Күн мен түнді теңестіріп, жарықтың үлесін ұлғайтқан жыл басы да келді. Барыс жылы екі жыл бойы елді үрей құшағында ұстаған індетті ысырғаны да, ұмыттырғаны да рас. Бірақ коронавирустан толық құтылдық па? Енді емін-еркін жүруге бола ма? Мерекелерден кейінгі эпидемиялық ахуал қандай?
Қысқасы, індеттің қақпасы болған Алматыда бұл кесел ізім-қайым құрыды деуге әлі де ерте. Соңғы ресми дерек бойынша, мегаполисте 23 наурызда 8 адамнан КВИ табылды. Инфекциялық стационарларда 86 адам емделіп жатыр, ішінде 11 бала бар.
Қалада жағдай айтарлықтай тұрақталғаннан кейін, «Алматыда шектеу шараларын алып тастау мәселелері жөнінде» баспасөз жиыны өткен еді. Көпшілік орындар мен жабық жерлерде маска режімі міндетті болып қала беретінін мәлімдеген қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова індет жұқтыру көрсеткішінің төмендеуі қолданыстағы шектеулерді, соның ішінде Ashyq жобасы бойынша шектеулерді жеңілдетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Алматылықтар үшін екпе алу мен қайта вакциналау әлі де маңызды, иммундық қабат кемінде 75-85% болуы керек. Өкінішке қарай, Алматыда иммундық қабат 60%-дан аспайды.
«Бүгінде вакциналық профилактика жұқпалы және паразиттік ауруларға, соның ішінде коронавирусқа қарсы негізгі қорғаныс шарасы болып қала береді», дейді СЭБД басшысының орынбасары.
Өз кезегінде Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов көпшілік орындарда Ashyq жүйесін қолдану міндетті еместігін және бизнестің өз шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін екенін хабарлады. Бірақ ол да бөлмелердегі маска тағу режімі жойылмағанын жеткізді. Спикер Алматыда шектеу шаралары кезінде Ashyq жобасына 24 мыңнан астам бизнес субъектісі қатысқанын атады.
«Эпидемиялық ахуалдың жақсаруына байланысты Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі мекемеаралық комиссия шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдады», деді А.Қошмамбетов.
«Қызыл аймақта» орналасқан аймақтардағы Ashyq қатысушылары өз қызметін нысандардың толуына қарай шектеулер енгізе алады. Бұдан басқа, бизнес өкілі вакциналанған қызметкерлер мен келушілерге қойылатын талаптарды енгізу қажет пе, жоқ па, оны да өзі шешеді», деді Кәсіпкерлер палатасының директоры.
А.Қошмамбетов елдің көпшілігі бетперде режіміне қатысты тармақты қате қабылдағанын айтады. Жабық жерлерде және қоғамдық көліктерде маска режімі әлі де міндетті. Сондықтан осы талаптарды сақтауды жалғастыру қажет. Бұдан басқа, елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен: күндізгі режімде, яғни қызмет көрсету нысандарында COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерлерді жұмысқа жіберуге шектеулер, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйымдардың қызметкерлері үшін вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеу алынып тасталғанын еске сала кету керек.
А.Қошмамбетов бас санитарлық дәрігердің қаулысының қосымшасында «қызыл» мәртебесі бар келушілерді анықтау шаралары көрсетілгенін жеткізді.
АЛМАТЫ