• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Наурыз, 2022

Бейжің Паралимпиадасы қорытындыланды

186 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық паралимпиада комитеті қазақстандық спортшылардың Бейжіңдегі ойындарға қатысуының қорытындысын шығарды. Елордада өткен қоры­тынды баспасөз мәслихатына Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев және XIII Қысқы Паралимпиаданың қола жүлдегері Александр Герлиц қатысты.

«4-13 наурыз аралығында Қы­тайда өткен XIII Қысқы Пар­алимпия ойындарында Қазақ­стан құрамасы бір қола медаль­ға ие болып, 53 мемлекеттің ішін­де жалпыкомандалық есеп­те 17-орынға тұрақтады. Пар­алимпиадада 700-ден астам спортшы спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын сарапқа салды. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойын­ша жарыс жолына шықты. Паралимпиадада ел намысын 5 спортшымыз қор­ғады», деп еске салды Самат Ер­ғалиев.

Оның айтуынша, министрлік паралимпиадалық қозғалысты қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, спорт түрлерін саралау ережелеріне сәйкес барлық паралимпиадалық спорт түрлері «А» тобына және «басым» спорт түрлерінің қата­рына жатқызылып, бірінші кезекте қаржыландырылатын болды. Бұдан басқа, спорттық нә­тижелерді ескере отырып, жа­қын арада ұлттық құраманың жаттықтырушылары мен спорт­шыларының жалақысын арттыру мәселесі қаралады.

«2016 жылғы Рио Паралимиа­дасынан бастап Паралимпиада және Сурдолимпиада ойында­рының жеңімпаздары мен жүл­дегерлерінің қаржылай сый­ақылары өсіп, олимпиадалық спорт түрлерімен теңесті. Сонымен қа­тар алдағы таңда спорттық нә­тижелерді ескере отырып ұлттық құрама жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақыларын көтеру мәселесі қарастырылады», деді комитет басшысы.

Сондай-ақ ол Бейжіңдегі паралимпиада ойындарында 10 шақырымдық жарыста қола жүлде алған биатлоншы Александр Герлицке пәтер берілетінін айтты. «Бейжіңдегі Паралимпиаданың қорытындысы бойынша спортшылар мен жаттықтырушылар мемлекеттен 131 млн теңге алады және «Дене шынықтыру және спорт саласы туралы» Заңға сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер беріледі», деді Самат Ерғалиев.

Өз кезегінде Александр Гер­лиц қазақстандықтарға қол­дау көрсеткені үшін алғыс айтып, құраманың барлық жаттықтыру­шылар штабының үйлесімді және кәсіби жұмысын атап өтті.

Бүгінде паралимпиялық спорт түрлері бойынша елімізде 15 спорт түрі кеңінен дамытылуда. Бүгінде ұлттық құрама қатарында 484 спортшы бар. Олар­мен 34 бас және аға жат­тық­тырушы жұмыс істейді. Ал штаттағы спортшылардың саны – 112. Елімізде мүмкіндігі шек­теулі тұлғалар арасында 15 пар­алим­пиадалық, 21 сурдолим­пиа­далық және Паралимпиада бағдарламасына енбеген сегіз спорт түрі дамытылған. 2021 жыл­­дың қорытындысы бойынша елі­мізде мүмкіндігі шектеулі адам­дардың саны – 696 825. Оның 48 565 мыңы спортпен ұдайы шұ­ғылданады. Республика бо­йынша, әр өңірде мүмкіндігі шек­теулі тұл­ғаларға арналған арнайы 17 спорттық мекеме жұмыс істейді.

Айта кету керек, Александр Герлиц пара биатлонда 10 шақы­рым қашықтықта қола жүлде жеңіп алған болатын. 2022 жылғы Паралимпиада қорытындысы бо­йынша Александр Герлицке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.