Ұлыбританияда өткен «Ұлы дала алтыны» көрмесі 2021 жылдағы әлемнің үздік бес көрмесінің бірі болып танылды. Халықаралық «Apollo» өнер журналы 2021 жылдың әлемдегі үздік көрмелерді анықтап, рейтингтің көш басына «Ұлы дала алтыны» көрмесін шығарды.
Көш басында бірегей жәдігерлерден жинақталған көрменің көрінуі заңды да еді. Неге десеңіз, Шығыс Қазақстанның киелі өңірлерінен табылған құнды дүниелер өнерді жан-тәнімен түсінетін еуропалықтарды таңдандырмай қоймады. Кембридж университетінің Фицуильям музейіне қойылған археологиялық алтын бұйымдар осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген сақтарға тиесілі. Көрмедегі көне заттар еуропалықтарға ежелгі көшпенділердің ержүрек жауынгер ғана емес, темірді терідей илеген, асыл тастардан зергерлік бұйымдар соққан хас шеберлер болғанын дәлелдеді. Айта кетерлігі, көшпенділер өркениетін әлемге танытқан мұндай танымдық шара Еуропада алғаш рет ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған заттардың ішінде алтын әшекейлер, тері мен киізден жасалған ер-тұрман, пошымы бүлінбей сақталған киім-кешек элементтері қойылған. Бір сөзбен айтқанда, Шығыс Қазақстан қорғандарынан табылған 15 мыңнан астам бірегей жәдігер көрме сөрелерінен орын алды.
Британиядағы «Ұлы даланың алтыны» атты көрменің жабылу рәсімі қаңтардың соңында өтті. Көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Шығыс Қазақстаннан табылған заттардың арқасында әлем ежелгі көшпенділердің мәдениетіне, қолөнеріне, зергерлік ісіне жаңаша көзқараспен қарады. Қазақ халқына деген көзқарастары өзгерді. Тамырымыздың тереңде екеніне көз жеткізді. Иә, шетелдік мамандар таңданысын жасырмады.
– Көрмеден көрініс тапқан жәдігерлердің арқасында әлем тарихын қайта жазудың ерекше мүмкіндігі туып отыр. Біз үшін ең бастысы – жәдігерлердің өзін ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда қолданылған бүкіл археологиялық үдеріс пен сарапшылық білімді жан-жақты көрсету, – деді көрменің ашылу рәсімінде Фицуильям музейінің директоры Люк Сайсон.
Люк Сайсон мырзаның айтуынша, бұл көрме арқылы Ұлыбритания мен бүкіл әлемнің ерекше назары көшпенділер мәдениетіне ауып, онымен жақын танысуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар шетелдік баспасөз «Бұл көрме көшпенділер туралы ойды өзгертіп, жаһан жұртшылығына сақтардың тарихына қатысты мүлде тың деректерді көрсетті» деп жазды.
Экспозицияда бабалар қолынан шыққан шынайы жауһарлар ұсынылды және бұл туындылар ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі бар екенінен хабар береді.
Айтқандай, жәдігерлерді отандық археологтер өңіріміздегі біздің дәуірімізге дейінгі VI-VII ғасырларға тиесілі сақ қорғандарынан тапқан. Бұл кезең ежелгі қазақ тарихында «Алтын ғасыр» деп те аталады.
2016 жылдан бастап облыста археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы жүзеге асуда, нәтижесінде тарихи-мәдени мұраны зерттеуде ауқымды жұмыс атқарылды. Облыстық музей қоры 26 мың бірегей жәдігер- мен толықты, олардың бір бөлігі «Ұлы дала алтыны» экспозициясына қойылған.
Биыл да Шығыс Қазақстанда археологиялық жұмыстар жалғасын табады. Мысалы, Ұлан ауданындағы Ақбауыр кешені, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы, Катонқарағай ауданындағы Аққайнар қорымдары, сақ дәуіріне тиесілі Шу қорымдары зерттеліп, Тарбағатай, Шыңғыстау, Қалба тауларының етегінде де қазба жұмыстары жүргізілмек.
Шығыс Қазақстан облысы