• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2014

Майданнан жазылған сағыныш хаттар немесе Позолотин тракты

708 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысы жылдарында  қолына қару ұстап, батысқа аттанған 92 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтардың  жартысына жуығына топырақ  туған  жерден бұйырмады.  Жанқиярлық ерліктің асқан үлгісін көрсеткен 53 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанса, 11-і «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Ел басына  ауыр сын сағаты туғанда етігімен су кешіп, мұз жастанып, жасындай жарқылдап өткен ерлердің бірі гвардия полковнигі Тимофей Семенович Позолотин еді. Ресейден еріксіз жер аударылып, Есіл бойындағы Явленка кентіне тұрақтаған қарапайым шаруа отбасында туып-өскен болашақ батырды балалық шағы еркелете қойған жоқ. Әкеден жас­тай айырылып, 5-ші сыныптан соң оқуын үзуіне тура келді. Бұғанасы қатпастан қара жұмысқа жегілді. Еңбек жолын хат тасушылықтан бастап, кейін киномеханиктікке ауысты. Сосын сот хатшылығына орналасты. Еңбектің де, өмірдің де қадірін жете біліп ержеткен бозбала қатарластарынан ерте есейді. 22 жасында Қызыл армия қатарына шақырылып, Солтүстік Кавказ округіне қарасты 12-ші атты әскер дивизиясына жіберілді. Осында полк мектебін бітіріп, жарылғыш заттардан залалсыздандыру взводы командирінің орынбасарлығына тағайындалды. Әскери қызметі аяқталса да, жеке өтініші бойынша қалдырылып, полк мектебінің старшиналығына бекітілді. Алайда, 1934 жылы денсаулығы сыр беріп, ұзақ мерзімге демалыс алуға мәжбүр болды. Араға екі жыл салып, әскери қызметке қайта кірісті. Белоруссия әскери округі 151-ші құрылыс батальонында взвод командирі болып тағайындалды. 1938 жылы кіші лейтенанттар курсын тәмамдағаннан кейін 29-шы мотоатқыштар дивизиясының 47-ші танк полкінің қарауына жіберілді. Ол осында КОКП қата­рына өтті. Жаумен алғаш бетпе-бет жо­лы­ғысуы – 1941жылдың 22 маусымы. Соғыс тарихындағы ең қатерлі қантөгіс аумағының бірі Белоруссия екені талассыз. Қызыл армияның тұрақты командирі Тимофей По­золотиннің жауынгерлері ба­қай­шағына дейін қаруланған гит­лершіл басқыншылардың жойқын шабуылдарына жанқияр­лықпен төтеп бергенімен, арт­қы шепке шегінулеріне тура ке­лді. Оңтайлы мезеттерде тан­кистердің қарсы шабуылдарын ұйымдастырып отырды. Бірақ, күш тең емес еді. Өкшелей қуған жаудың бетін қайтара отырып, әртүрлі маневрлік айла-шарғылар қолданды. 5 шілде күні плацдармдағы жалпы бас­шы­лықты қолға алған қатты бір ұрыста Тимофей Позолотин жараланғанына қарамастан жауын­гер­лік бұйрықты қалтқысыз орындады. Аса маңызды бекініс тұтас траншеялармен бекітіліп, айнала қоршалды. Қанды шайқас екі күн бойы алма-кезек жалғасып, итжығыс түсіп жатты. 7 шілдеде екінші рет ауыр жарақат алды. Госпитальдан жазылып шыққан оны алда ауыр шайқастар күтіп тұрған еді. Батыс майдан окру­гінде танкистер батальонына же­тек­шілік етті. Мәскеу түбінде жау­ды талқандаған шайқастарда шебер басшылығы мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Жерлестеріне жолдаған хатында ол былай деп жазды: «Мен қызыл әскер атағына кір келтірген жоқпын. Фрицтерге аяушылық жоқ. Ұрысқа кірісер алдында мен біздің аудан ұлы Ленин атымен аталатынын әрдайым есте ұстаймын және өзіміздің колхозшылардың аманатын барынша орындап жүрмін». Хат елге жеткенде Т.Позолотин оныншы рет жарақат алып, далалық госпитальда емделіп жатқан еді. Қайтадан сапқа тұрғаннан кейін іле-шала өзінің және жауынгерлердің атынан хат жазып, неміс-фашист басқыншыларын ұясында құртуға ант берді. Оның бірнеше хатының көшірмелері облыстық мемлекет­тік мұрағатта сақтаулы. Туған-туыстары мен жора-жолдастарына жазған хаттарында Отан-анаға деген жүрек лүпілі, сағынышқа толы көңіл-күйі айқын сезіледі. 25.08.41. «Мама, Маруся және Вера, амансыңдар ма? Барлығыңа сәлем, соғыс уақыты, хат жазуға мүмкіндік жоқ. Қазір Сталинградқа фашистердің мұрындарын бұзуға аттанып бара жатырмыз. Әзірге, Галинадан ешқандай хабар болмай тұр. Оны әлдеқайда көшіріп жіберген көрінеді. Көңіл-күйім жақсы. Мама, мені майданға шақырғанда айтқан сөзің естен шығар емес. Бұрынғыдай өжет те мүлтіксіз шайқаса беремін. Фашистік сұмырайларды тезірек құрту үшін. Мен үшін ұялған жоқ едің, ұялмайсың да. Федор мен Михаил қайда? Беттеріңнен сүйдім. Өзіңнің Тимофейің». 