Соңғы жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы Ертіс – Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберуге бөлінетін қаражат күрт қысқарып, жергілікті шаруаларды тығырыққа тіреп қойды. Мал ұстаған ағайын сапалы шөптен қағылды. Ол былай тұрсын, су мөлшерінің азаюы өңірдің флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізбек. Сонда табиғи апатты қолдан жасамақпыз ба?
Бұл туралы әңгіме бұған дейін көп айтылмайтын. Себебі бөлінетін қаржы да, сәйкесінше су мөлшері де жеткілікті болатын. Ресми деректерге сүйенсек, 1993-1998 жылдары каналдан Шідертінің төменгі арнасына 100 млн текше метрден су жіберіліп тұрған. 2000-2004 жылдар аралығында мүлдем су босатылмапты. Ал 2005-2008 жылдары 50 млн текше метрден су жайылатын болған. Одан кейінгі жылдары аталған көрсеткіш 100 млн текше метрден түсіп көрген емес. Алдыңғы жылы небәрі 40 млн текше метр су бөлінеді дегенді естіген жұрт абдырап қалғаны рас. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте каналдан су жіберуге қаржы қарастырылмапты деген әңгіме де желдей есті.
Бұл іске дереу су шаруашылығы саласының ардагерлері араласып, облыс әкімдігіне, министрлікке, тіпті Президент Әкімшілігіне дейін хат жазып қана қоймай, Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, мәселені бетпе-бет шешуге тырысқан еді. Ел газеті «Egemen Qazaqstan» да бұл мәселені бірнеше рет қаузап, көтерді. Нәтижесінде, қосымша қаражат қарастырылып, соңғы екі жылда шамамен 80 млн текше метр су босатылды.
Биыл аталған мәселе тағы алдан шығуда. «Әзірге 87 млн текше метр суға қанағат қылыңдар» депті министрліктегілер. Ғылыми негіздерге сүйенсек, Ақкөл-Жайылма алқабына кем дегенде 120 млн текше метр су жіберілуі тиіс. Соңғы жылдары көрсеткіш 80 млн текше метрден аспағанын ескерсек, өңірде экологиялық ахуал бұзыла бастағанын аңғару қиын емес. Мәселен, былтыр су жайылатын алқаптағы шөптің шығымдылығы 25 центнерден 17 центнерге төмендеген. Әулиекөл және Шығанақ көлдері таязданып, қыста балықтар қатып қалған. Биыл өңірде қар аз түсті. Яғни мал ұстаған ағайын су босату ісіне ерекше үміт артып отыр. Олар құзырлы орган басшылары жұтты қолдан жасамайтынына сенімді.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, су шаруашылығы саласының ардагері Леонид Баталов бастаған белсенді топ судың молынан босатылуы үшін әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрген жайы бар. Жылда қайталанатын жағдай бұл. Міндетті түрде Президенттің атына хат жазу керек пе? Ұзақ мерзімге арналған кешенді жоспар әзірленіп, мәселе оң шешімін табады деген үмітте су шаруашылығының ардагерлері.
– Жергілікті жерде проблеманы жан-жақты талқылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына, құзырлы министрліктерге хат жолдадық. Онда су босатудың облыстың экономикалық және экологиялық саласына маңызы жоғары екені тәптіштеп жазылды. Суды жыл сайын сұрай бермейтіндей, ұзақ мерзімге арналған тиімді бағдарлама қолға алынса екен деген тілегіміз бар. Ел басқарып отырған азаматтар мәселенің күрделілігіне мән беріп, дұрыс шешім қабылдайды деген сенімдеміз, – дейді Л.Баталов.
Су босатудың маңыздылығын бірі білсе, бірі біле қоймас. Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 60-жылдарында қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы каналдың құрылысы басталып, Екібастұз ауылдық аймағының аумағындағы Шідерті өзенінің ағыны табиғи жолмен емес, су торабымен реттелуге көшкен. Осылайша, каналдың Шідерті кентінің маңынан өтетін тұсына №112 су торабы салыныпты. Соның нәтижесінде, Шідерті өзенінің арнасы Ертіс суын Қарағанды қаласына қарай тасымалдауға пайдаланыла бастады. Алайда мұның салдары да жоқ емес еді. Өйткені осыдан кейін Ақтоғай ауданының және Екібастұз ауылдық аумағының біраз жеріне көктемдегі табиғи су жайылмайтын болды. Бұрын көктемде аталған атыраптағы шабындық, жайылымдық жерлер, су қоймалары тегіс суға толатын. Өлкедегі ірілі-ұсақты көлдер арнасынан тасып, бір-біріне қосылып, аппақ айдын болып жарқырап жататын. Бұл жердің Ақкөл-Жайылма аталуы да содан.
