Қапшағай қаласында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев және Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов кездесіп, өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Жиынға аудан, қала әкімдері, сол сияқты шаруа қожалықтарының, аграрлық шаруашылықтардың басшылары қатысты.
Басқосуда сөз алған облыс әкімі Қанат Бозымбаев агроөнеркәсіп саласын әрі қарай дамытуда облыстың әлеуеті жоғары болғанымен әлемдегі тұрақсыздық өз әсерін тигізіп отырғанын айтты. Мәселен, биыл минералды тыңайтқыш, гербицид, тұқым, техника және оған қажетті қосалқы бөлшектердің бағасы өскен, суармалы су жетіспеушілігі байқалады, су тарифі көтерілді және басқа да мәселелер бар.
Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмыстары басталғанына тоқталды. Жалпы, осы саланы қолдауға биыл 309 млрд теңге субсидия бөлінді, оның ішінде 79,7 млрд теңге – өсімдік шаруашылығына, 100 млрд теңге – мал шаруашылығына, 8,4 млрд теңге – өнім өңдеуге және 120,4 млрд теңге қаржы құралдарына қарастырылып отыр. Сондай-ақ отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу үшін қосымша 388,2 млрд теңге бөлінбек. Сол сияқты бұрын күші жойылған жұмыртқаны субсидиялау бағдарламасы жалғастырылады, ал жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығының барлық субъектісі үшін субсидиялау нормативтері бірдей болады және 2 еседен жоғарылатылады. Бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге қаржы бөлінеді. Қарақұмық пен майлы дақылдар құнын арзандатуға қосымша 5,6 млрд теңге қарастырылады. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі алдағы уақытта ірі тауарлы сүт фермаларының құрылысын және көкөніс қоймаларын салу мен қайта жаңартуды қаржыландыруға, ет бағытындағы құс фабрикаларын салу мен жаңғыртуға, жылыжай шаруашылықтары желісін ұйымдастыруға, суару жүйелерін жаңғыртуға, тамшылатып суару технологиялары негізінде жеміс-көкөніс өнімдерін тиімді өндіруді ұйымдастыруға басымдық берілетінін де айтты.
Осы жиында Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов ирригация жүйелерін жаңғырту, ауыспалы егіс әдісін сақтау, суды үнемдеу, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайту сияқты шараларға кеңінен тоқталды. Соның ішінде Алматы облысында атқарылған мұндай жұмыстар суландыруға оң ықпал етуге тиіс.
– Көктемгі дала жұмыстарына техниканың дайындығын, жанар-жағармай, тыңайтқыш қорларын жинақтауы керек. Ауа райының қолайсыздығына бейімделген жоғары сапалы тұқыммен өндірісті қамтуға тиіспіз. Ислам даму банкі арқылы Ескелді және Ақсу аудандарының ирригациялық жүйелері қалпына келтірілуде. Десек те уақтылы қаржыландыру болмағандықтан көптеген жоба түзетуді қажет етеді. Су үнемдеу технологиясы алаңы биыл 27 мың гектарға жеткізілуге тиіс. Мал азығын даярлау бақылаудан тыс қалмауы керек. Ол үшін азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтып, мемлекеттік орман қоры, табиғи ұлттық парктер, жер қорындағы шабындықтарды тиімді пайдалану қажет. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі басымдық ішкі нарықтағы импортты алмастыруға беріледі, – деді Қ.Бозымбаев.
Алматы облысы