• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2014

«Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының бұрынғы басшысы сотталды

335 рет
көрсетілді

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының экс-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұлов сот үкімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады. Ғ. Мырзақұловқа  2 млрд. теңгеден аса сомаға бағаланған ғарыш аппараттарының жинақтау-сынау кешенiнiң құрылысын кәсіпкерлерге заңсыз тендер арқылы берген деген айып тағылған болатын. Осы істі қараған Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Асхат Әшірбеков мынадай үкім шығарды:«Ғ.Мырзақұловқа мүлкін тәркілеумен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеп, жазасы қамауға алынған уақыттан, яғни 2013 жылғы 1 тамыздан бастап есептелсін». Тергеу материалдарына жүгінсек, онда Ғ. Мырзақұловқа қатысты  «Құлагер» құрылыс компаниясына тендерді ұтқызу үшін 210 млн. теңге пара алды және 90 млн. теңгені алаяқтық жолмен жымқырды» деген күдік келтірілген. Осы қылмыстық іске байланысты айыпталушының қорғаушысы Мұхаметқали Шайхин былай деді: «Айыпталушы Ғабдуллатиф Мырзақұлов және біз бұл үкіммен келіспейміз. Қолымызға үкімді алғаннан кейін, шағымданатын боламыз». Ал айыптаушы тараптың келесі бір дәлеліне назар аударар болсақ, сотталушы «жымқырған» қаражаттың барлығын жылжымайтын мүлікке жұмсаған екен. Мәселен, 2012 жылдың тамыз айында параның бір бөлігін алған Мырзақұлов коттедж бен пәтер құрылысына кіріскен. Бастапқыда ол «Фэмили Виладж» серіктестігімен келісім-шартқа отырып, қызына 42 млн. теңгеге екі қабатты коттедж және зайыбына екі пәтер салып бермек болған. Сонымен қатар ол 2013 жылдың маусым айы соңында Алматы облысының Талғар қаласында тұратын өзінің туған ағасы арқылы осы өңірдегі Кербұлақ ауданынан 90 мың долларға жалпы көлемі 340 гектарды құрайтын 7 жер учаскесін сатып алған көрінеді. Үш айға жуық созылған сот процесі барысында 22 том қылмыстық іс қаралды. Айыпталушыны үш бірдей адвокат қорғаған болатын. Бүгінде қорғаушылар сот шешімімен келіспей, Астана қаласының сотына қайта арызданатындықтарын мәлімдеді. Әмірхан Алмағанбетов. Дереккөз: «Астана» телеарнасы. Фото:  www. Respublika-kaz.info.