Көркем гимнастикадан ежелгі Эллада елінде ұйымдастырылған «Афродита» кубогы өз мәресіне жетті. Халықаралық турнирде бақ сынаған қазақстандық гимнасшылар жүлделі орындармен көзге түсті.
11-13 наурыз күндері өткен турнирде жасөспірімдер мен ересек спортшылар өнер көрсетті. Жасөспірімдер арасындағы додада отандастарымыздан Эрика Жайлауова таспа жаттығуында қола жүлдегер атанса, Милана Парфилова шығыршық жаттығуында күміске қол жеткізді.
Ал ересектер бәсекесінде 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері Роза Абитова таспа жаттығуында қола медаль иеленді. Сонымен қатар Баян Қойбағар ұршық жаттығуында күміс, Сабина Бақатова шығыршықпен жаттығуда қола медаль олжалады.