• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2014

Сабаннан пайда тапқан серіктестік

380 рет
көрсетілді

Жолдауда энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөлініп,  өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсетуге  басымдық берілгені белгілі.  Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының  «жасыл» экономика тұжырымдамасы негізінде белгіленген тапсырмалары шеңберінде Қызылжар өңірінде  бірқатар шаралар жүзеге асырыла бастады.  Оған дәлел ретінде   екі шаруашылықтың   іргелі ізденістері мен  жағымды жаңалықтарын әңгімелеуді жөн көрдік. Біздің жолымыз алдымен Есіл ауданына қарасты Заградовка ауылдық округіне түсті. Осындағы «Прометей-Агро» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Шольді арнайы іздеп бардық. Сапар мақсатын түсіндіргеннен кейін  «Мен жайлы тым асыра мақтап жіберген болар. Көпшіліктен ерекшеленген ештеңем жоқ. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып,  еңбек етіп жатырмыз. Кейде ауылдастырымсыз мен кіммін деген сауал төңірегінде ойланамын. Ұжымды құрап отырған солар. Мен  де олар секілді ұжымның бір мүшесімін. Оларсыз мен нөлмін, түк істей алмас едім, бары осы», деді сөзден гөрі іске мығымдылығы түр-тұрпатынан, жүріс-тұрысынан бірден сезілетін шаруа адамы. Әкесі Иван көп жылы бойы «Заградовка» кеңшарына жетекшілік етіп, кейін еңбек эстафетасын ұлына  аманаттапты. Содан бері аталмыш  серіктестікке басшылық жасап келеді.  Осы кезең ішінде облыстағы  ауылшаруашылық өндірісін жоғары технологиялық жолға қойған іргелі агроқұрылымдардың біріне айналды. Тауарлы астық өндірісімен қатар  дәнді және майлы дақылдардың жоғары  сұрыпты тұқым ісін дамытуға бағдар ұстанған. Бастапқыда  ортақ  мүліктен еншіге тиген  ескі екі комбайн, осынша «К-700»  және  «МТЗ-80» тракторларын қанағат тұтса, бүгінде машина-трактор паркін «Клаас», «Вектор», «Джон Дир», «Бюллер-Хорш» секілді  заманауи техникалар құрайды.  Соның арқасында  орта есеппен гектар өнімділігі 18 центнерден асып жығылды. Бір мың гектардай алқапқа зығыр, рапс дақылдары себіліп, әр тоннасы 80 мың теңгеден өткізілді. Жер де бала сияқты, аялы алақанды,  мәпе­легенді сүйеді. Күтімі келіссе, өнім бермейтін алқап болмайды. Әлі күнге дейін экстенсивті тәсілмен жұмыс істейтін,  алған өнімді қанағат тұтып жүре беретін басшылар жоқ емес. Осындай самарқаулық көзқарасқа қарсы Елбасы агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бірізділікке түсіру  бағдарламасын ұсынды. Бұдан былай уақытша болмаса ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданушылар өзін де, өзгені де алдай алмайды, ұятқа батырады. Өндірістің өсімі жайлы ойланатын мезгіл жетті. Екіншіден, Мемлекет басшысы  фермерлердің  өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шығу талабын қойды. Бұл да өте  маңызды мәселе. Жасыратыны жоқ,  ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, өндірген өнімді, мысалы, астықты тиімді бағамен өткізуге бөгет жасайтын кедергілер, қосалқы буындар көп. Осылар алып  тасталса, көптеген дербестікке ие болар едік, дей келіп, Юрий Иванович қолданылып жүрген жаңа әдіс-тәсілдер жайында әңгімелеп берді. Соңғы  жылдары барынша аз технологияны қолдануға көшкен. Ол үшін  тұқым себуде дәнді топыраққа батырып отыратын дискілі тұқымсепкіш пайдаланылады. Ал, егіс алдында механикалық емес, химиялық өңдеу ғана жүргізіледі. Серіктестегі жаңа технологиялардағы жетістіктердің бірі – қайта орны толатын «жасыл энергия» қуатынан жылу алу жүйесіне көшкені. Бүгінде  шаруашылық ауласы,  әлеуметтік нысандар  осы жүйемен жылытылады. Ол үшін  арнайы жылыту қазандығы орнатылып, зығыр, бидай сабаны отын ретінде пайдаланылады.  Бұрын бір қысқа ауладағы қонысжайларды, гараждарды жылытуға 70 тонна көмір қажет етілсе, енді 500 дана сабан орамасы жеткілікті. Алда осы саладағы жаңғырту жұмыстарын жалғастырмақ ниетте. Өткен жылдың қорытындысы бойынша  серіктестікке бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі жөніндегі «Барыс» байқауы­ның дипломы тегін тапсырылмаса керек. Ауылдағы 200-ден астам үлескердің басын қосқан  басшы мектептің акт залын жөндеуге 3  миллион теңге бөлді. Оқушыларға 1,4 мил­лион теңгенің  спорт жабдықтарын сатып әперді.  Соңғы 4 жылда 10  миллион теңгенің демеушілік көмектерін  көрсетуінің өзі неге тұрады? * * * «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптас­қан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Жолдауы­на сәйкес елімізде нақтылы іс нәтижелерін бағалауға баса назар аударылып отырған шақта тұрғындардың тұрмыстық жағдайына ықпал ететін әлеуметтік мәселелердің маңызы зор. Осындай  өзекті жайттарды шешуде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан «Целинное-2004» ЖШС-нің қол жеткізген жетістіктері мен атқарып отыр­ған істері ауыз толтырып айтарлықтай. Ауылдың қаймағы бұзылмай, өзгелердей үдере көшпей, бүтін отырған себебін бірлік пен ынтымақтан іздеген жөн шығар. Кеңшар кезінде 300-дей отбасы түтін түтеткен елді мекенде аумалы-төкпелі кезеңдерден өткеніне қарамастан, қазірде 280-нің үстінде шаңырақ қалғаны қуанарлық. Онда өзге кәсіптегілер мен зейнеткерлерді айтпағанның өзінде, ауылшаруашылық кәсіпорнында 212 адамның жұмысқа тартылғаны табыссыз отбасылардың жоқтығын білдірсе керек.  Іргелі ауылға тұтқа болып отырған  серіктестіктің арқасында  кеңес кезінен қалған әлеуметтік нысандардың барлығы толық іске қосылған. Жаңа өмір талабына сай жаңғыртылып, жаңаша өріс тауып жатқан оң істер де жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – сабан отынымен жұмыс істейтін жаңа жылу орталығы қазандығының іске қосылуы. Облыс орталығынан 400 шақырымдай шал­ғайда жатқан ауылға ең алдымен осы жаңалықпен танысу үшін барған едік.  Дәнді алқаптар көлемі 27500 гектарды құрайды.  Бұдан тысқары  2500 гектар жерге  зығыр да­қылы орналастырылған. Жыл өткен  сайын  машина-трактор паркі  нығайып келеді.  Ұсақ топырақ өңдеу құралдарын айтпағанның өзінде, осы заманғы «НЮ Холланд», «Челенжер» және «Вектор» маркалы 23 комбайн, «Макдональдс» маркалы екі өздігінен жүретін жатка, үш дәрі шашқыш, алты егіс кешені және он «Челенжер» тракторы бар. Шаруашылықтың шашауын шығармай, бүтін қалуының бір себебі,  инвесторлардың қолдауына сүйенбеуі болар? Әйтеуір, оны қызғыштай қорып, талан-таражға түсірмеген ел азаматы енді оның игілігін бүкіл ауыл тұр­ғындарының көріп отырғанына қуа­нышты. