• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Наурыз, 2022

Қарапайым заттар экономикасы: Отандық өндірісті дамыта аламыз ба?

355 рет
көрсетілді

2018-2021 жылдарды қамтыған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аралық қорытындысын шығару жөніндегі мәселе қайта көтерілді. Жобаның о бастағы мақсаты ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету болатын.

Ұлттық банк осы бағдарлама арқылы мемлекеттің эконо­микадағы үлесін азайтамыз десе, Үкі­мет ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үле­сіне тың серпін береміз деп үміт­­тенді. Бұл құжат, аты айтып тұрғандай, шикізаттық емес сектордың ландшафтына өз­герістер алып келуі тиіс еді. Бірақ соңғы нәтижеде бәрі басқаша бо­лыпты. Сарапшылар жоба бо­йынша Rixos Turkestan және өзге де 30 шақты қонақүйдің құрылысына да қаржы бөлініп кеткенін айтты.

Енді бәрін басынан бастасақ, әлемде қарапайым заттар экономикасы (ҚЗЭ) – қазіргі заманғы экономиканың ең табысты және инновациялық секторларының бірі. Бізде бұл сегментті дамы­туға шикізатты ресурсымыз жеткілікті.

Экономист Бейсенбек Зия­бе­ковтің түсіндіруінше, 2018 жылы бұл бағдар­ламаны жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінген. 2022 жылдың ба­сында 1 трлн теңгемен қосымша қар­жы­­ландырылды. Оның 500 млрд теңгесі – агроөнеркәсіп кеше­ніндегі өндіріске, 200 млрд тең­гесі – өңдеу саласына, ал қалғаны өнеркәсіпке және қызмет көрсету саласына бағытталған.

«Бағдарлама қабылданған кезде қай­та өңдеумен, тереңдетіп өңдеу­мен ай­на­­лысатын 300 жобаның қаржы­лан­­ды­рылатыны айтылған. Бірақ жоба­ның тиімділігі туралы айтылған мәлім­демелерде нәтиже тым жалпылама баян­далады. Мысалы, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров былтыр жұмсалған субсидияның әр 1 теңгесіне 40 теңгенің өнімі шығарылғанын, 3 теңгенің салығы төленгенін айтты. Бұл көрсеткіш рас болса, ішкі нарықтағы қазақстандық тауарлардың «ішегін бір майлауға» шамасы жететін-ақ фактор. Бірақ нәтиже мүлде басқаша болып шыққанын мына деректер айқындап тұр: 2019 жылдың басында Қазақстанда қайта өңдеумен айналысатын 712 кәсіпорын болса, 2022 жылдың басындағы көрсеткіш екі кәсіпорынға көбейіп, 714-ке жеткен. «Нәтижесінде, мемлекеттің қаржысы қарапайым заттар экономикасына түк те қатысы жоқ сұлулық салондарына, қонақүйлер жобасына, басқа да релевантты емес жобаларға жұмсалған», дейді Б.Зиябеков.

Оның айтуынша, бұл құжат – толық­қан­ды бағдарлама емес. Оны әлі де же­тіл­діру керек. Себебі бағдарлама қа­был­­­да­нардың алдында қаржы институт­тарын­да шамадан тыс қаржы жинақталды. Сол себепті Үкімет қаржыны қысқа мерзімде ме­ханизмдер арқылы айналымға шы­ғаруға шешім қабылдады. Үкіметтің жос­пары бойынша бағдарлама импорт­тың орнын басуы керек еді. Себебі бағдар­ламаның алғашқы нұсқасын дайын­даған кезде экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) аясында нақты салалар тізімі белгіленді. Алайда кәсіпорындардың қажеттілігін зерттеп, анықтауға мүмкіндік болмай, бас­тап­қы тізімге басымдық берілді. Яғни «біз­де не шығаруға болады, қай сала тиім­дірек, мүм­кіндігіміз неге жетеді, қалта­мыз қан­дай жобаны көтереді» деген сауал­дар­дың жауабы терең зерделенбеді.

Әлбетте, бағдарлама қабылданған 2018 жыл мен қазіргі жағдайды салыс­тыра алмаймыз. Біздің елде реформа деген түсініктің қадірі кеткенін, оған жұрт тіксініп қарайтынын сарапшылар жиі айтады. Бағдарламаны толыққанды жүзеге асыру үшін несиенің қолжетімді­лігі ма­ңызды. Сондай-ақ кедергі болатын тағы бір фактор – экономиканы қаржыландырудың төмендігі. Мысалы, қарапайым заттар экономикасы бағдар­лама­сының жұмыс істейтін мерзімі де, қаржылық капиталы да сын көтермей­ді. Мысалы, Қытайда осыған ұқсас бағ­дарлама 1980 жылдардан бері жұмыс істейді. Қазіргі үшінші кезең ҚХР-ды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосты. Ал осындай бағдарламаны 2017 жылы қабылдаған Ресей 2023 жылдан бастап оның екінші кезеңі басталатынын айтып отыр. Көрші ел бұл кезеңде ірі қалалар төңірегінде өнеркәсіп парктерін дамытып, оларда тұтыну тауарларын өндіруді жолға қоймақ.

Б.Зиябеков 2018 жылы бағдарламаның қаржылық капиталы 600 млрд теңге болғанын, кейіннен бұл сома 1 трлн теңгеге қайта қаржыландырылғанын айта келе, оны үстемелетіп қаржыландыра беру мәселені шешпейтінін айтады. «2018 жылдан бері бағдарламаның шарттары алты рет қаралып, жалпы көлемнің бестен бір бөлігі ғана игерілді. Игерілген сома шамамен 200-300 млрд тең­геден сәл асады. Бағдарламаның қоржы­нында игерілмеген 1 трлн 300 млрд теңге инфляцияға желініп, бос жатыр. Шалғай аймақтағы адамдар бақылаушы органдардан қорқып, биз­неспен айналыспайды. Бұлай жалғаса берсе, ҚЗЭ бағдарламасы да әдемі атауынан басқа түгі жоқ құжаттардың бірі болып қалады» дейді Б.Зиябеков.

Көршіміз Өзбекстан нарықтық экономикаға көшуді нақ осы қарапайым заттар экономикасынан бастағанын білеміз. Орталық Азия елдерінің ішінде ШОБ-тың маңызды рөлі Өзбекстанда нақты байқалады. Мұнда шағын бизнестің үлесі ІЖӨ-нің 53,9 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстаннан әлдеқайда көп. Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шағын бизнесте жұмыс істейтіндердің үлесі экономикалық белсенді топтың 73,8 пайызын құраған.

Ішкі нарықты отандық тауарлармен қамту бір-екі жылмен шектеліп қалмайтынын сарапшылар ғана емес, кәсіпкерлер де айтады. Кәсіпкер Махам­бет Асабаев он жылдан бері құрылысқа арналған қолғапты шығарумен айналысып жүргенін, нарықта үлес үшін тартыс «тар жол, тайғақ кешумен» бірдей екенін айтады. Тауарға пайдаланатын шикізаттың 90 пайызы елде шығарылса ғана отандық тауар болып саналады. ҚЗЭ бағдарламасы шеңберінде дайындалған тауарларды қазақстандық өнім деп танудың өзі күрделі процесс екен. Демек, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкер тауарға пайдаланатын шикізатты да елімізде шығаратынын дәлелдеу керек. «Мен ҚЗЭ бағдарламасының бірнеше кезеңге бөлініп, ұзақ мерзімді қамтығанын қалаймын. Бұл тәжірибе Ресей, Түркия, Қытай елдерінде сыннан өткен. Қаржыландырылған жобалардың оқ бойы озық шыққандары үстемелетіп қаржыландырылса, кәсіпкер бизнес-жоспарын әртараптандырады, тауар шикізатын өзі дайындауға мүмкіндік алады», дейді кәсіпкер.

