• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Наурыз, 2022

Конституциялық соттың құрылуы – уақыт талабы

558 рет
көрсетілді

Республика Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы Мемлекет басшысының өзі айтқандай кең ауқымды, жан-жақты құжат. Онда Жаңа Қазақстанды құру жолындағы нақты жауаптар толық қамтылды.

Жолдауда президенттік басқару нысанын одан әрі жаңғырту, Парла­мент пен жергілікті өкілді органдар­дың рөлін күшейту, сайлау заңна­масын,  партиялық және құқық қорғау жүйе­лерін, әкімшілік-аумақтық құрылымды және басқа­ларды жетілдіру бойынша пәрмен­ді шаралар ұсынылды.

Әсіресе Президенттің Конс­ти­ту­циялық бақылау органына аза­мат­­тардың, сондай-ақ басқа субъек­­тілердің өтініш беруіне жол ашып, Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру бастамасын ерекше атап өткім келеді.

Конституциялық бақылау органдары Ата Заңның талаптарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұл негізінен ресми түсіндірме беру, конституциялық-құқықтық даулар бойынша қорытындылар беру, заңнаманың конституциялылығын тексеру арқылы жасалады. 

1995 жылы Конституция қа­был­данғаннан кейін құрылған Конституциялық Кеңес құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту ісіне лайықты үлес қосты.  Алайда заман ағымы жаңа талаптар қойып отыр. Конституциялық реформалар практикасының соңғы онжылдығы конституциялық құқықтарын қор­ғау мақсатында азаматтардың конс­титуциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту үрдісін байқатады.

Халықаралық құқық қорғау құрылымдары мен көптеген мемлекет азаматтардың тікелей конс­титуциялық шағымын енгізуге басымдық береді. Соңғы уақытта бұл Түркияда (2011), Мажарстанда (2012), Украинада (2016), Литвада (2019), Қырғызстанда (2021), Өзбекстанда (2021), Беларусьте (2022) және басқа елдерде жүзеге асырылды. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, біз бұған дейін осындай ұсыныстар енгізген едік. Енді, міне, олар Мемлекет басшысының қолдауына ие болды.    

Мемлекет басшысының аталған идеяларын іске асыру құқықтық жүйені дамытуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қор­ғау кепілдіктерін және елдегі заңды­лық режімін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға ықпал ететін болады.

 

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы