Алматы облысының Ақсу ауданында кілең ақылды балалар тұрып жатыр деуге болады. Және мұны әшейін әзіл деп емес, шындыққа жанасатын нақты дәлелі бар сөз деп қабылдаған дұрыс. Өйткені біз екінші рет бұл аудандағы бір мектепте оқитын дарынды жасөспірім туралы жазып отырмыз.
Мысалы, бұған дейін осы аудандағы Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 7 «б» сынып оқушысы Тимур Біріжанов өзі білім алатын оқу орнының сайтын жасап, еркшеленген болатын. Ол былтырғы оқу жылында аудандық «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауына қатысып, оның «Медиа жобалар» бағыты бойынша жүлделі І орын алып, осы байқаудың облыстық турында ІІ орын иегері атанған.Тимур сондай-ақ, «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың облыстық байқауынан «Авиация саласындағы жобалар» аталымы бойынша жүлделі 1-орын иегері атанып, республикалық байқауға жолдама алған-ды.
Енді мектептегі ғана емес, тұтас аудандағы талантты балалардың қатарына Жансүгіров ауылының тағы бір жас тұрғыны Асыл Мұрат қосылды. Алтыншы сыныпта оқитын Асыл бүгінде кітап оқудың тиімді жолын комикс арқылы жеткізіп жүр екен. Яғни ол балаларға арналған ертегіні суретпен өрнектеп, оқушының есінде оңай сақталатындай етіп беруге тырысады.
Асыл аудандағы Ж.Сыдықов атындағы орта мектебінің 6- сыныбында оқиды. Бүлдіршін кезінен қолына қалам алып, көрген мультфильмдерінің суреттерін сала бастаған. Бейнелеуге қызығушылығы соншалық әңгімені оқығаннан гөрі оны сурет арқылы көрсеткенді жақсы көреді екен. Оның алғашқы салған туындысы – «Пони» атты балаларға арналған ертегі болатын. Қазіргі кезде Асыл «Жалқау ара» ертегісінің комиксін салып, балаларға ұсынып отыр.
– Асыл 3-сыныптан бастап білім сайыстарына белсене қатысып жүрген шәкірттеріміздің бірі. Жылда жүлделі орындарды иеленіп, әр сайыста ұстаздарын қуантып жүреді. Бойындағы қабілеті де жыл өткен сайын ұшталып келеді. Ізденімпаздықтың нәтижесінде Асыл көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Атап айтсақ, «Русский медвежонок» халықаралық интеллектуалдық байқауында 1-орын, республикалық «Стихи о войне» байқауында 1-орын, республикалық Пушкин оқуларының 2 -орын иегері және тағы да басқа жарыстардың жүлдегері атанды, деді дарынды оқушының ұстазы, мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Назгүл Сейітқожанова.
Ал Асыл енді Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының комиксін салу үстінде. Ол осы суреттері арқылы «Фабрика слов» халықаралық байқауына жолдама алды.
Алматы облысы