Елордада Қазақстандық қоғамдық даму институты «Sarap» сарапшылық клубының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, танымал ғалымдар және зиялы қауым өкілдері һәм саясаттанушы мамандар қатысты.
Маңызды жиынды ұйымдастырушы-модератор Серікқазы Кәкібаланың пайымдауынша, бұл реткі басқосуға негіз болған – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған саяси-әлеуметтік бағыттарды, келелі реформалар мен ұсыныстарды саяси сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерімен бірге ойталқысынан өткізу.
«Бұл жолғы Жолдау форматы мен мазмұны жағынан бұрынғылардан ерекше болды. Себебі Жолдауда мемлекетіміздің сындарлы кезеңнен өтуі мен дамуына қатысты нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленді. Ең алдымен саяси құжатта Президентіміз өзінің мемлекеттік саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынып, елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа қарсы жедел жүзеге асырылатын шаралар кешенін жүзеге асыру жайлы айтты. Соның ішінде, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік аппарат қызметіндегі бюрократияны жоюға баса мән берілетіндігі жайлы сөз болды», деді Серікқазы Көкенайұлы.
Жиын барысы әрі қарай пікір алмасу форматына ауысты. Алғашқы болып сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса бұл жолғы Жолдау саяси мәселелерге толы болғаны туралы атап өтіп, оның басты маңызына тоқталды: «Жолдаудың ерекшелігі – саяси ұйымдар, жеке тұлғалар болсын, барлығының ұсыныстары толық қамтылған кемел құжат ретінде маңызды. Ең бастысы, бұған дейін мәлім болғандай, халықтың сөзін тыңдап қана қоймай, оны іске асырудың тетіктері қалана бастады. Саяси құжаттың негізгі ұсыныстары – Парламенттің рөлін күшейту арқылы президенттік модельді өзгерту жайы қарастырылуда. Ол үшін мажоритарлы, пропорционалды сайлау жүйесіне көшіп жатырмыз. Менің ойымша, халық пен билікті жақындастыратын қадам. Одан кейін әртүрлі деңгейлі әкімдерді сайлау мәселесі айқындалып жатыр», деді.
Келесі кезекте сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев: «Қазіргі таңда Президентіміз тарапынан ұсынылып отырған саяси һәм экономикалық реформалар алда болатын зор өзгерістердің нышаны екені белгілі. Ендігі мақсат – осы өзгерістерді нәтижелі, тиянақты іске асыру. Яғни жемісін көру. Бұл тұста саяси реформаның өзегі – суперпрезиденттіктен президенттік-парламенттік басқару формасына көшу болмақ. Осының алғашқы қадамы ретінде Мемлекет басқарған адам ешқандай саяси партияның мүшесі болмауы керек делінді. Бұл үрдіс алдағы уақытта саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекелестік танытуына жол ашары анық», деді.
Мәжіліс депутаттарынан кейін сөз алған Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Сапарбай Жубаев: «Жолдауда халыққа қаңтар оқиғасы не себептен болғанын ашық айту және келешекте бұндай қасірет болмауы үшін не істеу керек екені айтылды. Ең негізгі себеп – қарапайым халықтың соңғы жылдары әлеуметтік жағдайының нашарлауы, жастар арасындағы жұмыссыздық, тұрғын үй алуға қолжетімділіктің азаюы.
Наразылықты тудырған екінші үлкен себеп – еліміздің ұлттық байлығының әділетсіз бөлінуі. 162 адамның Қазақстан байлығының 55 пайызына ие болуы. Бұл жағдай – өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы әділетсіз жекешелендірудің салдары. Арнаулы қаулылармен жер және жерасты байлығымыз билік және билікке жақын топтардың иелігіне берілген.
Бүгінде осы билік пен олигархтар иеленген байлықтарын місе тұтпай, бюджет қаржыларын сыбайлас жемқорлық жолымен иеленуді тоқтатпауында. Мәселен, ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау – субсидиялаудағы қоррупцияның өршуі. Бұл әділетсіздіктерді, яғни жемқорлықты тоқтатуға негізінен үш жағдай әсер етеді:
- биліктегілер мен олигархтардың меншікке әділетсіз иелік етуін өзгерту;
- ашық және әділетті сайлау жүйесін енгізу;
- халықтың коррупцияға деген көзқарасын өзгерту, әдет-ғұрпымыздағы сыбайлас жемқорлыққа төзімділігімізді азайту», деді.
Саясаттану ғылымдарының кандидаты Мейрам Иманбаев өз сөзінде: «Жалпы, дамудың кепілі – мемлекеттің конструкциясын дұрыс қалыптастырудан басталады. Соның бірі Батыс елдерінің қоғамдық қатынастары мен басқару құрылымдарында кіріктірілген демократиялық үрдістен үйренеріміз көп. Ақылды адам басқаның қатесінен сабақ алады дегендей, бүгінгідей алмағайып кезеңде басқарудың саяси жүйесі дұрыс құрылса, қалғаны, яғни экономика, руханият, білім саласы өздерінің дұрыс бағытын айқындап, әдеттегідей дами береді. Осы орайда, АҚШ саясаттанушысы Роберт Даль негіздегендей, демократиялық сайлаудың негіздері (сайлау әділдігі, сайлау еркіндігі, баршаға ортақ сайлау құқығы, тұлғаның өзін-өзі ұсына алуы, баламалы ақпарат, т.б.) қоғам өміріне толық сіңірілсе, бүгінгі жиынға тақырып болған қазақстандық жаңару және жаңғыру жолы жетілер еді», деді. Өз кезегінде қоғам белсенділері Серік Белгібаев, Мариямгүл Құсайынова қатарлы жас буын өкілдері де өз ойларын ортаға салды.