Бұл күндері Тәжікстанның бас шаһары – Душанбеде шосседегі велоспорттан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетуде.
Чемпионаттың алғашқы күні құрамында Евгений Федоров, Игорь Чжан, Юрий Натаров және Евгений Гидич сынды велошабандоздар бар ерлер командасы 24 шақырымдық қашықтықты 26 минут 48.933 секундта жүріп өтіп, бас жүлдені олжалады. Күміс пен қола медальды Моңғолия мен Иранның спортшылары иеленді. Әйелдердің командалық сайысында отандастарымыз мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Бұл бәсекеде Қазақ елі намысын Рината Сұлтанова, Фаина Потапова, Махаббат Үмітжанова және Анжела Соловьева қорғады. Біздің қыздар Өзбекстанды алға жіберсе, ирандықтар үшінші орынды қанағат тұтты.
Жекелеген сайыста 15 шақырымдық межені 20 минут 54.601 секундта бағындырған Дария Қазақбай күміс медальды мойнына ілді. Қазақ қызы өзбекстандық Анна Кусковадан ғана қалып қойды. Жасөспірімдер арасындағы жарыста Алексей Ваганов топ жарды. Сондай-ақ паравелоспорттан өткен сайыста Кенжеқұл Сейітжан мен Мақсат Қадыров та үшінші сатыға табан тіреді.