21.12.41. «Жаңа жылмен, туыс­тарым менің! Мама, Маруся, Вера, амансыңдар ма? Василийдің, Михаилдің, Федордың отбасыларына сәлем. Сендерге осымен үшінші рет хат жазып отырмын. Бірақ өздеріңнен хабар-ошар болмай кетті ғой. Жағдайларыңның қалай екенін, шешем, Федор мен Михаил не істеп жүргенін жазып жіберулеріңді қиыла сұраймын. Өзімнің жағдайым жақсы, немістерді жойып, Кеңес Одағының бақшасынан айнала қуып жүрміз. Қазір осы бір сасық шошқалар бәрін тас­тап, тырақайлап қашып барады. Өткен айда мен де, менің қарамағымдағылар да көптеп марапатталды. Мен Қызыл Жұлдыз ордені­мен марапатталдым және қазір­дің өзінде майормын. Міне, көрдің бе, мен әскерге ша­қы­рылғанда саған берген уәдемде тұрдым. Сен мен үшін ұялмайтын боласың. Ал, мен өз жауынгерлеріммен шүйілгеннен кейін жау жағы жабырқайтын болады. Маған бәрін айтып және жиілетіп хат жазып тұрыңдар. Өзіңнің Тимофейің. Мекен-жайым: Далалық почта, 387-ші танк полкі, 1-ші батальон». 1942 жылы қабілетті офицер танкист әскери академия­ны бітіріп келген соң 17-ші гвардиялық танк полкінің командирлігіне бекітілді. Маневрді шебер ұйымдастырушы ретінде ерекше көзге түсіп, Донда 2-ші румын және 62-ші неміс жаяу әскер дивизияларына күйрете соққы берді. Сөйтіп, қарсыластардың 10 мың солдатын жойып, тұтқынға алды. Осы операция үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1942 жылы 26 желтоқсанда Тимо­фей Семенович Позолотинге Кеңес Одағының Батыры атағын берді. Ленин, Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Ауыр шайқастардың отты жылдарында шыныққан, Отанға деген сүйіспеншілігі жоғары, жеңіске деген сеніммен қанаттанған ол қар­сыластарының «тәсілін» тану­дағы тактикалық шеберлігі өзгелерге үлгі етілді. «Правда» газеті 1942 жылғы 27 қаңтардағы Қызыл Ар­мия­ның әскер басшыларына ар­на­ған «Жеңе білу» атты бас ма­қа­ласында былай деп жазды: «Кеңес Одағының Батыры, пол­ковник Т.С.Позолотин үлкен жауынгерлік жолдан өтті. Ол танк батальонының командирі, одан кейін танк бригадасы коман­дирінің орынбасары болды. Шай­қаста бригада командирі қатар­дан шығып қалған кезде оның орнын басып, операция­ны жігерлі күш­пен басқара білді. Жараланса да қатардан кетпей, ұрысқа бас­­шы­лық жасады. Талапшыл, жігер­лі командир осылайша жау­дың ірі күшін талқандауда зор ұйы­м­дастырушылық қабілет көрсетті». Оның 1943 жылы әйеліне жазған хатын тебіренбей оқу мүмкін емес. «27 қаңтар күнгі «Правда» газетін оқы, сонда сен менің саған берген уәдемді орындағанымды білесің. Мен қарттар мен бауырлар үшін аянбай кек алдым. Сталинградқа кіре берістегі жерде 10 мыңнан астам фашистердің басы ме­нің гвардиялық полкімнің тан­кілерінің шынжыр таба­ны­ның астында жаншылды. Тіпті, менің бөлімім өткен жол­ды да қазір «Позолотин тракты» деп атайды. Қолға түс­кен тұтқындар да «баскесер» Позо­лотиннің танкілерінен тайсалатынын айтқан. Шынын айтсам, ешқашан батыр болайын деп ойлаған жоқ едім. Алдағы шайқастарда да жауға қарсы одан да айлалы соққылар жасауға уәде етемін». Жерлесіміз сөзінде тұрды. Бас­қыншылардың үрейін ұшыр­ды. 1943 жылы мамыр айынан бастап Белгород-Харьков бағы­тындағы операцияларға қатысты. Неміс командованиесі қоршауда қалу қаупінен сақтанып, СС танк дивизиясының күшіне сүйен­генімен, бұл әрекеттерінен еш­теңе өнбеді. Позолотиннің басқа­руын­дағы 19-шы гвардиялық танк бригадасы жаудың жоспарын іске асыртпай тастады. Курск иіні түбінде де жойқын шабуылдарды үдете түсті. 19 қыркүйекте Бабанск аймағындағы қатты ұрыста есіл ер ауыр жараланып, қаза тапты. Денесі Мәскеудің Новодевичье зиратына жерленді. Бұл да батырға көрсетілген зор құрметтің бірі болса керек. Ерлік ешқашан ескірмейді, ұмытылмайды. Петропавл қаласындағы көшеге, ол туып-өскен Явленка кентіндегі мектепке есімі берілген. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы.