Биылғы 18 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай, түрлі тақырыптық шаралар мен байқаулардан бөлек, шекарашылардың ерлікке толы істері туралы кітап жазылып, «Мемлекеттік шекара» деген атаумен республика жұртшылығына жол тартты.
Жақында ҰҚК Шекара қызметінің ән-би ансамблі өзінің шығармашылық сапарын еліміздің шығыстағы шекарасынан бастады. Атап айтар болсақ, Әскери-патриоттық қызметі басқармасының подполковник Қ.Әнуарбек бастаған өнерпаздар тобы ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай, Райымбек, Панфилов және Алакөл аудандары бойынша шекара басқармаларының учаскелерінде болып, шекара аймағын әнмен әрледі.
Алдымен, ән-би ансамблі Жамбыл ауданының мәдениет үйінде Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең» шекара бөлімшелерінің жеке құрамдарымен бірге жергілікті өнерсүйер халықпен кездесті. Зал толы көрермен шекарашы өнерпаздар дайындаған патриоттық әндерді тыңдап, күмбірлеген күйлерге құлақ құрыштарын қандырды.
- Біздің наурыз айының басынан басталған шығармашылық сапарымыз Шекара қызметінің 30 жылдығына арналады. Сондықтан мерекелік концертті Отанымыздың шебін қорғап жүрген шекарашылар ғана емес, шекара өңірінің халқы да тамашалауға тиіс. Өйткені, өңірдің қартынан бастап, мектеп оқушысына дейін өзін шекарашы санайды, дейді подполковник Қуаныш Әнуарбек.
Шығармашылық топтың концерттік бағдарламасы аталған шекара басқармасының «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелері орналасқан А.Нүсіпбеков елді мекенінің мәдениет үйінде жалғасты. Іле Алатауының байырғы тұрғындары да шекарашы өнерпаздарды құшақ жая қарсы алып, әншілер орындаған «Шекарамыз берік болсын», «Бастау», «Бәйге», «Алтын бесік», «Қазағым жаса», «Өнер жолы» секілді тамаша әндермен рухани сусындады.
Жыр дүлдүлі Жамбыл бабамыздың туған жерінен бастау алып, жер жәннаты Жетісудың Үшарал қаласына дейін жалғасқан шығармашылық сапар кезінде жергілікті жұртшылық қазақ елінің «Жүз әніне» енген туындыларды ғана тыңдаумен шектелген жоқ. Еліміздің күштік құрылымдары арасында, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген ҰҚК Шекара қызметі ән-би ансамблінің репертуарынан әлем халықтарының әндері мен билерін де көптеп кездестіруге болады.
Әрі қарай, Нарынқол, Шонжы ауылдарының мәдени ошақтарына ат басын тіреп, аудан жұртымен қауышқан шекарашыларды келесі нүкте – Жаркент қаласының халқы күтіп отырған-ды. Шекарашы өнерпаздар қаланың мәдениет үйінде болып қана қойған жоқ, Қорғас ауылына да арнайы ат басын тіреді. Осылайша, шекара аймағын тамаша ән-күйге бөлеген ансамбль мүшелері жолай Текелі қаласына соғып, Алакөл ауданының орталығында үшаралдықтармен бірге Ұлыстың ұлы күнін тойлады.
ҰҚК Шекара қызметінің 30 жылдығы қарсаңында шекара өңірінің халқымен болған осынау ұлағатты кездесу – шекарашылардың ел шебіндегі күн мен түнге жалғасқан қызметін, Отан оғландарының ерлік істерін ұлықтау болатын.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
журналист