• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2014

Қазақ қызы қайран қалдырды

316 рет
көрсетілді

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Әйгерім Бекетаеваға Будапешт пен Лондон биігін бағындыру мүмкіндігі туып тұр. Ресейдің халық әртісі Борис Эйфманның бұл таңдауы негізсіз деп айта алмайсыз. Елордалық өнер ордасы жақында Мария театрына гастрольдік сапармен барып қайтқан болатын. Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет театры директорының көзіне қазақтың қағылез қара қызы шоқтай басыла кетті. Әйгерімнің сахнада жаны үзіліп кетіп бара жатқан аққудың бейнесін сомдаудағы керемет шеберлігіне тәнті болған режиссер жас қыздың шығар биігі мұнан да жоғары боларын іштей мойындап қойды. Не нәрсені де өте мұқият тексеріп, зерттеп барып қана ішкі ойымен бөлісетін кәнігі маман астаналық аққудың кәсіби деңгейіне өте жоғары баға берді. Мұның дәлелі – оны өз труппасына қосып, сәуір айының алғашқы күндері Будапештте, ал 15-і мен 19-ы аралығында Лондонда, «Колизей» театрында өтетін гастрольдік сапарға дәл осы жұлдызбен баратынын жария етті. Ресейдің халық әртісінің бұл ұсынысын елордалық өнерпаз қуана құп алды. Еске сала кететін болсақ, Б.Эйфман бұған дейін «Астана Опера» театрында «Роден» балетін сахналаған болатын. Ал нәзік те көркем қыз Камилла Клодельдің бейнесін сомдауымен көрермен сүйіспеншілігіне ие болғаны өз алдына бөлек әсерге бөлейді. Будапешт пен Лондон сапарына қайта оралсақ, жас әртіс еуропалық сахналарда да осы рөлді орындамақ. Бұл әрине, оңай олжа емес. Себебі, аталмыш балеттің хореография­сы әдеттегі классикалық шығармаға қарағанда өте күрделі әрі өзіндік ерекшелігі тағы бар. Мұндағы басты кейіпкер адамның денесі және оның мүмкіндіктері болып табылады. Жетекші солистке сондықтан өте жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр. Біріншіден, бұл «Роден» балетінің Лондондағы тұсаукесері десек, екіншіден, Борис Эйфман өз труппасына басқа теа­трдан бірде-бір әртісті тартқан емес, мұндай таңдаудың қазақ қызына түсуі жай кездейсоқтық деу де жаңсақ пікір. Жас театрдың балет труппасын, оның ішіндегі әсіресе, Әйгерім Бекетаева сияқты жарық жұлдыздарды ресейлік майталман әлдеқашан мойындап қойған десек, міне, осы ой шындықпен жанасатын пікір. Ә.Бекетаева туралы нақтылай кетсек, ол – Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің түлегі. 2012 жылы Варнадағы (Болгария) балет әртістерінің, бір жылдан соң Рудольф Нуриев атындағы балет әртістерінің халықаралық конкурстарының лауреаты және балет әртістері мен хореографтарының XII халықаралық конкурсының (Мәскеу) дипломанты. Балерина өзі үшін жаңа эйфмандық жанрды ашқанын және бүгінгі таңда алдына қойған мақсатқа жету жолында аянбай тер төгіп жүргенін айтады. Осы ретте, өзінің біраз жетістікке қол жеткізе алғанын да жасырмайды. «Мен өз кейіпкерімнің қандай сезім-күйде, эмоциялық жағдайда болғанын дәлме-дәл жеткізу үшін ол жайлы көптеген кітаптар оқып, фильмдер көрдім. Өте көп жұмыс жасалды, маған дейін бұл рөлді ойнағандар сахнадағы сезімді мүлтіксіз жеткізіп, сондағы атмосфераны ұғындыра алу үшін тіпті, жүйке ауруларын емдейтін ауруханаларға дейін бас сұғуға тура келгенін айтты», – дейді ол. Әйгерім арада біраз жылдар өткенде оның Камилласы да адам танымастай болып өзгеріп шығарына имандай сенеді. Балет труппасының көркемдік жетек­шісі Тұрсынбек Нұрқалиев «Астана Опера» театрының солистері өзге елге барып өнер көрсетуге кәсіби жағынан өте жоғары деңгейге жеткенін тілге тиек еткен еді. Бұл байлам елордалық жас театр аты мен заты жағынан әлемдік театрлармен салыстырғанда кем түспейді деген сөзді еш қымсынбай айта жүруімізге итермелей түседі. Жетіқара ҚОҢЫР.