• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Наурыз, 2022

Не ексең, соны орасың

371 рет
көрсетілді

Көктемнің әр күні жылға азық екенін жадына мықтап тоқыған ақ­мола­лық диқандар жауапты науқанға жан-жақты дайындық үс­тін­де. Биыл 5,1 млн гектар жерге тұқым сіңірілмек. Өткен жыл­­мен салыстырғанда егістік көлемі 53,4 мың гектарға ұл­ғай­­мақ. Майлы дақылдар көлемі де 14,2 мың гектарға ке­ңей­­тілмек.

Ең бастысы, елорданы азық-түлікпен қамту аймағына жататын облыстың берекесі мол болуы шарт. Берекенің мол болуы көктемгі бейнетті істің тыңғылықтылығына тікелей байланысты. Биыл 17 мың гектар алқапқа картоп, 2,7 мың гектарға көкөніс өсірілмек. Диқандар дақыл түрлерін мол өндірсе, бәсекелестік пайда болып, өнім бағасын сәл де болса арзандатуға септігі тиіп қалар деген үміт бар. Былтырғы құрғақшылық кезінде бағымдағы малдың жем-шөбін тауып беру малсақ қауымның бас ауруына айналды. Биыл да далада қар аз, қыс бойы жауған ақ ұлпа ат тілерсегінен ғана келеді. Қазірдің өзінде егістік алқаптардың қары еріп кетті. Наурыздағы сырғыма боранның сай-саланы қуалаған аз ғана қары негізінен орманды алқаптардың ығы­нда. Ұзақ жылғы мол тәжіри­бесі бар диқандар ендігі арада көктемгі ылғал жабу жұ­мыс­та­рын тыңғылықты жүргізу қажет екенін айтып отыр. Әйтпесе, ылғал топыраққа сіңбей ұшып кетсе, көкөскіннің бой салып көте­рілуі қиын. Мал азығын мұ­қият қамдау үшін 185,5 мың гек­тарға тұқым сіңіру межелен­ген. Бұл орайда да өсім бар. Нақтырақ айтатын болсақ, 2021 жылғы деңгейден 10 мың гектарға артық. Осы арада жал­ғыз егістік шаруашылығына ғана иек сүйемей, төрт түлік малдың қамын ойлаудың да қажет екенін екпін түсіріп айта кетсек ар­тық­ты­ғы болмас. Жер көлемі өте көп өңір үшін кеңейтілген 10 мың гектар аса толымды көр­сеткіш емес. Сон­дық­тан, ауыл шаруашылығы құры­лым­да­ры мал азығына мейлінше мән бер­ген­дері жөн болар еді.

Әлемдегі геосаяси жағдайға орай көктемгі науқанда тұқым жеткілікті болар ма екен деген күдік көңілге алаң кіргізген еді. Дәтке қуаты, дәл қазірдің өзінде бұл орайдағы барлық сұраныс 100 пайыз орындалған. Демек аса бір қажеттілік жоқ. Қолда бар тұқымды саралай кететін болсақ, бірінші санаттағысы 153 мың тонна, сондай-ақ екінші санатты 105, үшінші санатты 25 мың тонна тұқым бар. Бұл көлем өңірдің барлық шаруашылықтарын тұқыммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыста өзіне қажетті сапалы тұқым қам­дап алатұғын жағдай бар. 33 элиталық тұқым шаруашылығы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарын өнгіштік қасиеті жоғары тұқыммен қамтамасыз ете алады. Биылғы көктемде элиталы тұқым шаруашылықтарының қамбаларында 50 мың тоннаға жуық тұқым іркіліп қалған. Оның ішінде элиталысы 27 мың тонна, бірінші репродукциялысы – 23 мың тонна.

