Бояу адамға нәзік эстетика сыйлайды. Әсіресе кенептегі көркемөнердің жанға берер тазалығы, мөлдірлігі мол. Картинадағы алуан түстердің арпалысы шынайы өмірдің құпиясын әшкерелеп тұрады. Байқасаңыз, ондағы өмір бергі беттегі біздің ғұмырымыздан әлдеқайда күрделі, әлдеқайда шытырман.
Мезгіл мозаикасын құрау үшін, әр күннің әуеніне бой жылыту қажет. Санадан өткен сәуле келесі жүректің құлпын ашу үшін композицияны ыстық махаббатпен жазуға тиіссіз. Әйтпесе әсері ұзаққа бармайды. Бұл сенің жеке шығармашылық қуатыңа тікелей байланысты. Қазақстандық суретші Владимир Колоденконың «Қыс. Шаңғышылар» картинасы осы үрдісті еске түсіреді.
Суреткердің шығармашылық лабораториясы ұлттық бейнелеу өнері алаңында ерекше орынға ие. Оның пейзаждары мен натюрморттары көпжылдық театрдағы қызметімен байланысты. Бұл – тірі әлемнің шындығынан, музыкалық әсерлерден, театр қойылымдарының сұлулығынан туындаған суретші фантазиясы.
Автор үнемі суреттер мен нобайлар сала жүріп, табиғат ортасында жұмыс істеді. Өмірдің барлық қырын барынша дәл беруге ұмтылды. Қылқаламын табиғат бояуларына малды.
Бақсаңыз «Қыс. Шаңғышылар» картинасында шаңғышылардың қысқы саябақтағы серуенін бейнелеген. Бірінші пландағы жайқалған биік ағаштар кенептің бетін тұтастай алып жатыр. Бұтақ шілтерлері арасынан түнерген бұлтты аспан мен қалың тоғай сығалайды.
Картина спектакльдің декорациясын еске салады. Бұл оның Абай атындағы МАОБТ-да сценограф болып жұмыс істегенін еске түсіреді. Суретші өз туындысында көрермендердің сезімін басқару үшін мықты тетік болатын сәнділік, ырғақ, қарама-қайшылық сынды көркемдік бейнелеу амалдарын пайдаланады.
Қошқыл түсті «биші» ағаштардың қасында шаңғышылардың фигуралары кішкентай, ашық таңба болып көрінеді. Бұл табиғаттың айбындылығын сездіреді, ал шаңғышылардың кішкентай фигуралары көрермендердің назарын өзіне тартып, олардың қысқы орманға жасаған серуенін бақылатады.