Бұл бағдарламаның орындалу мерзімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жылдың аяғына дейін ұзартылып, қосымша 1 трлн қаржы бөлінді. Енді бағдарламаға қалай ілесіп кететінімізді 2022 жылдың екінші жартысы көрсетеді.

Үкімет тарапынан бізді күтіп тұрған нәтиженің нақты көрсеткіші туралы мәліметтер жұқалап болса да айтылып жатыр. Ел ішінде шағын кәсіпорындар ашуға ниет бар. Нанотехнологияларды шығара алмасақ та балға мен шегені, кесе мен шәйнекті өзімізде шығаруға мүмкіндік бар. Мысалы, Қапшағай қала­сында кезінде КСРО-ға мәлім болған Қап­шағай фарфор ыдысын шығаратын әйгі­лі өндірістің жұрнағы сақталып қал­ғанын естідік. Сондықтан кәсіпкер ҚЗЭ бағдар­ламасы операторына жобасын ұсынбастан бұрын «ертеректе біздің аймақ қандай заттар шығарумен дараланған еді, соны жалғастырса қалай болады?» деген ойды бір саралап шыққаны артық болмайды.

М.Асабаевтың айтуына қарағанда, қаржылық және интеллектуал­дық мүмкіндігімізбен iPhone мен Tesla өнім­деріне балама болатын тауарларды дәл қазір шығара алмаймыз. Бірақ әлем дамып жатыр, уақыт бір орында тұр­майды. Дамыған әлеммен бірге жастарымыз да өсіп жатыр. Дамыған елдермен салыс­тырғанда бізде адам капиталында өсім бар, демографиялық дағдарыстың ауылы алыс. 19 миллионнан асқан халықтың 27 пайызы 18-30 жас аралығындағы жас буын. Жастардан көп үміт күтуге болады.

М.Асабаев айтып өткендей, нарық заңы бойынша экономикамыздың не­гізін қарапайым заттар экономикасы­нан бастауға мүмкіндік берілуі керек еді. 1990-жылдардың басында қара­пайым киім-кешек тігіп, оны сатумен айналысқандар бизнесін дамыта берсе, бүгінде ірі фабрика иелеріне айналар еді. Шикізатты шетелге экспорттағандар, шетел­ден тауар әкеліп сататындар бизнес заңын басқа арнаға бұрып, жабайы на­рық­қа айналдырып жіберді. Осылайша, «тез байып кетудің төте жолы» бизнестің мүм­кін­дігін тоқтатып тастады. Тіпті қазақ­тың кәде-сый­ларының сүйегін қырғыз, қуыр­шақ­тарын Қытай дайындап, оны «өзі­міздікі» деп сатқан күндер де болды. Дәл қазір бизнесте жүрген азаматтардың қан­шасы алыпсатарлықпен айналысатыны, қаншасы тауар шығаратыны беймәлім.

Постиндустриалды қоғамнан ақпарат­тық-технологиялық қоғамға ауысқаны­мызды айтып өткен сарапшы жоғары технологиялар жасап, туристерді ғарыш­қа жібере алмасақ та импорттық тұтыну тауарларының өндірісін алмастыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Қазақстанда қарапайым заттардың экономикасын қалай қалпына келтіру­ге және оны тартымды және тиімді етуге болады деген мәселе Үкіметті ғана емес, бизнесті те шындап ойландыруы тиіс. Содан кейінгі мәселе – кез келген тауардың сыртқы көрінісі, дизайны бағасына да, сұранысқа да әсер етеді. ХХI ғасырдың тұрғынын өткен ғасырда айна­лымға шыққан тауар үлгісімен қарата ал­майсың. Сапасы, сыртқы көрінісі бір-бірімен үйлесіп тұрған тауарлар кез келген уақытта жоғары сұранысқа ие. Сол себепті қарапайым заттар экономикасы маман даярлаумен қатар жүруі, ЖОО бағдарламаларына бұл бағыт академиялық сағат ретінде енуі тиіс», дейді М.Асабаев.

 

АЛМАТЫ