24-30 сәуір аралығында Семейде волейболдан әйелдер арасындағы Азияның клубтық чемпионатының жалауы желбірейді. Оған сары құрлықтың ең үздік алты командасы қатысады.
Ертістің жағалауында өтетін жарыста Қазақстанның намысын Өскеменнің «Алтайы» мен Петропавлдың «Қуанышы» қорғайды. Бұл клубтардың екеуі де мықты. «Алтайдың» алты дүркін ел чемпионы, төрт дүркін ел кубогы мен суперкубогының иегері деген атақтары бар. Жоғарыдағы белестердің барлығын олар 2016-2022 жылдар аралығында бағындырды. Былтыр Таиландта өткен Азияның клубтық чемпионатында алдарына жан салмаған өскемендік арулар алтыннан алқа тақты. Ал кілең қазақстандық волейболшылардан жасақталған «Қуаныштың» да қазіргі қарқынына көңіл толады.
«Алтай» мен «Қуаныштан» бөлек, аталған жарыста Иранның Barij Essence, Таиландтың Diamond Food-Fine Chef Sport Club, Өзбекстанның Jizzakh State Pedagogical Institute және Жапонияның JT Marvelous клубтары өз өнерлерін ортаға салады.