Күре жол үстінде күн сайын болып жатқан жол-көлік апаттары кім-кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Бір ғана деректі келтіре кетейік. Қаңтардың төрт күнінде жол-көлік апатынан 21 адам қаза болған. Төрт өңірде тіркелген қанды оқиғалар бір сәтте бірнеше отбасын жалмап кетті.
14 қаңтар. Атырау облысында Доссор-Құлсары-Бейнеу күре жолында Honda Odyssey ВАЗ-2115 автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 5 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті. Қаңтардың 15-і. Қызылорда облысында Арал-Қазалы автожолында Mazda көлігінің жүргізушісі көктайғақта рульге ие бола алмай, қарсы бетте келе жатқан Volvo жүк көлігімен бетпе-бет қақтығысып, жол апатынан 8 адам көз жұмды. 18 қаңтар. Жамбыл облысындағы Саудакент-Жаңатас тасжолында КамАЗ автокөлігі дәл бұрылыста Audi-мен соқтығысып, соның салдарынан төрт адам жол үстінде тіл тартпай кетті. Тағы бір жолаушы ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген. Тағы төрт бірдей адамның өмірін жалмаған көлік апаты Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Омбы-Майқапшағай автожолында Киа Rio жүргізушісі алдында келе жатқан Mitsubishi Outlander-ді басып озамын деп көлік апатын жасаған. Қаза тапқандардан бөлек үш адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Төрт оқиғаның төрт түрлі себебі бар. Біріне біресе жаңбыр, біресе қар жауып, арты көктайғаққа ұласқан қаңтар айының құбылмалы ауа райы «кінәлі» болса, енді бірінде өзінің ғана емес, жолаушыларының өмірі үшін жауапкершілікті сезіне қоймаған жүргізушінің жүгенсіздігі жатыр. Жылдамдықты асыру да асқынып кеткен, жол үстіндегі мәдениет те ақсап тұр. ІІМ-нің мәліметтеріне қарағанда, бір ғана қаңтар айында 850-ге жуық жол-көлік апаты тіркелсе, соның кесірінен 166 адам көз жұмған. Ал жол апаты кезінде жарақат алғандардың саны 1 100-ден асады. Бұл дегеніңіз осыншама адам өмір бойы тән жарасымен арпалысып өтеді деген сөз.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жантүршігерлік жол апаттарының жиілеп кетуіне ауа райының қолайсыздығы ғана емес, жүргізушілердің жауапсыздығы да түрткі болып отырғанын айтады. «Ең басты себеп жүргізушілердің қарапайым жол жүру ережелерін сақтамауында жатыр. Әсіресе желігі басылмаған жастар жол үстінде жоғары жылдамдықпен келе жатып, маневр жасауға құмар. Асығып, жолдың қарсы бағытына шығып кететіндер де азаймай тұр. Жол белгілерін елемеудің ақыры ауыр қайғымен аяқталып жатқанын көп көлік иелері ерен санамайтыны өкінішті», дейді полиция подполковнигі. Комитет қызметкері «Жолдардағы осы қайғылы оқиғаларға байланысты әкімшілік полиция комитеті жол қозғалысының барлық қатысушыларын қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен автомобильдер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады. Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап, қар аралас жаңбыр жауып, мұздақ болған кездері елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеуі керек», деген ескертуді де қаперлеріне алмайтынын айтады. Әсіресе ауа райы қолайсыз күндері қарлы боран мен көктайғаққа, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларының ескертуіне қарамастан жолға шығып кетіп, жабық тұрған автобекеттерді айналып өтетін жүргізушілердің жауапсыздығы да талай қайғылы оқиғаларды туындатуда.
Елімізде жыл бойы жол-көлік оқиғаларының алын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, түрлі іс-шаралар қолға алынады. Алайда соған қарамастан ел жолдарындағы жағдайдың жақсарып кеткені шамалы, жол апатының азайғаны да байқалмайды. Сонда айдың күннің аманында адамдардың қынадай қырылуына кімді кінәлап, жауапты қайдан талап етеміз? Мәселен, соңғы екі айдың ішінде елімізде 2 мыңдай жол-көлік апаты болған екен. Ал жол үстінде көз жұмғандар саны 260-тан асады. Екі жарым мың адам түрлі дене жарақаттарымен аурухана төсегіне таңылған. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының саны бойынша алдыңғы үштіктің қатарына Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Ақмола облысы тұр. Бұл – ІІМ-нің ресми мәлімдемесі. Есеп күйінде құрғақ деректер болғанымен, әр санның артында адам тағдыры, бүкіл бір отбасының қайғысы мен қасіреті тұр.
Жолдағы жүгенсіздік пен жүргізушілердің жауапсыздығы. Сапасыз жол мен сатылатын жүргізуші куәлігі. Қоғамда қаны сорғалап тұрған бұл кеселдер туралы аз айтылып жүрген жоқ. Алайда ең алдымен мәселенің түп тамыры әр адамның жауапкершілігінде жатқанын түсінетін кез келді. Көлік тізгінін ұстаған әр адам өз өмірі үшін ғана емес, өзгенің тағдыры үшін жауапты екенін түсінгенде ғана ереже сақталып, заң орындалады. Ал бұл өмірде амандыққа жететіні жоқ.