Ұлттық палата фермерлер арасында шұғыл сауалдама жүргізді. Оған 350-ге жуық шаруа қатысты. Олар доллар бағамының өзгеруі мен тасымалдың қиындауынан тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер мен тұқымдардың бағасы қымбаттағанына шағымданды.
Бұдан бөлек күзде тұқымын, құрал-сайманын, жанар-жағармайын алып қойған шаруалардың да кассалық шығындары бар. Шамамен фермерлердің 55%-ы егін жұмыстарын бастауға дайын. Бұл – төмен көрсеткіш. Жартысынан көбінде дизель отыны бар, 80 пайызы тұқыммен қамтылған. Бар болғаны 38 %-ы пестицидпен қамтылған, 42%-дан астамының тыңайтқышы дайын. Дегенмен мемлекет қосымша қолдау шараларын шұғыл қабылдамаса, шаруалар көктемгі науқанда егін еге алмай қалады.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов ауыл шаруашылығындағы мәселелерді: санкция салдарымен жедел күрес, жүйелі мәселелер және қолдау шаралары деп топтастырды.
«Шаруалардың қазір тап болған мәселелері шұғыл шешілсе, көктемгі егін егу науқаны ойдағыдай болады», деді палата басшысы аймақтағы фермерлермен онлайн кездесуде.
«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, көктемгі егін науқанында әр гектар жерге 100 доллар деп есептелсе, бұл бағыттағы қаржы бөлу көлемі 1 трлн теңгеге жуықтайды. Бірақ бәрібір қаржы тапшы болмақ.
Қостанай облысынан «Әлем агро» компаниясының өкілі Амангелді Әбдіқадыров тұқым жеткізетін ірі компаниялардың бірі ретінде маңызды тауарларды бес топқа бөліп, мәселелерге тоқталды. Тұқым мен өсімдіктерді қорғау құралдарының 50 пайызға жуығы елге жетпеген. Көптеген көлік жолда қалып қойды немесе шекарада ұзақ тұрып қалған.
«Екіншіден, шетелден келетін тауар доллар курсымен келеді. Ауыл шаруашылығы тауарлары қымбаттайды. Бұл ретте валюталық тәуекелдерге субсидия бөлу керек деп санаймыз. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретіндерді көктемгі егін науқанында қаржыландыру қажет. Өйткені банктер пайыздық мөлшерін көтерді. Біздің сала үшін көтермеуін сұраймыз. Ауыл шаруашылығы өніміне экспорттық бажды тоқтату немесе қайта қарауды ұсынамыз. Бесінші мәселе тұқымдар мен пестицидтерді субсидиялауды бұрынғыдай қалдыру, кем дегенде 50 пайыз көлемінде қалғанын сұраймыз», деді Амангелді Әбдіқадыров.
Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Райымбек Баталов шаруалардың барлық мәселесін жедел штаб отырысында Үкімет мүшелерімен талқылайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Ұлттық палата Үкіметпен келісімге келіп, АШМ әзірлеген субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді кейінге қалдырғанын, ал шаруаларды қолдау деңгейі биыл өткен жылдың деңгейінде қалатынын айтты.
Айта кетелік, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалар үшін былтырғы деректердің негізінде субсидиялау механизмін әзірлеген болатын. Алайда аталған тетік қазіргі күрделі кезеңнің талаптарына жауап бере алмайды.
Керек дерек
Егер Сіздің бизнесіңіз зардап шеккен болса, тәулік бойы жұмыс істейтін +7 778-870-1432 WhatsApp нөміріне жолдаңыз. Сондай-ақ Ұлттық палатаның байланыс орталығына қоңырау шалуға болады:
8778 189 7134,
8778 108 7589,
8775 126 1839,
8778 410 1784
8778 410 1736
8778 193 3478
8775 860 5879
8778 410 1762
8778 410 1758
8778 193 3487
8778 410 1844