Биыл ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, есімі Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Каролина штатының дүниежүзілік өмірбаяндық институтының кітабына еніп, «Әлемнің көрнекті әйелдері» атағына ие болған өнертану ғылымдарының докторы, профессор Сара Әділгерейқызы Күзембайдың 85 жылдығы аталып өтеді.
Сара Әділгерейқызы Күзембай жарты ғасырдан астам М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөліміне қызметке орналасып, осы бөлімнің негізін қалаған ҰҒА академигі А.Жұбанов пен ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Б.Ерзаковичтердің көзін көріп, тәлімін алды. Музыкатану ғылымының ақсақалдары бастаған сара жолды абыроймен жалғастырып, 1987-1993 және 2000-2012 жылдар аралығында аталған бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 2013 жылдан өмірінің соңына дейін «Музыкатану» бөлімінің бас ғылыми қызметкері ретінде жобаларға жетекшілік етіп, жас ғалымдарға бағыт-бағдар көрсетті.
Сара Күзембайдың 85 жылдығына арналған іс-шаралардың легін Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өткен «Әсемдікті әспеттеу – мәңгілік рухани құндылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен бастады.
Конференция аясында ұйымдастырылған пленарлық және секциялық мәжілістерде «С.Күзембайдың шығармашылық келбеті», «С.Ә.Күзембайдың ғылыми еңбектері және заманауи музыкатану мәселелері», «Ұлттық мәдениеттегі тарихи уақиғалар мен тұлғалар», «Филология және өнертанудағы инновациялық зерттеулер», «Бейматериалдық рухани құндылықтардың зерттелуі, сақталуы және насихатталуы» сынды мәселелер талқыланды.
Жиында алдын ала баспадан шығарылған «Әсемдікті әспеттеу – мәңгілік рухани құндылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының тұсауы кесіліп, көпшіліктің назарына ұсынылды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов: «Ұлттық опера өнерінің қалыптасуы мен дамуын, композиторлық шығармашылықтың көркемдік-стильдік бағыттарын, дәстүрлі және қазіргі заман музыкасының әртүрлі аспектілерін, Шығыс және Батыс Еуропа мәдениетіндегі фольклорлық жаңашылдық белгілердің тоғысуы сияқты күрделі мәселелермен қатар, сахна өнері шеберлерінің портреттерін жаңғыртып, творчествосын терең зерттеген Сара Әділгерейқызы 500-ден астам ғылыми және музыкалық сыни еңбектерді жарыққа шығарды. Қазақтың өнертану саласында ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі дәрежесіне жеткен бірегей тұлға Күзембай Сара Әділгерейқызының ұстаздық, жетекшілік, ғалымдық болмысы жастарға өнеге», деді.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова: «М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 50 жыл қызмет еткен Сара Әділгерейқызы тек кәсіби мамандар даярлаумен шектелмей, өзінің маңайына әділдік пен аналық мейірімін жайған әріптес болды. Академик А.Жұбанов пен Б.Г.Ерзакович басқарған музыка өнері бөлімін басқарған С.Күзембаева өзінің ел мойындаған кәсібилігін ғана дәлелдеп қоймай, сауатты шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Сара Әділгерейқызы – әкесінің атына сай ғылым мен өмірде әділдік пен кәсібиліктің, ізгілік пен аналық мейірімді басты құндылықтар еткен ғалым болған», деп еске алды.
Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда: «Мерейтой иесінің көпсалалы қырының бірі – педагогика саласындағы үздіксіз еңбегі. Ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында дәріс оқыған ұстаздың шәкірттерінің алды бүгінгі таңда елге танымал Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткерлері. Кезінде орта және жоғары музыкалық мектептердің барлығы дерлік Сара Әділгерейқызымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеді. Ғылыммен айналысып жүрген магистранттар мен докторанттар шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазының ақыл-кеңесіне жиі жүгінді. Жыл сайын жоғары оқу орындарының Мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы, диссертациялық кеңестің төрайымы және мүшесі ретінде жалықпай, шаршамай қызмет етіп, өнертанушыларды даярлауға өз үлесін қосты» деп ой қозғады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Ананьева ұлттың рухани қазынасын жаңғырту мәселесінің аясында С.А.Күзембайдың көптеген монографиялары мен оқулықтарында қазақ халқының және еліміздегі этностардың музыкалық мұрасын зерттеу идеяларын тарқатып, белгілі ғалымның ұлы даланың музыкалық мұрасын, қазақ операларын, қазіргі музыка өнері туралы еңбектерін рухани мәдениет тарихының жаңа беттерін ашатындығын баса айтты.
Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Ақлима Омарова Сара Күзембайдың алғашқы еңбектерінің бірі, 1982 жылы жарық көрген «Воспеть прекрасное» атты еңбегінің құндылығын баяндай келе, тарихи ақпараттардың дереккөзіне айналған, оның ішінде көптеген мәтіндер мен бейнесуреттер көрініс тапқан басылым ретінде ғана емес, сонымен қатар бірнеше онжылдықтар өтсе де, әртүрлі зерттеу тараптарының үйлесімділігін, автордың «көзқарасының» өзіндік сипатын және оның шығармашылық даму болашағын растайтын еңбек ретіндегі маңызын кеңінен әңгімеледі. Ал Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова С.Күзембайдың М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қабырғасында жүзеге асырған ғылыми-жетекшілік қызметін айқындап, бұл мәселенің аясын кеңейтіп, ғалымның басқа да ғылыми-жетекшілік бағыттарын, яғни музыкатану саласындағы ұстаздық ғылыми-жетекшілік қызметі мен жалпы өнертану қоғамындағы ғылыми-жетекшілік қызметін зерттеу керегін айтты. Саналы ғұмырында түрлі салалар мен алуан түрлі азаматтық парызды бір арнаға тоғыстыра білген Сара Күзембайдың қазақтың рухани мәдениетіне қосқан үлесі бүкіл қазақ жастарына үлгі-өнеге, деп тұжырымдады.
Сара Күзембайдың 85 жылдығының құрметіне орай ұйымдастырылған осынау айтулы шара болашақта музыкатану ғылымын жаңаша қырынан ашып, зерттеудің бағыт-бағдарларын одан әрі дамыта түсетіні анық.
АЛМАТЫ