Дубай EXPO-2020 дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған мерекелік іс-шаралар өтті.
Мереке аясында күні бойы көрме қонақтары үшін «Ақжелең» және «Тарлан» этно-фольклорлық ансамбльдері, сондай-ақ «Орда» және «Наз» би ансамбльдері өнерпаздарының қатысуымен бірқатар мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
Мерекеге орай Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонының алдында киіз үй тігіліп, келушілердің назарына қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсететін театрландырылған қойылым ұсынылды. Сонымен қатар павильон қонақтары үшін қазақ және шығыс тағамдарынан дастарқан жайылды. Келушілер қазақтың бауырсақ, жент және құрт сияқты дәстүрлі дәмдерінен ауыз тиді. Айта кетерлігі, мерекелік іс-шараға танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген қатысты.
Естеріңізге сала кетсек, EXPO-2020 дүниежүзілік көрмесі Дубайда 2021 жылғы 1 қазан мен 2022 жылғы 31 наурыз аралығында өтеді және Таяу Шығыстағы алғашқы EXPO көрмесі. Көрме тақырыбы «Ойлардың байланысы, Болашақтың құрылымы» EXPO-2020 Dubai Ұйымдастыру комитетінің деректері бойынша 19 наурыздағы мәлімет бойынша көрмеге 20 млн адам келді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны EXPO-2020 Ұйымдастыру комитетінің ақпараты бойынша осындағы үздік 10 павильонның қатарына кіреді. Бүгінгі таңда павильонға 1,4 млн-нан астам адам келіп кетті.
Туристік мүдделермен қоса, ол халықаралық бизнес-топтар арасында жоғары іскерлік қызығушылыққа ие болып отыр. Бүкіл кезең ішінде павильон алаңында 50-ге жуық іскерлік және мәдени іс-шаралар жоспарланды. Олардың шеңберінде конференциялар, форумдар, В2В кездесулер өтеді, сондай-ақ елдің инвестициялық және туристік әлеуеті бойынша жобалар, ғылыми және білім беру бастамалары ұсынылады.
Талғат САДЫҚҰЛЫ