Кезінде екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған АҚШ боксшысы Тимоти Бредли орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген отандасымыз Жәнібек Әлімханұлының шебірлігіне тәнті екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz sports.kz-ке сілтеме жасап.
«Шаршы алаңда бар болғаны 11 кездесу өткізген Жәнібек Әлімханұлының шеберлігі адамды тәнті етпей қоймайды. Ол уақытты дұрыс сезінеді, қарсы соққыларды дер кезінде жұмсайды. Әсіресе оның қарымта шабуылдары көз сүйсінтеді. Боксшыларды мүлт кетуге мәжбүрлейтініне ризамын. Қарсыластарының соққысын қайтарып барып, өзінің дәл соққыларын дарытатыны да нағыз шеберліктің үлгісі дер едім. Қысқасы, қазақстандық солақай боксшы өз ісінің шебері. Осындай нағыз боксшылардың шеберлігіне риза болмасқа амалың қалмайды», деді ол Espn.com-ға берген сұхбатында.