• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 31 Наурыз, 2022

«С» лигасындағы орнын сақтап қалды

233 рет
көрсетілді

Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында елордада Молдова футболшыларын қабылдап, ойынның негізгі кезеңінде 0:1 есебімен жеңіліп қалса да, матч соңындағы пенальти сериясында бағы жанды – 5:4. Өз елімізде өткен кездесуде жерлестеріміз жеңіс үшін барын салып, матчты стадионнан және теледидар арқылы тамашалаған барша футбол жанкүйерін жігерлі жеңісімен қуантты.

Осыдан бір апта бұрын Киши­невтегі «Зимбру» стадио­нында ұйымдастырылған алғашқы кездесу 2:1 есебімен Қазақ­стан құрамасының пайдасына аяқталған еді. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша 2:2 есебімен тең түсіп, матч соңындағы пенальти сериясында Молдованы қапы қалдырған Қазақстан құрамасы екінші жыл қатарынан Ұлттар лигасының «С» лигасында өнер көрсететін болды.

Ауа райының аса қолайсызды­ғына қарамастан «Астана Аре­наға» келген 12 мыңнан астам жан­күй­ердің қолдауымен өткен қарым­та кездесуде Қазақстан құра­масының бас бапкері міндетін атқа­ратын Андрей Карпович ойын­ға тактикалық өзгеріс жаса­ма­ғанымен, алаңға екі жаңа футболшы шығарды. Кишиневтегі матчта өнер көрсеткен жартылай қорғаушы Думан Нәрзілдаев пен шабуылшы Алексей Щеткиннің орнына Исламбек Қуат пен Абат Айымбетовті бірінші минуттан бастап ойынға араластырды. Ал Молдова құрамасының бас бапкері Сергей Клещенконың бірінші ойынға қарағанда аздаған так­тикалық өзгеріс енгізгенін бай­қадық. Алғашқы кездесуде Кле­щенко екі шабуылшы шығар­ған болса, бұл жолы тек бір ша­буылшыға иек артып, қорғанысқа баса мән бергенге ұқсады.

Бірінші таймның 10-минутына дейін матч біздің жігіттердің басымдығымен өтіп жатқан еді. Алайда аз уақыт ішінде жасанды алаңға бой үйреткен қонақтар кездесудің небәрі 13-минутында Игорь Шацкий қорғаған қақпадан саңылау тапты. Кезекті стандарт сәтінде қажетті орыннан табыла білген Молдова құрамасының қор­ғаушысы Игорь Армаш «қай­шы» әдісімен тамаша гол соқты – 0:1. Молдовалықтар гол соққаннан кейін қарқынына қар­қын қосып, бірінші таймның соңы­на дейін қақпашымыз бен қорғау­шы­ларымызды әбден састырды. Абырой болғанда қарсыластар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады.  

Молдовадағы бірінші ойын­да­ғыдай біздің жігіттер бұл жол­ғы екінші таймда да белсенді болды. Алғаш 63-минутта Абат Айымбетовте баспен гол соғатын тамаша мүмкіндік болса, арада аз уақыт өткенде Асхат Тағы­бер­геннің алыстан бағыттаған соққысы қақпадан сәл қиыс кетті. Ал 82-минутта қорғаушы Нұрәлі Әліптің айып алаңының ішінен тепкен добын бұл жолы қақпашы Дориан Рэйлян қайтарды. Мол­довалық футболшылар екінші таймда да қарап қалған жоқ. Оларда да есепті еселейтін бір-екі тамаша мүмкіндік болды. Бірақ қырағы қақпашы Шацкий екінші таймда қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Матчтың негізгі уақыты 0:1 есебімен (екі ойынның қоры­тын­дысы бойынша есеп – 2:2) аяқталған соң, кездесу қосымша таймға ұласты. 15 минуттан тұратын екі экстра таймда да футболшылар бір-бірінің қақпасына гол соға алмай, жеңімпаз команда ойын соңындағы пенальти сериясында анықталатын болды. Футбол лотереясы саналатын пенальти бәсекесін сәтті бас­таған қонақтар ә дегеннен 3:1 есебімен алға шығып, жеңіс­ке бір табан жақындай түсті. Дегенмен 11 метрлік нүктеге келген кейінгі футболшыларымыз өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, таразы басын теңестіріп үлгерді. Стадиондағы жанкүйерлердің қи­қуы молдовалықтарға қатты әсер еткен болуы керек, олар кейінгі екі мүмкіндігінде мүлт кетіп, 5:4 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша, Қазақстан «С» лигасындағы орнын сақтап қалса, молдовалықтар «D» лигасына сырғыды.

Енді футболдан Қазақстан құрамасы алдағы маусым айында басталатын Ұлттар лигасының үшінші маусымында «С» лига­сының  төртінші тобында ойнайды. Былтыр Ньонда (Швейцария) өткен жеребе тарту рәсімінде Қазақстан – Молдова жұбының жеңімпазы Словакия, Беларусь және Әзербайжан құрамаларымен бақ сынайтыны белгілі болған еді.

Біздің жігіттер бүгінге дейін Беларусь және Әзербай­жан құрамаларымен әр жылдар­дағы әлем және Еуропа бірін­шіліктерінің іріктеу кезеңдерінде, Ұлттар лигасында жиі кез­де­сті. Яғни екі елдің фут­бол деңгейі де, футболшылары да біздің ойыншылар мен жан­күйерлерге жақсы таныс. Ал Словакиямен халықаралық турнирлерде тұңғыш рет кездеспек. Тіпті екі елдің футболшылары жолдастық кездесу де өткізбеген.

Словакия құрамасы Ұлттар лигасының былтырғы маусымында «В» лигасының үшінші тобында Чехия, Шотландия және Израильмен бірге өнер көр­сетіп, көш соңында қалып қойды. Алты ойынның біреуінде Шотлан­дияны жеңіп (1:0), біреуінде Израильмен тең (1:1) ойнады. Ал қалған ойынның бәрінде қарсы­ластарына жол берді. Сөйтіп өз тобында төртінші орын алған словакиялықтары «В» лигасынан «С» лигасына сырғыды.

Әзербайжан футболшылары былтыр Черногория, Люксембург және Кипр құрамаларымен «С» лигасының бірінші тобында бақ сынады. Сырт алаңда Кипрді 1:0 есебімен жеңіп, соңғы үш ойын­да тең түскен Әзербайжан 6 ұпаймен үшінші орынға ие болды. Айта кетейік, Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары бүгін­­ге дейін 8 рет жасыл алаңда жолы­­ғып, соның төртеуінде қазақ­­стан­дық футболшылардың мерейі үс­тем болған. Екі матчта Әзер­бай­жан жеңіске жетсе, екі ойында ко­мандалардың күштері тең болды.

Ал Беларусь құрамасы Қазақ­стан, Албания, Литва футболшыларымен бір топта сынға түсті. Алты матчтың үшеуінде жеңіске жетіп (оның екеуінде Қазақстан құрамасынан басым түсті), бір кездесуде тең ойнады. Екі кездесуде жеңілген Беларусь Албаниядан бір ұпай кем жинап,10 ұпаймен екінші орынға табан тіреген болатын.