• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Наурыз, 2022

Бағыты айқын жаңғыру жолы

1034 рет
көрсетілді

Қаралы қаңтардың ызғары әлі басылған жоқ. Бірақ адам үмітпен өмір сүреді. Әлемнің саяси ахуалы да орнықпай тұр. Ресей – Украина қақтығысына орай көрші мемлекетке жасалып жатқан саяси-экономикалық санкциялар Қазақстанға да әсер етпей қоймайды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев демократ, әлемдік саяси трендтердің білгірі ретінде қалыптасқан қиындықтарға қарамастан билікке келген күннен бастап саяси-экономикалық, мәдени-рухани салада реформалар жүргізе бастады. Ішкі және сыртқы қиындықтарға қараған жоқ. Мемлекетіміздің бүкіл болмысын өзгерту-жаңғырту жасап, Жаңа Қазақстан концепциясын ұсынды.

Мемлекет басшысы Қазқстан халқына Жолдауында әлемдік қиыншылықтар кезінде еліміздің қандай бағытта дамитынын ашық айтты. Өйткені шындық пен ашық ақпарат қана қоғамды да, адамды да түзейді. Жол көрсетеді.

Билікке келген күннен бастап Мемле­кет басшысы саяси реформалар жолын таңдады. Аз ғана уақыт ішінде кезең-кезеңмен реформаның төрт пакеті жүзеге асырылды. Осыған орай оннан астам заң қабылданды.  Жаңа Қазақстанның жаңа жаңғыру жолы айқындалды.

Қазақстан Республикасы Парламенті­нің біріккен отырысында еліміздің саяси өміріне жол салатын жаңа бағыттар ұсы­нылды. Ол елімізді тығырықтан шыға­ратын жаңа бағыт бола ала ма? Міне, осындай сұрақтарға Қазақстан халқы жауап алды.

Бұл Жолдау – Қазақстан халқының бүкіл ой-тілегін ашқан, мазмұны жағынан ауқымды, міндеттері жағынан айқын, мақсаты жағынан жарқын, болашағы жағынан берік, Жаңа Қазақстанның жарқын жолын ашқан ұлттық жоба болды ғой деп ойлаймын.

Президенттің Жолдауы өзінің пайымдылығымен, парасаттылығымен, сабырлылығымен ерекшеленді. Елдің бәрін мазалаған сұрақтарға жауап берді. Президент  қаңтардағы қанды қақтығыстың себептері мен салдарын ашып көрсетті. Ең бастысы, жазықтылар қоғамдағы орны мен жағдайына қарамастан заң алдында қылмысқа тартылатын болды.

Дүрбелең кезіндегі оқиғаларға әділ баға  берілетінін, әр адамның ісі жеке-жеке қаралып, содырлар қатарына кездейсоқ қосылған адамдар жағдайы тергеу барысында ескерілетін болады.  Ал билікті басып алуға мүдделі топтар жоғары құқық билігіндегілермен ымыраласқандары ашық айтылды.

Президенттің «Біз жардың шетінде тұрдық» деген сөз жүрекке жетті.

Шынында да, осындай тәуелсіздікті қорғап қалғаннан кейін, қоғам, мемлекет, билік қалай өмір сүреді? Яғни мемлекеттік деңгейде басталған реформалар одан әрі қарай дамуы керек? Көпірме сөз емес, оң өзгерістер керек.

Жолдауда айтылғандай, өзгеріс әркім­нің өзінен басталуы керек. Президент  осы қағидатты өзінен бастады. Супер­пре­зиденттік республика емес, күшті Пар­ламенті бар президенттік республика қажет. Билікті монополизациялауға жол беруге болмайды. Сондықтан да «Қасіретті қаңтардың» маңызды сабақтары билік инс­титуттарын түбегейлі жаңғыртуды қажет етеді. Осыған орай шексіз президенттік билікті шектеуді ұсынды.

Болашақта Президенттің ет жақын туыс­тары жоғары саяси мемлекеттік қызмет атқара алмайтын болады.

Мемлекет басшысы өзінің Amanat партиясының Төрағасы қызметінен кете­тінін мәлімдеді. Әрине, өзінің лауа­зым­дық қызметін атқаратын мерзім ішін­де. Енді әкімдер әр аймақтың партия филиалдарын басқармайды. Әрі Пре­зидент Орталық сайлау комиссиясы мен оның мүшелерінің, Есеп комитеті мен Конституциялық Кеңес мүшелерінің партияға мүше болмайтынын атап өтті. Бұл – демократиялық таңдау жолы.

Өте маңызды мәселе Сенатты құру мен оның функциясын жетілдіру мәселесі болды. Енді Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10-ға дейін азаятын болды.

Мәжілістің рөлі мен мәніне ерекше маңыз берілді. Онда барлық аймақ өкілдері болуға тиісті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 квотасының 5 депутаттық  орны Сенатқа берілетін болды. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалды, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйеде сайланбақ. Бұл халық айтып жүрген ұсыныстар екенін айта кеткім келеді. Партияларды тіркеу де едәуір жеңілдейді. Енді  партияны тіркеу үшін 5 мың адам жеткілікті.

Конституциялық сот жүйесі қайта қалпына келтірілмек. Бұл ерекше маңызға ие деп есептеймін. Енді кез келген адам өзінің конституциялық құқығы бұзылды деген жағдайда осы сотқа жүгіне алады.  Ерекше ұсыныс Ұлттық құрылтай құру қажеттігі болды. Ол атам заманнан бері қалыптасқан дала демократиясын жаңғырту мақсатында жүзеге асырылмақ.

Әрине, мені ерекше толғантқан мәселе әкімшілік-аумақтық өзгерістер идеясы болды. Кезінде геосаяси жағдайға байланысты осындай оңтайлы қадамдар жасалған еді. Ал енді қазіргі геосаяси ахуалға сәйкес жаңа аймақтардың құрылуы экономиканы қайта құруға мүмкіндік береді деп үміттенемін.

Семей қаласы орталығы болып, Абай облысы құрылмақ. Алматы облысы екіге бөлініп, бірі Алматы облысы – орталығы Қапшағай болып, екіншісі Жетісу облысы – орталығы Талдықорған қаласы болып қайта жаңғырмақ.

Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп өзгерту туралы ұсыныс ерекше әсер қалдырды. Өйткені сайлаушылар осы мәселені көптен қозғайтын. Құзыретті органдарға үзбей хат жазып жүрді. Бұған депутаттық үнімді қосқанымды айта кеткім келеді.

Жезқазған өлкесін қайта қалпына келтіріп, оны Ұлытау облысы деп атау туралы ұсыныс та индустриялық әрі тарихи өңірді қайта жаңғыртады ғой деп ойлаймын.

Жолдау жасалды. Алда атқарылар қыруар міндет тұр. Ата Заңға 30-ға жуық өзгеріс енгізіліп, 20 заң жыл аяғына дейін қабылдануы керек.

Әрине, Жолдаудағы БАҚ, жергілікті өзін-өзі  басқару, мәслихаттардың рөлін көтеру, тағы да басқа заманауи мәселелер туралы жан-жақты айтылды. Олардың бәрін шағын мақалада талдау мүмкін емес.

Жаңа Қазақстанның  жаңа жаңғыру жолы басталды. Мемлекетті қорғау, тәуелсіздікті қорғау жалғыз Президенттің міндеті емес.

Отанымыз бір, жүрегіміз де, тілегіміз де біреу. Ол – егемен ел Қазақстанға қызмет ету. Бір болайық, бірге болайық, ағайын!

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Парламент Сенатының депутаты