Бұрнағы жылдары шешуші кезеңде қолбайлау болатын дүние, ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдарының машина-трак­тор паркінің әбден тозығы жетуі болатын. Соңғы жылдары мем­ле­кеттің көмегі арқылы бұл мәселе де оңынан шешіліп қалды. Ди­қан­дар үшін әр сәті қымбат нау­қан­дық жұмыс кезінде қолда бар техниканың бәрі кідірмей жүріп-тұруы керек.

Өңір диқандары биыл ерте қамданды. Сол істің нәтижесінде көктемгі дала жұмыстарына қа­жетті барлық техника жөн­деу­ден өткізіліп, 100 пайыз да­­йын­дық шебіне қойылды. Егіс науқанына ұзын-ырғасы 18 мың­­­нан астам тұқым себетін тех­ника мен жоғары өнім егу кешені қатыстырылмақ. Аз күш емес. Осындай дайындықтың нәтижесінде көктемгі дала жұ­мыс­тарын топырақтағы ылғал кеуіп кетпей тұрғанда сеуіп үл­ге­руге болады. Жыл басынан бері шамамен 9 млрд теңгенің 229 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынғанын айтар болсақ, өңірдегі диқандар мүмкіндігінің біршама мола­­йып қалғанын аңғаруға болады. Нақтырақ айтқанда, 65 трактор, 48 комбайн, 22 тұқым сепкіш және басқа да техника алынды.

Ендігі мәселе – жанар-жа­ғар­­май. Соңғы жылдары оған Үкі­­мет тарапынан жеткілікті кө­­­ңіл бөлініп отыр. Биыл да ар­­­зан­­­датылған бағамен 72 мың тон­на дизель отыны бө­лін­­ді. Бұл – өңірге қажетті жанар-жағармайдың 95 пайызы. Бүгінгі таңда қалған көлемге алдын ала қаражат төленіп, аудандық терминалдарға тасымалдануда. Көгеріп көктем келгенше бұл бағыттағы көп-көрім шаруа уақтылы тындырылмақ. Егер осы жоспар жүзеге асса, диқандар жанар-жағармайдан қысылмайды. Бұл арада айта кететін бір жайт, соңғы баға – литріне 208 теңге. Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 32 мың тонна және Шымкент мұнай өңдеу зауытынан 40 мың тонна жанар-жағармай жеткізу көзделген.

Мол астықтың негізін қалай­тын жайдың бірі – тыңайт­қыш. Қажетті минералды тыңайт­қыш­та­рды сатып алу жұмыстары әлі де жалғасуда.

– Бүгінге дейін межеленген 100 мың тонна тыңайтқыштың 40 мың тоннаға жуығы сатылып алынды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов, – өткен жылы 90 мың тонна көлемінде тыңайт­қыш игерілген болатын. Биыл жер құнарын арттыру үшін көле­мін де өсіріп отырмыз.

Диқандарда қажетті қар­жы­ның да бар екенін айта кеткен ләзім. Көктемгі дала жұмыс­та­рын несиелендіруге «Кең да­ла» бағдарламасы бойынша «Қаз­Аг­ро» филиалдары арқылы 2,6 млрд теңгенің көлемінде 76 өтінім қаржыландырылды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлт­тық компаниясы арқылы «Көк­ше» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының кепілдігімен ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу жұ­мыс­та­ры жүргізілуде. Бұл мақсатқа Үкі­мет тарапынан 23 млрд теңге бөлінді.

– Егін шығымдылығы жер құнары мен ылғалға байланыс­ты екендігі белгілі, – дейді Зе­рен­ді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының өкілі Құлан Болатов, – бір жылдары ерте ек­кендер ұтып, кеш еккендердің егіні көтерілмей қалатыны да болады. Ең бастысы, тұқым се­бе­тін уақытты қалт жібермеу қа­жет.

Дала тынысын қалт жібермей қадағалайтын шаруа адамының көп жылдық тәжірибесіне сүйе­ніп айтқан уәжіне де ден қойған ләзім. Шынында да кез келген іс өз уақытында атқарылғаны жөн емес пе?!

 

Ақмола облысы