• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Наурыз, 2022

12 мыңнан астам адамға тегін заң кеңесі берілген

333 рет
көрсетілді

Әділет министрі Қанат Мусин Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, Президенттің Жолдауы аясында жариялаған реформалар туралы пікірлесті.

«Шын мәнінде, бұл Жаңа Қазақстанды құру кезеңінің бастамасы. Осы орайда реформа мазмұнының ауқымдылығына цифрлар дәлел бола алады. Бір ғана Конституцияның өзіне 30-дан астам бапқа, сонымен қатар 7 конституциялық заң мен 15-тен астам заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Президенттің өкілеттілігін шектеу, сайлау үрдісін жаң­ғырту, саяси партияларды тіркеу тәрті­бін жеңілдету, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, азаматтардың негізгі құқық­тарын қорғау, азаматтық қоғам инсти­туттары мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының рөлін күшейту сияқты маңыз­ды міндеттер уақыттың еншісінде. Ал қо­ғамдық диалогтың біртұтас үлгісін қалып­тастыру үшін билік пен халық арасындағы өзара іс-қимылды күшейтетін «Ұлттық құ­рылтай» құрылады. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған барлық қоғамдық кеңестің қызметі жүйеленіп, олардың мүшелері Ұлттық құрыл­тай­дың құрамына енетін болады. Бұл шаралар азаматтық қоғам инсти­тут­тарының рөлін күшейтуге бағыт­талып отыр», деді Қанат Мусин.

Министрдің айтуынша, Әділет министр­лігі Жолдауды іске асыру үшін нор­мативтік-құқықтық тараптан қамтамасыз ететін болады.

Кездесу барысында министр қала тұрғындарын, қоғам белсенділерін маза­лаған сауалдарға жауап берді. Оның ішінде саяси партияларды, меншік иелерінің бірлестігін, тауарлық белгіні тіркеу, халық­тың құқықтық сауаттылығын көтеру, жеке азаматтарды банкрот деп тануға бағыт­талған заң жобасы, нотариустар көрсе­тетін қызметтің сапасы, сонымен қатар заң мамандықтары бойынша кәсіби кадр­ларды даярлау бағытында сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ азаматтарды же­ке қабылдаған министр жұртты жеке сот орындаушыларының төлем қызметін өзгер­ту, атқарушылық қызметтің реформасы, жеке мүлік иелері бірлестігін тіркеу мәсе­лелері мазалайтынын жеткізді.

Жиында министр Әділет органдарының жұмысына да тоқталып өтті. Ведомство басшы­сының айтуынша, сот актілерін орындау Әділет органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі. «Жыл сайын 1 миллиондай құжат өңдеуден өтеді. Алматы қаласы бойынша бүгінде 24 мемлекеттік және 319 жеке сот орындаушысы бар. Өткен жылы кепілдендірілген заң көмегін көрсетуге көзделген 6 млн теңгеден астам қаражат толығымен игерілген. Ал азаматтарға заңгерлік қызмет көрсету саласында өңірлік заңгерлік бірлестіктер де ауқымды жұмыстар атқаруда. Қала бо­йынша 12 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.

 

АЛМАТЫ