақым артып, ауыл-ауылдағы ағайын-туысқа сәлем беруі, соғым соңын қазанға сап, наурызкөжеден ауыз тиюі. Дегенмен, ұлы Абай­дың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрі­сіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойны босап, Сы­бырласып, сырласып, мауқын ба­сып» дегені Көрісудің мәнін аша түсетіндей.

Әр кәсіпке күн арнап, жеке-­дара шараға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маң­дайына жазған екі-үш мейрамы болған. Соның ең үлкені де, ұлысы да – Наурыз тойы. Оның ерекшелігі, бұл – күллі қа­зақ­қа ғана емес, барлық мұ­сыл­ман баласына ортақ мере­ке. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Алайда хал­қы­мыздың көне заманнан ауыз­ша тараған күнпарағында жаңа жылды наурыздың 14-нен бас­тайды. Оған дәлелді тым әрі­ге бармай-ақ Шығыстың жеті жұл­дызының бірі Омар Һаямның «Наурыз-нәмесінен», басқа да көне әдебиеттерден көруге болады. Оның мәнісі – қашанда әр айдың 14-де Ай толысады. Соған сай халқымыз бұл күнді айдың (жұлдыздың) бір жаңасы дейтіні белгілі. Өйткені жұлдыз – қазақ ұғымында айдың синонимі. Қа­зақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің «Кім сендерді са­ғынар шетке кетсең, Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең, Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз са­йын, Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін» деген шумағындағы «жұл­­дыз сайын хат жазып тұр» де­гені күнбе-күн деген ұғымды бер­мейді. Бұл ай сайын дегені ғой.

Қазақтың қисса-дастандарын­да сұлу қызды «он төртінде тол­ған айдай» деп жырлайды. Бұл – қыздың әбден бойжетіп, ке­­меліне келгені. Мұның бәрі – күллі қазаққа тән ортақ ерек­ше­лік. Бірақ Наурыздың барша қазаққа ортақ емес бір тұсы бар. Бұл – көбіне-көп кең-байтақ Қазақстанның батыс өңіріне ға­на тән 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жегжат, барлық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісуі. Бір қарағанда, бұл – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүр. Бұл жаңа жылмен басталып, келесі жаңа жылға дейін мән-мағынасын жоймайды.

Наурыздың 14-де кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп амандасады. Қол ұсыну кезегі – жасы кішінікі. Үлкендер ылғи да жастардың көрі­суін дәметіп, күтіп отыра­ды. Бұл – кейінгілердің аға ұр­пақты сыйлауы, құрметтеуі. Яғни бірінші жақ «Қолымда ешнәрсе жоқ, ақ адал доспын, сізге Алланың нұры жаусын» десе, үлкені «Міне, менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жаусын, аман бол» дегенді білдіреді. Көрісудің астарында жақсылық-жамандық адамның қолымен жасалады, қол таза болса, ниет түзу, пейіл ақ деген ұғым жатыр. Көрісу наурыздың бірінші күні басталады. Ал Кеңес өкіметі кезінен бері халық Юлиан күнтізбесімен наурыздың 14-нен бастап көріседі. Ал 22 наурызды үлкен мерекеге айналдырады.

– Көрісудің ерекшелігіне тоқталсаңыз?

– Көрісуде ер адамдар мен әйел адамдардың арасында шектеу болмайды. Тек қайыната мен қайынаға келіндеріне қол беріп көріспейді. Келіндері де солай. Жалпы, жасы кіші ер адам әке-шешеден бастап, барлық ағайын-туысымен көрісе береді. Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып әрі қарай жал­ғасады. Алыстағы ағайынға арнайы барып көріседі.

– Өзіңіз айтып отырған Көрісудің міндетті талаптары бар ма?

– Жастар үлкендерге сәлем беріп, екі қолын ұсынып көрісу шартын жасаса, жасы ұлғайған аналар бір-бірінің алақанына алақанын тосып, құлашын жазған күйі әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіріп, құшағын жазған күйі төске төс түйістіреді, қайтадан алақандарын қосып көріседі. Жалпы, ер адамдар қос қолын ұсынып, көрісе береді. Көрісу кезінде ертеде кем дегенде бес үйге бас сұғып, сәлемдесу міндеті болған. Көрісу күнінде ешкім ешкімді шақырмайды. Бірақ жастардың үлкенге сәлем беріп, көрісуі – парыз.

– Көрісу қанша күнге созылады? Мұның шекті мерзімі бар ма?

– Әдетте жыл аяғына дейін жалғасқанымен, Көрісу – бір ай шамасында өтетін игілікті шара. Оның бұзылмас заңы – ер адамның жасының үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көрісуі. Жөн білетін бәйбішелер келінінің әке-шешесі алдында қызарып, ұялып қалмауы үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, құда-құдағиындай сыйлы қонағына сақтайды.

Сондай-ақ Наурыз мерекесі кезінде үйдегі барлық киім-кешек пен өлі мүліктер де сан­­дықтар мен бумалардан шы­ғарылып, адалбақанға ілі­неді. Бұл, біріншіден, Наурыз мерекесі кезінде барлық жанды-жансыз жылды көруі керек деген қағидадан туындаған. Екіншіден, малдан басқа мақта­нары жоқ көшпенділердің табиғи мақтанышы – үй көрсетуі. Бұрынырақта байлар асыл мата, қымбат аң терілерін киіз үйдің сыртына ілдірген. Сонда қыр басынан қарағанда, түрлі түсті дүниеден тұратын керемет көрме секілді әсер қалдырған. Сонымен бірге Айт пен тойдан басқа күндері қарапайым киіммен-ақ ауыл-ауылды аралай беретін қазекең Наурызға бір қабат болса да жаңа киім ауыстырып киюге тырысқан. Яғни күллі дүние жаңарып-жасарып жатқанда табиғаттың төл перзенті саналатын адам да одан шет қалғысы келмеген. Осылайша, ескі жыл­дағы қайғы-қасірет пен өкпе-реніш сол ескі киіммен келмеске кетсін дегенді меңзеген.

– Енді Көрісудің басты ұғы­мы туралы айтып берсеңіз?

– Көрісудің басты ұғымы – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіру. Енді қиындық жоқ, адамның аузы аққа (уызға), малдың аузы көкке тиді деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.

Міне, бұл – бізге ата-бабадан келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Ендеше, Көрісу күні бақ-берекеге бастап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, жылдан-жылға аман-есен жетейік.

– Әңгімеңізге рахмет.