• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Наурыз, 2022

Онлайн төлем көлемі артты

331 рет
көрсетілді

Қазір ішкі нарықта қолма-қол төлем жасау үрдісінің азайғаны кәдімгідей байқалады. Көпшілік қызмет пен тауар құнын не картамен, не смартфонмен төлеуге әдеттене бастады. Соңғы бес жылда банк картасы санының 3,5 есе көбейгені де сөзімізге анық дәлел.

2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша айналымдағы карта саны 58 млн-ға жеткен, яғни әрбір қазақстандыққа үшеуден, ал әрбір экономикалық белсенді азаматқа 6 картадан тиесілі болмақ. 2017 жылдары бұл көрсеткіш 1 және 2,2 карта болғанын ескерсек, бес жылда картаға деген сұраныс әжептеуір артқанын аңғарамыз.

Соңғы бірер жыл көлемінде отандық банк секторындағы заманауи қаржылық технологиялық өнімдер мен қызметтердің пайда болуы ішкі бәсекені күшейтті. Сонымен бірге тұтынушыларға біраз жеңілдік алып келді. Ел ішіндегі карталардың 32,8 пайызы жергілікті төлем жүйелеріне тиесілі болса, 67,2 пайызы халықаралық жүйелердің еншісінде екен. Әрине, халықаралық төлем жүйесімен біріктірілген картаның артықшылығы мол, оны өзге елде де пайдалануға, халықаралық маркетплейстер арқылы тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлей беруге болады. Бұл ретте ондай халықаралық маркетплейстердің қазақстандық нарықта да танымал бола бастағанын айтып өтуге болады. Мәселен, AliExpress, Amazon, Wildberries және басқа да халықаралық платформаларда жаһандық төлем жүйелерінің карталарымен өнім (қызмет) сатып алуға мүмкіндік мол.

Finprom мәліметі бойынша, 2021 жылы қазақстандық банктердің карталары арқылы шетелдерде сауда жасау көлемі 66,3 пайызға ұлғайып, 967 млрд теңгеге жеткен. Транзакция саны 61,5-тен 90,5 млн-ға өскен. Бұл өсім биыл да байқалады. Сонымен қатар Қазақстаннан тыс аумақта карталардан қаржы шешіп алу көлемі де 27,7 пайызға артып, оның мөлшері 206,6 млрд теңгені құраған. Қазір қазақстандықтар Mastercard, Visa, UnionPay және American Express сияқты халықаралық төлем жүйелерінің карталарын белсенді пайдаланады және олар ұсынатын жеңілдіктер мен акцияларды да тиімді пайдалана бастаған.

«Қазір қазақстандықтар қолма-қолсыз төлем жасау үшін қаржылық инфрақұрылым ұсынатын әдіс-тәсілдерді сенімді қолданады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша POS-терминалдар арқылы іске асырылған қолма-қолсыз төлем 487,8 млрд теңгені немесе бүкіл көлемнің 50,4 пайызын құрады. Онлайн-тәсіл, яғни интернет немесе мобильді телефон арқылы жасалатын төлемдердің үлесі 48,9 пайызды, 472,9 млрд теңгені құрайды. Осылайша, төлем карталары ел ішінде де, сырт мемлекеттерде де әмиянның орнын толыққанды басты деуге негіз бар», деп жазады Finprom.

Ресей мен Украина арасында туындаған геосаяси ахуалға байланысты Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері Ресей аумағында қаржылық операцияларды доғарғандарын мәлімдеген еді. Яғни аталған төлем жүйелерінің карталарымен ресейлік дүкендерде төлем жасауға, банкоматтан ақша алуға мүмкіндік жоқ.