– Канал салынған соң Шідерті өзенінің төменгі арнасына табиғи су жіберілмейтін болды. Демек көктемде жарқырап жататын ақ айдын көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін еді. Шынымен қатер төнді. Соның алдын алу мақсатында канал құрылысын жобалау барысында табиғи су жайылымының өтеуі ретінде Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына компенсациялық су жіберу қарастырылды. Бұл табиғатты қорғау тұрғысынан да қажет шара еді. Осылайша, Екібастұз қаласының ауылдық аумағы мен Ақтоғай ауданының аумағына жеткілікті көлемде су жіберіліп тұрды. Нәтижесінде, мал шаруашылығымен ғана айналысатын жергілікті халық төрт түлігін көптеп өсіріп, қысқы жем-азығын қысылмай қамдап келді. Су бойындағы елді мекендер де түтінін түзу ұшырып жатты, – дейді Леонид Баталов.
Еліміз нарықтық экономикаға көшкен соң, каналдың суын ақылы пайдалану тетігі енгізілді. Алайда тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан енді ғана бас көтере бастаған шаруалардың суға ақша төлейтіндей жағдайы жоқ еді. Сондықтан 2000-2004 жылдары Шідертінің төменгі арнасына су жіберу тоқтатылды. Салдарынан су жайылмаған өңірдің флорасы мен фаунасы айтарлықтай шығынға ұшырады. Жерасты сулары тартылып, тұзды жерлер көбейді. Өлкеден аң-құс безіп кетті. Халық арасында түрлі дертке шалдығушылардың саны күрт өсті. Төрт түлік мал азайды. Сөйтіп ауыл халқының тұрмысы төмендеп, әл-ауқаты нашарлады. Осының бәрі өңір экономикасына айтарлықтай залал келтірді. Су шаруашылығы саласының ардагері Мырзағали Ерғалиевтің айтуынша, су жіберу тоқтатылған кезде ауыл адамдары облыстың, республиканың өзге аумақтарына жаппай көше бастаған.
– 2000-2004 жылдар аралығында Екібастұз ауылдық аймағындағы халықтың саны 20 500 адамнан 11 700 адамға дейін, яғни бірден 40 пайызға азайды. Канал суының қызығын көріп отырған Ақтоғай ауданына қарасты үш ауылдық округ тұрғындарының үштен бірі Павлодар мен Екібастұз қалаларына көшіп кетті. Осылайша, іргесі сөгілмей отырған ауылдардың тірлігінен береке қашты, – дейді М.Ерғалиев.
Сол себепті Павлодар облысының басшылығы жағдайды реттеу үшін ел Үкіметінен бірнеше мәрте көмек сұрауға мәжбүр болды. Ақыры 2002 жылы Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Шідертінің төменгі арнасына табиғатты қорғау мақсатында компенсациялық су жіберу жобасы әзірленді. Соның негізінде 2005 жылдан бастап республикалық бюджеттің есебінен 50 млн текше метр көлемінде су босатыла бастады. Жылдар бойы суалып жатқан Әулиекөл, Жалаулы, Шығанақ, Қарасу, Шиқылдақ секілді көлдерге көрік кірді. Ал 2009 жылдан бастап босатылатын судың көлемі 100 млн текше метрге жетті. Қазіргі ахуалды жоғарыда айттық.
Екібастұз ауылдық аймағының және Ақтоғай ауданының тұрғындары әуелден мал шаруашылығымен айналысады. Бұл төңіректе егін, көкөніс өсірілмейді. Жайылымға су тамбаған жылдары халық қатты қиналғаны содан. «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров каналдан су босатылмаған жылдары жергілікті тұрғындар көп зардап шеккенін айтты.
– Төрт түлік ішетін су таппай, дала кезіп кететін. Ақыры тұрғындар өзара бірлесіп, құдық қазып, тығырықтан шығуға мәжбүр болды. Сол себепті Сәтбаев каналынан су жіберілуі әбден заңды. Онда да жеткілікті көлемде босатылуы керек. Каналдан су аз мөлшерде жіберілсе, Ақтоғай ауданындағы Басқамыс, Жолболды және Жалаулы ауылдық округтеріне жетпеуі мүмкін. Салдарынан, мал азығын әзірлеуге кері әсерін тигізіп қана қоймай, ондағы көлдердің тартылып, аң-құстардың жойылуына алып келуі ғажап емес, – дейді М.Алғамбаров.
Деректерге сүйенсек, 100 млн текше метр суды босатуға шамамен 2,9 млрд теңгеге жуық қаржы қажет екен. Бұған дейін облыс әкімдігінің тапсырысына сәйкес, жіберілген судың қай жерге дейін жететінін, қандай әсер беретінін анықтау үшін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Белгілі болғандай, Екібастұз ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының ауылдық округтерін толықтай қамту үшін жылына 120 млн текше метр су керек. Шаруа қожалықтары тарапынан да суға деген сұраныс өсіп келеді. Егер каналдан жіберілетін су көлемі қысқаратын болса, өзен арнасының басындағы елді мекендерге су жеткенімен, соңындағы шаруалар сорлап қалатыны анық. Халықтың тілегі – жыл сайын кемінде 120 млн текше метр судың жіберілуі. Сонда барлық елді мекен судың ырызын көрер еді. Бұл өлкеге су жайылмаған жылдарда тұрғындардың да, табиғаттың да қандай зардап шеккенін жақсы білеміз. Үкімет мұндай табиғи апатты қолдан жасап, қарап отырмасына сенеміз...
Павлодар облысы