Уақыт деген тым шапшаң. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесі жарияланғалы да бір айдың жүзі болды. Мәлімдемеде үстіміздегі жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жарияланғаны айтылған-ды. Мұны біз Елбасының кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға деген шынайы көзқарасы деп түсіндік.
Сондай-ақ, мұның өзі ісін жүргізіп отырған халыққа деген үлкен қолдау да еді. Міне, мораторий күшіне енді. Бұдан былай шағын және орта бизнес өкілдері қаптаған тексерулерден көздерін ашып, болашаққа үміттерін жалғап еңбек ететін болды. Әсіресе, кәсіпкерлікке қалыптасып кете қоймаған өз ісін жаңадан ашқандардың бірден тексерудің теперішін көруден босағаны шындық. Бұл кәсіпкерлік нысандарының аяғынан нық тұрып кетуіне берілген көмек ретінде оң бағалануда. Мәлімдеме жарияланғаннан кейін-ақ, тексеруші органдардың жұмысы жаңа арнаға түсетіні белгілі болды.
Маған Елбасы мәлімдемесінде «Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, объективті, әлемдік талаптарға сай тексерістерді анықтау жүйесін әзірлейді. Бұл жүйе бойынша, 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап тек шынымен де заң бұзу ықтималдылығы жоғары кәсіпкерлер тексерілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем бармауға тиіс!» деп қадап айтқаны көңілімдегі сенімді нығайта түскен болатын. Мораторийдің кәсіпкерлердің тынысын кеңейтудегі қайтарымын қазірдің өзінде сезіне бастадық. Ат сабылтып келіп, аула босатпайтын тексерушілер қатары сиреді. Құзырлы орындардың қаптаған тексерістерінің қарқыны бәсеңсіді. Бұл зая кететін алтын уақытымызды өз кәдемізге жаратуға алғышарт жасауда. Жылдар бойы кәсіпкерліктің қатаң қағидаларын бұлжытпай орындап келе жатқан біздің кәсіпорынға да керегі осы еді.
Талаптардың жалпы санының 30 пайыздан астам мөлшерге азаюы да қолбайлау қағазбастылықтан құтқарары сөзсіз. Әрине, мораторийді желеу етіп, қайткенде де қарпып пайда табуға ұмтылушылық болмауы тиіс. Кәсіпкерлер өздеріне беріліп отырған мұндай жеңілдіктерді игілікке пайдаланады деп ойлаймын.
Біздің кәсіпорын «Астық индустриясы» компаниясының құрамына кіретін құрылым болып табылады, еліміздің батыс өңірінде «Корона» сауда маркасымен ұн және макарон өнімдерін ұсынады. Біз Үкіметтің кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қадамдарының игілігін көріп отырмыз десек артық айтқандық болмас. Тексерушілердің әр нәрсені желеу етуінің жолы кесілді. Енді кәсіпкерлермен санасатын кез туды. Жалпы, тексеруші органдардың қайткенде де кемшілік табудың істі ілгері апармайтынына көзін жеткізді, кәсіпкермен әріптестік қатынастың негізі қалана бастайды деп ойлаймын.
Биылғы жыл кәсіпкерлікті дамытуға кең көкжиектер ашылуымен ерекшеленеді. АҚШ долларына шаққанда теңгенің бағамына өзгеріс енгізудің өзі Үкімет тарапынан жасалған экспортқа өнімдерін шығаратын отандық тауар өндірушілерді қорғаудың тағы бір қайтарымды қадамы. Өткен жылы біздің кәсіпорын алыс-жақын шетелдерге ұн өнімдерін шығаруды 40 пайызға кемітіп алып еді. Енді бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Мұны алғашқы тоқсанда жұмыс қарқынының артуынан да аңғарып отырмыз. Бұл бізге валюталық пайда табуымызға жол ашады, сондай-ақ, мемлекетке салық түсімін молайтады, жұмысшылардың еңбекақысының өсуіне мүмкіндік туғызады.
Біздің кәсіпорынның қуаты тәулігіне 550 тонна жоғары, 1-2 сортты ұн өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Қазір бізге өз өнімдерімізді бәсекелестік нарыққа шығарудың жаңа көкжиектері ашылды. Осындай қолдау-көмектің арқасында кәсіпорын өз табысын молайтуға бағыт ұстауда. Бұл жұмысқа тың серпін беріп отыр.
Қанат ТАПАЕВ,
«Жаңа Әлжан ұн комбинаты»
ЖШС бас директоры.
Ақтөбе облысы.