Қасиетті Көкшенің бір байлығы – қолдың саласындай ақ қайыңдары мен мәңгі жасыл қарағайы. Қымбат қазынаның экологиялық және экономикалық ресурс екені белгілі. Оның үстіне баға жетпес ұлттық игілік.
Бір қарағанда, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ішінде жүргендей көрінгенімен, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы небәрі 405,4 мың гектар алқапты құрайды. Орман жайында орынды сөз сабақтағанда, көкөскін көмкерген алқаптар 225,7 мың гектар жерді алып жатқанын айта кеткен ләзім. Шынтуайтында, облыстың орманды алқабы жалпы көлемнің 2,6 пайызы ғана. Демек бағалы байлықтың барына мейлінше мән беріп, көздің қарашығындай сақтап, көлемін жыл сайын көбейтіп отыру міндет.
Сыңсыған орманның сұлбасы ғана қалып, қоры азайған да уақыт болған. Өтпелі кезеңде облыстың орманды алқаптары ойсырай шығынға ұшырады. Оның ішінде орманның басынан бақ тайдырған оқиға – дала өртінің жиі орын алуы болды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі дала жұмыстары кезінде сабан өртеуі, егістік алқаптарына зиянды химиялық тыңайтқыштар себуі біршама алқаптың жойылып кетуіне себепші болды. Заңсыз ағаш кесу де залалын аз тигізген жоқ. Облыс орталығына жақын жердегі елді мекендердің маңындағы қайыңды алқаптар құрып кетудің аз-ақ алдында қалды. Ендігі міндет – адам қолынан ойсырай зардап шеккен орманның орнын толтыру. Бұрынғы қалпына жетсе, табиғаттың сыйы мелдектеп тұрар-ақ еді. Өткеннің өкінішті кемшілігін толтыру бағытында қазір тәп-тәуір шаруа тындырылуда.
Табиғи қорды еселей толтыру жолы – көшет егу арқылы жасанды орман алқаптарының көлемін молайту. Бұл үшін әрине, тұқымбақтарда ағаш көшеттерінің саны көбейе түсуі қажет. Ұмтылыс бар. Мәселен, 2009 жылдан бастап 17,6 мың гектардан астам алқапқа ағаш көшеттері отырғызылды. Бурабай баурайындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары топырақ құрамын зерттеп, қандай ағаш түрлерін өсіруге мүмкіндік бар екенін електен өткізіп, қыруар жұмыс істеді. Осындай тындырымды жұмыстың нәтижесінде, елорда мен Щучинск қаласы бағытындағы күре жолдың қос қапталында орман алқаптары пайда болды. Қазір жанға сая жасыл бақ жаз бойы көз қуантып, көк аспанға бой салып қаулап өсіп келеді. Ел игілігінің молайған тұсы да осы жер. Сөзімізді деректермен байытар болсақ, ең алдымен, Шортанды кентінен Щучинск қаласына дейін 2,6 мың гектар алқапқа ағаш көшеттерінің отырғызылып, жапырақ жайғанын айта кету керек.
Орман қашанда қамқорлықты қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі практикалық іс-шараларды іске асыруға кірісуді тапсырған болатын. Оның ішінде ел Президенті 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Осы тапсырманы жүзеге асыру барысында өңірде 2021-2025 жылдары 24,5 мың гектар жерге 150 млн түп қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.
– Өткен жылдың көктемінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелері жоспардағы 970 гектардың орнына, 1 370 гектар алаңда көшет отырғызу жұмыстарын жүргізді, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров, – биыл
1 280 гектар алаңда 9,3 млн дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Жыл сайын жалпы ауданы 171 гектар орман шаруашылығы мекемелерінің 11 орман тұқымбағында өз қажеттіліктерімізді қамтамасыз ететін 10 млн-нан астам ағаш-бұта тұқымдас екпе және үшжылдық көшет өсіріледі. Келесі жылдары ағаш отырғызу үшін осы материалдарды өсіру көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Былтыр орман шаруашылығы мекемелері жапырақты ағаштың 10 тоннадан астам тұқымын және 185 тонна қарағай бүршігін жинап алыпты. Шаруашылықтарда 7 бүршік кептіргіш бар. Осы құрал арқылы 150 тоннадан астам бүршік өңделіп, 1 500 кило қарағай тұқымы алынған. Тұқымның қажеттілігіне орай, алдағы уақытта жалпы көлемі 86 гектарды құрайтын 2 тұқымбақ салу көзделуде. Мамандардың айтуына қарағанда, орман көлемін ұлғайту үшін бұл өте қажет. Әзірге тұқымбақтардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген.
Өңірдегі орман көлемін кеңейтуді басты мақсат етіп отырған жауапты мекемелердің жыл сайынғы ісін таразыға тартар болсаңыз, оң сипаты басым. Ауыз толтырып айтуға әбден лайықты сан салалы жұмыс жүргізіліп жатқанымен, алдағы міндет жүгі жеңілдей қоймайды. Орманды өңір санатындағы Көкшетау үшін бұл бағытта кезек күттірмейтін жауапты шаруа шаш етектен. Ормандарды табиғи түрде қайта түлетуге, ағаш кесу көлемін қысқартуға, орман-тоғайды қоқыстардан тазартуға, елді мекендердің айналасында жасыл аймақтар құруға, ормандарды өрттен қорғауға жәрдемдесу бойынша шаралар қабылдау қажет.
Ақмола облысы