Маужыраған Алтайдың ауылы. Мал жайғап, от жағар уақытта жоғарғы жақтан «скандинавиялық серуенге» шығатындарды байқап жүрміз. Қала болса бірсәрі, ауылдық жердің күйкі тірлігі күйіп тұрған уақытта таяқ сүйреп серуендегені несі деп сөккің келеді. Таяқпен серуендеудің пайдасын ұқпаған соң шығар... Сөйтсек, «скандинавиялық серуенде» дене бұлшық етінің 90 пайызы қимылдап, қан айналымы дұрысталады екен.
Өскеменде, Ертістің жағалауында таяқтарын тықылдатып әрлі-берлі сабылып жүрген қарияларды жиі көреміз. Алайда бұл спорт ауылдық жер үшін таңсық. Спорт емес, еріккеннің ермегі сияқтанатыны рас.
Ауылды айналып, Сарымсақты өзенінің бойымен құлдилап келе жатқан спортшылардың бірімен сөйлесіп едік, денсаулығының жақсарғанын, күні бойы сергек жүретінін айтып, әңгімелесе жөнелді. Тіпті, күннің аязы мен боранына қарамастан, өздері белгілеп қойған шақырымды жүріп өтеді екен. Араларында зейнеткерлер ғана емес, жастары да бар.
– «Скандинавиялық серуеннен» халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Біз жарысқа қатысайық деп емес, шынығайық, шымыр болайық деп серуендейміз. Тау-тасқа шықсақ та, таяқты тастамаймыз. Қазіргі таңда көп кездесетін хондроз, остехондроз, сколиоз секілді аурулардың алдын алатын бір спорт қайсы десе, осы серуенді айтар едім. Өйткені нәтижесін аз уақыттың ішінде сезіне бастадым, – дейді күзден бері скандинавиялық әдіспен серуендеп жүрген Зарина Мастикбаева.
Көзге қарапайым көрінгенімен, пайдасы орасан бұл не деген спорт деп, «скандинавиялық серуендеу» туралы жазған дәрігерлердің, жаттықтырушылардың жазбаларын парақтап көрдік. Шынымен де, жас-кәрі деп бөлмей айналысатын спорт секілді.
«Скандинавиялық серуендеу» – ұзақ ырғақты жүктемесі бар аэробика деп түсінік береді мамандар. Жүйелі түрде айналысса, сүйектерді, қан тамырларын, өкпені нығайтады. Стрестік жағдайларға жол бермейді, депрессиядан арылуға көмектеседі. Кейінгі жылдары танымал болып кеткен бұл спортпен әлемде 10 миллиондай адам айналысады. Көпшілік қызыға бастаған бұл спорттың тарихы қалай дейміз ғой. Сөйтсек, 1940 жылдары Финляндияда шаңғы құрамасының жаттықтырушысы Юхе Мието жаттығуды үзбеу үшін жаз айларында спортшыларды таяқпен жүргізген. Велоспортпен, жүзумен айналысуға болар еді, бірақ шаңғының жүктемесін «скандинавиялық серуендеуден» басқа спорт түрі бере алмайды деседі. Сөйтіп, жаттығуды үзбеген финляндиялықтар жеңіс тұғырынан көрінген. Уақыт өте бұл тәжірибені басқа да құрама командалар пайдалана бастаған. Бүгінде «скандинавиялық серуендеу» бұқаралық спорт түріне айналып келеді.
Шығыс Қазақстан облысы