Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің фракциясы жетекшілерімен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Серік Ахметов басқаратын Үкіметтің отставкасы және жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсыну мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің қазіргі құрамы өзіне жүктелген міндетті орындағанын атап өтіп, атқарылған жұмыс үшін алғысын айтты. Дегенмен, күрделі халықаралық экономикалық ахуалды ескерсек, «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу жаңа тәсілдерді қажет етеді.
– Әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға байланысты алға қойылған міндеттер өз шешімін қажет етіп отыр. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында бізде де қиыншылықтар пайда болуы мүмкін. Қазір халықаралық қаржы институттарымен жұмыс жүргізіп, елге инвестиция тарта білу керек. Осы мәселелердің бәріне істі жетік білу арқылы басшылық жасау қажет болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Премьер-Министр лауазымына Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын ұсына келіп, оның қажетті тәжірибе мен білімге ие екенін атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Н.Нығматулин Мемлекет басшысының шешіміне қолдау білдіре келіп, ұсынылып отырған кандидат Үкіметті мұның алдындағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде басқарғанын айтты.
«Халықтық Коммунистер» фракциясының басшысы В.Косарев те Қазақстан Президентінің ұсынысын қолдап, бұл халықтың мүддесіне сай келетініне тоқталды.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі А.Перуашев Мемлекет басшысының шешімі, әсіресе, бизнес қоғамдастығы тарапынан оң қабылданатыны туралы пікірін білдірді.