Әйелдердің қоғамдағы, экономикадағы рөлі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Елімізде 2016 жылы Президенттің Отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлығы шыққан. Жарлық бойынша әйелдердің биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарындағы, мемлекеттік және корпоративтік секторлардағы үлесі 2023 жылы – 25 пайыз, 2030-ға қарай – 30 пайызға жетуі керек. Осы мәселеге орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова пікір білдірді. Әйелдердің экономикаға аз араласуы әлемдік экономиканың өсімін тежеуші факторға айналып келеді, мұны Халықаралық валюта қоры мен БҰҰ зерттеулері де растайды.
БҰҰ пікіріне қарағанда, әйелдер ерлермен бірдей тең құқық пен мүмкіндіктерге қол жеткізілмеген социум ешқашан орнықты дамуға қол жеткізе алмайды. Қазір елімізде 1,1 млн азамат әйелдер басшылық ететін шағын және орта бизнес субъектісінде жұмыс істейді. Тұтастай алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігінің деңгейі 63,7%-ды құрайды. Қаржы және сақтандыру қызметіндегі әйелдер үлесі 57 пайызға жеткен. Елдегі 22 банктің 9-ын әйелдер басқарады, сонымен қатар 16 банкте олар директорлар кеңесінің мүшесі болып отыр. Ал сақтандыру секторында 27 басшының 9-ы – әйел, тағы екі әйел нарықтағы 9 компанияның ішінде сақтандыру брокерлік компанияны басқаруда.
«Бұл – оң көрсеткіш. Дегенмен, одан әрі өсу үшін әлі де әлеует бар. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары еліміз гендерлік теңсіздікке қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар түбегейлі шаралар қабылдады. Дегенмен бұл мәселе Қазақстан үшін әлі де өзекті. Сондықтан мемлекеттің осы бағыттағы жұмысы жалғасуда. Гендерлік теңдікке қол жеткізу және барлық әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту білім беруді, жұмыспен қамтуды, еңбекақы төлеуді және қаржыландыруға қолжетімділікті қоса алғанда, барлық бағыттарда дамуға тиіс», дейді М.Әбілқасымова.
Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының елдер бойынша бөлімшесінің ақпаратына сүйенсек, еліміз жұмыс орнында, бизнес-нарықта және қоғамда гендерлік теңдікке және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бөлігінде БҰҰ қағидаттарын ілгерілету бойынша Орталық Азияда көшбасшы болып отыр.
«Заманауи үрдістер әр ұйымның орнықты дамуы туралы мәселені бірінші орынға қоятыны анық. Орнықты даму қағидаттарын ұстану осы қағидаттарды компаниялардың қызметіне дәйекті және жан-жақты енгізуді, бизнес-модельдерді неғұрлым орнықты етіп өзгертуді білдіреді. Экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару (ESG) өлшемшарттары бойынша практикаларды енгізу неғұрлым өзекті бағыт болып саналады. Осы тәсілдерді енгізу гендерлік теңдік және ұйымдардың дамуына әйелдердің қатысу деңгейі мәселелерінде ілгерілеуге мүмкіндік береді», деп атап өтті М.Әбілқасымова.
Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді, гендерлік теңдікті және қаржыландыруға қолжетімділікті қолдайтын жобаларды қаржыландыруға бағытталған облигациялар шығарудың табысты мысалдары да бар. Көлемі 38 млрд теңге болатын Азия даму банкінің арнайы жобасы аясында 2022 жылғы ақпанда KASE сауда-саттық жүйесінде 14 млрд теңге сомасына гендерлік облигациялардың екінші шығарылымы жүзеге асырылды. Бұдан бұрын, өткен жылы АДБ осы құрал арқылы 8,4 млрд теңге тартты. Бұл қаражат тұрғын үйді қаржыландыруда гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталмақ.