Қазақстан – халықтар достығының мекені. Бұл – құр сөз, бос пафос не жай әншейін мақтау емес. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті тіршілік кешіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сақталып, оның өсіп-өркендеуіне жағдай жасалып отыр. Мұның бәрі ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көреген көшбасшылығының арқасында іске асқан дүние.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ құрылым еді. Алғашында мұндай институттың құрылғанына күмәнмен қарағандар болды. Дегенмен, уақыт-ағзам Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттар арасындағы татулық пен достықты сақтауда таптырмас құрал екеніне көз жеткізді. Бүгінде әлемнің кейбір мемлекеттері Қазақстанның бастамасымен өмірге келіп, жүзеге асқан осы әдісті өз елдерінде пайдаланып жатыр. Осының өзінен-ақ біздің елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын байқауға болады.
Осы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІ сессиясы өтеді. Расы керек, ұлттар арасындағы емес, қарапайым адамдар ортасында да келісім, ынтымақтастық мәдениеті болуы керек. Бір-бірінің бетінен алып, жағасына жармаспай, бейбіт түрде диалог құрудың өзі үлкен мәдениеттілікті қажет етеді. Қоғамдағы әрбір пікірді тыңдап, жол-жоралғысына төзімділік танытып, ұстанымына толеранттылықпен қарау да адамдықтың бір көрінісі. Шүкір дейік, бұл тұрғыда Қазақстан халқының арасында түсіністік бар. Осы жолымыздан айнымай, салған сүрлеуімізді даңғылға айналдыру басты міндеттеріміздің бірі. Көреген көшбасшымыз, бірлігі жарасқан халқымыз барда алауыздықтың ауылы бізден алыс болатынына сенемін. Сондықтан Қазақстан атты ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпау үшін әрбір ұлттың өкілі аянбай жұмыс істей береді деп ойлаймын.
Галия ГИЗАТУЛЛИНА,
Қызылорда облыстық татар этномәдени
бірлестігінің төрайымы.
ҚЫЗЫЛОРДА.