Кеншілер астанасындағы «Сән» колледжінің ұстазы Гүлбаршын Матниязова мен оның шәкірттерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы костюмдер, зергерлік бұйымдар, байпақтар, сондай-ақ жүннен жасалған орындық төсеніштері белгілі бір ортада жоғары сұранысқа ие.
Таяуда Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Наурыз мерекесіне арнап ұйымдастырылған «Ұлт өнерін ұлықтаушы» көрме-жәрмеңкесінде осы бұйымдар төрден орын алды.
Гүлбаршын Матниязова өзінің шебер шәкірттерін орынды мақтан етеді.
– Бүгінге дейін колледжде 80 адам білім алып шықты. Олардың 20-сы еліміздің түпкір-түпкірінде өз цехтарын ашқан. Колледжде 16 жастан 70 жасқа дейінгі қыздар мен әйелдер оқиды. Менен шеберлікті үйренген 15 апа бүгінде өз ісімен айналысып, шеберханалар ашып алған, – дейді ол.
Шебердің бір шәкірті Шынар Жүсіпова киіз басу кәсібін меңгеріп жүр екен. Қазірдің өзінде ол шеберлігін шыңдап, ұлттық өнерді кейінгі жастарға үйрете алатын дәрежеге жетіпті.
– Гүлбаршын Матниязованың әдістемесі бойынша бұл іспен 2020 жылдан айналыса бастадым. Мұндай іске ең алдымен қажырлы еңбек пен шабыт керек. Әр жұмыстың өзіндік қиындықтары бар ғой: кейде бұйымды түні бойы көз ілмей жасайтын кездерім болады, – дейді жас ісмер.
Шынар көрмеге бірнеше жұмысын әкеліпті. Соның бірі – қызғылт түсті шапан. Шебердің айтуынша, көктемді, күн мен Наурызды бейнелейтін бұйымды «Көңіл күй түсі» деп те атауға болады екен.
Қазіргі уақытта педагог-психолог мамандығын меңгерген Шынар ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейді.
– Жас ұрпақты өз өнеріме үйретемін. Мен балалар ою-өрнектің не екенін, мән-мағынасын және онымен қалай жұмыс істеу керектігін білгенін қалаймын. Өз білімім мен шеберлігімді соларға жеткізгім келеді, – дейді Ш.Жүсіпова.
«Ұлт өнерін ұлықтаушы» көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанатында «Сән» колледжінің студенттері дизайнерлердің киімдерін көрсетті. Дефилеге болашақ модельер-конструкторлар және дизайнерлер атсалысты.
Жалпы, көрмеге келушілер өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алып, Наурыз мерекесі қарсаңында өздеріне және жақындарына сыйлық жасай алады. Ал мамандар жүннен жасалған бұйымдарды жылдың кез келген мезгілінде киіп жүруге болатынын айтады.
ҚАРАҒАНДЫ