Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы шын мәнінде қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген, елімізді жаңа биіктерге бастайтын бастамаларға толы болды.
Қазіргідей күрделі кезеңде де Президент еліміздің болашағын нақты бағамдап, Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыруға екпін бере отырып, барша қазақстандықтарға сенім сыйлағаны сөзсіз. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуда жергілікті атқарушы органдардың атқарар рөлі зор. Қуатты аймақтар – мемлекет өркендеуінің негізі. Мемлекет басшысы азаматтық белсенділікті жандандыру керектігін, мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажеттігін баса айтты.
Жамбыл облысында бұл бағытқа айрықша ден қойылуда. Жуырда ғана «Қоғамдық қабылдау» тобы құрылып, оған қоғам белсенділері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және тағы басқалар енді. Олар аудан, ауылдардағы жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті әлеуметтік мәселелерді анықтап, тиімді шешілуіне жұмыс істеуде. Топ жұмысының алғашқы нәтижелері көріне бастады. Әсіресе, «Қоғамдық қабылдау» тобы қаңтар оқиғасынан кейін түсіндіру, ақпараттық жұмыстармен жүйелі түрде айналысуда. Бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады. Билік пен бұқараның өзара бірлескен әрекеті – өзекті мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуіне ықпал етеді.
Жолдауда партия жұмысын жаңғырту, көппартиялы жүйені қалыптастыру, партияларға тең жағдайды қамтамасыз ету – саяси бәсекелестіктің артуына жол ашатындығы айтылды. «Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», деген Мемлекет басшысы азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру керектігін де атап өтті. Президентіміз айтқандай, саяси жаңғыру нәтижелі жүзеге асуы үшін баршамыз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Заң – баршаға ортақ. Бұл ретте билік пен қоғамның біріге отырып, Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалануына белсенді түрде атсалысуы маңызды.
«Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Жолдауда жүктелген басымдықтарды жүзеге асыруда ашықтық пен жүйелілікті негізге ала отырып, тиімді әрекет етуге тиіспіз. Халық бізден нақты нәтиже күтеді.
Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік секілді құндылықтарымызды сақтап, экономикамызды нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында жұмыла жұмыс істеу – біздің негізгі міндетіміз!
Бердібек САПАРБАЕВ,
Жамбыл облысының әкімі