• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Наурыз, 2022

Алагеуім

675 рет
көрсетілді

Бұл сәттің де өз баяны бар. Табиғат ұйқыдан оянар шақта, ай аруды ұзатып салып, күн бикешті қарсы алады. Бір-бірін мәңгілік көре алмайтын ай мен күннің арасы жақындар мезет осы – таң алагеуім. Қара қыстың қатқыл таңы орманға барсаңыз, шебер сызған суреттер ерекше көрінеді. Біз ұсынып отырған картина, сол әппақ әлемнің көшірмесі ғана.

Табиғаттан сыр тартсаңыз, жаныңыз тазарады не көңі­ліңізге шынайы көркем суреттер қонады. Таңсәріде тауға шыққан жолаушыдай таза ауаның жұпарына мастанып, құстай қанатыңызды еркін сермегіңіз келеді. Қараңызшы, сол еркіндік заманауи суретші Рашид Құлбатыровтың «Таң» картинасында да бар. Та­би­ғаттың тамашасын көз ал­ды­ңызға көшірген шебердің шы­ғармасы тұманға оранған тіршілікті тербеп тұрғандай.

Жалпы, қылқалам шебері бейнелеу өнері кеңістігінде әртүрлі бағытта жұмыс істеп жүрген суретші. Ол мейлі пей­заж, жанрлық картиналар, ұлт­тық тақырыптағы туын­дылар болсын, әртүрлі көр­кем жанрларда жемісті ең­бектеніп келеді. Десе де оның сүйікті жанры – пейзаж. Ал шабытының қайнар бұ­лағы – ару Алматы. Неге десеңіз, қала пейзаждары мен Іле Алатауының ландшафтарын көп жазған суретші осы қаладан әлдебір рухани күштің бояуын алады.

Бақсаңыз, «Таң» карти­на­­сында Алатау бөкте­рінің қысты күнгі таңғы көрі­нісін бейнелеген. Аспан астында үлбіреген биік-биік шыршалар тізіліп тұр, ал олардың ар жағынан түс жағынан аспанмен тұтасып кеткен тау келбеті байқалады. Әсем шыршалардың бұтақтарын қар басқан. Бұл ағаштарға таңғажайып сипат беріп тұр. Күннің ақ және көгілдір түс­ті балғын сәулелері ом­бы қар мен ағаштардың жоғар­ғы ұш­тарына байланып қалғандай.

Суретші ақ, көгілдір, көк түс­тердің реңктерін пайдалана отырып, салқындық пен аязды сездіреді. Тіпті, ұйыт­қып соққан желдің қалай қар жамылғысын көтергенін және картинаның екінші пла­­нындағы мұнарда алып шыршалардың бірінен соң бірі созыла орналасқанын көруге болады.

Бұл картинадан біздің көз алдымызға жайлы түс, көмескі көлеңкелер, қысқы орманның үнсіздігі, тыныштық пен үйлесім келеді.