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатымен иесіз қалған сыйымдылығы  40 мың тонналық астық қабылдау кәсіпорнын меншікке алған. Бұдан тысқары 4 механикалық қырман мен 8-10 мың тонналық  бірнеше астық қоймалары жұмыс істейді. Серік Кенжетайұлы шаруашылықтың өндірістік буындары мен әлеуметтік нысандарын таныстыруды серіктестіктің  басты жаңалығы – сабан отынымен жылытылатын орталық жылу қазандығынан бастады. –  Қиын кезеңнің өзінде  орталық жылыту жүйесін сақтап қалдық. Бұрынғы көмір отыны пайдаланылатын қазандықты былтыр сабан отыны жағылатын қондырғыларға ауыстырдық. Польшалық екі «RM 03-2» марка­лы қазандық қойылды. Іште  су ысытатын  25 текше метрлік екі сыйымдылық орнатылған. Оларға жалғанған жылу жүйе­сінің құбырлары  жылу ауыстырғыштар арқылы өтеді. Бұл екеуінің жиынтық жылу ауыстырғыш қуаты 22 текше метрді құрайды өндірістік және әлеуметтік нысандарды, ауылдың төрт көшесінің үйлерін жылытуға толық жетеді. Өңірімізде қолданылатын жылу қазандықтарынан  айырмашылығы – қамту аумағы кең, былайша айтқанда, орталық жылу жүйесі міндетін мүлтіксіз атқарады. Оған өзіміз ойластырып,  өнертапқыштықпен іске қосқан жылу ауыстырғыштартың арқасында қол жеткізіп отырмыз, – деді басшы. Көптеген аудан орталықтарының өзі орта­лық жылу жүйелерінен айырылып қалғанда, целинныйлықтардың оны сақ­тап қана қоймай, жаңартып, жетілдіріп отырған­дарына сүйсінесің.  Бұл ауыл судан да тапшылық көрген емес. Қысымды су мұнарасы мен резервуар жұмыс істейді. Жерасты ұңғымасынан алынатын су сапасы жағынан атақты «Тассай» суынан бір де бір кем емес көрінеді. Көшелердегі су колонкаларынан басқа үйлердің 60 пайызына су енгізілген. Оған сұраныс көп. Сондай-ақ, әрбір үйдің бау-бақшасына  дейін су құбырлары тартылған. Қажетті су Есіл өзенінен алынады. Өткен жылы 32 метр тереңдіктен тағы бір ұңғыма құбыр қазылып, техникалық су қажеттілігін өтеуге жаратылған. Біздің бір байқағанымыз, серіктестіктің өндірістік буындары түгелдей сақталған қалпында мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Оны өзіміз болған машина жөндеу шеберхана­сының даладай дарбазаларының осы заманғы қақпаларға ауыстырылғанынан-ақ  аңғаруға болады.  Шеберханада  үш токарьлық және бір фрезерлік станок қойылған. Жаңа техникалар тұратын боксты  тама­ша­­ладық. Оның шатыры жаңартылып, орталық жылу желісіне қосылыпты. Онда  жаңа 7 комбайн, өздігінен жүретін 3 дәрі шашқыш, 3 орта санатты «Челенжер» трак­торлары және екі «Макдональдс» жатк­а­лары сап түзеген. Биыл тағы  екі жатка алу жоспарланған.  Жылы автомобиль гаражында да болдық. Оған ша­руа­шылық есебіндегі 40 автокөлік сыймаса да, қыс айларында жұмысқа жегілер көліктерге  орын жетіп артылады.  Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықта техникаларды ұқыпты, күтімді ұстаудың барлық жағдайы қарастырылғаны көрініп тұр. Тіпті, көптеген шаруашылықтарда ізі де қалмаған машина ауласының тәртібі таңдай қақтырарлықтай. Шаруашылықта әлеуметтік серіктестік бойынша жұмыс істеп тұрған нысандарды кәсіпорын басшысы өзі бастап жүріп аралатты. Олардың бәрі сабанмен жылытылатын  орталыққа қосылған. Біз болған «Қарлығаш» шағын орталығында 25 бала тәрбиеленеді екен. Мектеп жанындағы дайындық сыныбы да осында. Мұнда  бүлдіршіндерге қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Орталық асхананы азық-түлікпен қамтамасыз етуді,  отбасылық дәрігерлік амбулаторияға да әлеу­мет­тік қамқорлық жасауды, физиоем кабинетінің маманы Сария Швецоваға еңбекақы төлеуді   серіктестік өз міндетіне алған. Амбулаториядан басқа, күндізгі станционар, акушерлік және балаларды байқау кабинеттері, зертхана, дәріхана, монша, шаштараз, бес дүкен жұмыс істейді. Наубайханада күніне 500 бөлке нан пісіріліп, 35 теңгеден сатылады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан», Тоқтар НҰРАХМЕТҰЛЫ, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы.