Тарихи тұлғаларға деген құрметтің жөні бөлек болуы керек. Қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалары да тиісінше ардақталуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай бізде керісінше болып тұр.
Олай дейтініміз, екі мың жылдан астам тарихы бар делінетін көне шаһар Тараздың төрінде тұлғаларды қорғаудың орнына қорлау сияқты дүниелер көбейіп барады. Тараз қаласы дегенде, көптің есіне әуелі Қарахан мен Айша бибі оралады. Ғасырдан ғасырға жеткен аңыз да әлі күнге халық санасында сақтаулы. Тіпті осы облыс орталығындағы Қарахан кесенесі мен Жамбыл ауданындағы Айша бибі кесенесіне тәу етіп барушылар да аз емес. Десе де, сұлулықтың символы болған Айша бибінің рухына лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Өткен жылы Тараз қаласындағы Айша бибі көшесінің басынан Айша бибінің ескерткіші салынды. Бұл облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген. Ескерткіш тұрған жер Тәуке хан көшесімен қиылысатын тұс, яғни қаланың негізгі көшелерінің бірі. Ал Тәуке хан көшесі Тараз қаласынан Шымкент, Түркістан қалаларына шығатын жолға жалғайды. Енді Шымкент жақтан Таразға қарай келе жатқан әрбір жолаушы теріс қарап тұрған Айша бибіні көреді. Бірақ ескерткіш емес, қуыршақ қана іспетті шала дүние көптің сынына да ұшыраған болатын. Сәні де, сәулеті де келіспеген бұл ескерткіш тарихи тұлғаны қорғап емес, қорлап тұрғандай әсер береді. Сәулеттік келбетін айтпағанда, қыз баласы ескерткішінің жолдың бойында тұруы ерсі жағдай. Ежелден сұлулықтың, әдеміліктің, нәзіктіктің символы болған Айша бибінің бұл тұрқы тіпті келіспей қалған. Көрген адам көзақы берерліктей емес, сөз етіп кететіндей жағдайда тұр. Бір әттеген-айы, бұл тағы ұлы жолдың бойында орналасқан. Айша бибінің рухы мәңгі дамылдаған жер, аңыз бен ақиқат қатар өрілген мәңгілік махаббат хикаясының өткен мекені деп алып-ұшып Таразға келген адамның аптығы бірден басылатын көңілсіз көрініс.
Жалпы, тарихи Тараз қаласының туристік нысандарға кенде емес екені жиі айтылады. Бүгінде көне шаһарды туристік орталыққа айналдыру мақсатында түрлі жұмыстар да атқарылуда. Рас, ұлттың ұлы тарихының бір бөлшегі осы Әулиеата аймағында қалыптасқан. Ұлы тарихымыздың ұлы шежіресіне Тараз өлкесінің де қосқан үлесі көп. Бірақ сол тағы да Тараздың өзінде, тағы да сол Тәуке хан көшесінің Саңырық батыр көшесімен қиылысатын тұсында орналасқан автотұрақ нысанындағы жағдай да айтпай кетуге болмайтын жайдың бірі. Аталған нысанның сырт қабырғасына Төле, Әйтеке, Қазыбек секілді ұлы билердің суреттері салыныпты. Бұл суреттер тура Тәуке хан көшесіне қарап тұр. Мұның негізгі көшелердің бірі екенін жаңа айттық, бұл жерден күніне өтушілердің қарасы мыңдап саналады. Сонда әрі-бері өткен жұрт не ойлайды екен деген ойға қаласың кейде. Автотұрақтың артқы қабырғасы да аласа екен. Тіпті қазіргі жағдайда қазақ тарихында мәртебелі орындары бар біртуар билердің суреттерінің жауын-шашының салдарынан бояуы ағып, оңып, аянышты жағдайға жеткен. Көрер көзге қораш мұндай нәрселерді мұндай жерге салу кімге не үшін керек болды екен деп те ойлаймыз. Енді тура сол қабырғаға Абылай ханның және бірқатар қазақ батырларының да суреттері салыныпты. Бұл да жай әншейін салына салған нәрсе екені көзге ұрып тұр. Қазіргі уақытта автотұрақ ғимараттарының төбесінен су ағып, әлгі суреттердің сиқы одан бетер қашқан. Заманында ұлттың ұлт, елдің ел болуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғаларға деген құрметіміз осы болса, онда өзгеге өкпе артудың қажеті жоқ шығар. Көне шаһардан мұндай тұлғалардың суреттері салынатын көрнекті жер табылмай қалған ба? Аталған Тәуке хан көшесінің дәл іргесінде әуежай тұр. Күн сайын қалың нөпір көлік қала мен қалалардың арасын жалғап ағылып жатыр. Өңірге күн сайын есепсіз қонақ келіп-кетіп жүр. Осындай көңілсіз көріністерден соң көпшіліктің Тараз туралы ойы қандай болуы мүмкін. Тіпті облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы да, өзге лауазымды тұлғалар да қала ішіне осы Тәуке хан көшесі арқылы кіреді. Ал бір көшеде орын алып тұрған екі бірдей көңілсіз көріністің жағдайы жергілікті атқамінерлерге сын болып тұр.
Қазіргі кезде Тараз қаласын барынша абаттандыру, оның сәулеттік келбетін арттыру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Тарихи тұлғаларға құрмет ретінде шаһар көшелеріне суреттері басылған және қанатты сөздері жазылған бірқатар баннер де ілінді. Тұрғын үйлердің қасбеттеріне Әбу Насыр әл-Фараби, Абай сияқты ұлы тұлғалардың бейнесі бар муралдар да салынды. Әрине, бүгінгі жас ұрпақ үшін қазақ тарихындағы тұғырлы тұлғаларды дәріптеу, олардың өмір жолын насихаттау керек дүние. Бірақ ол да жөнімен, жолымен болса дейміз. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын «Тектұрмас» кешенінде салынған Әулие-Ата ескерткішінен басқа әлі күнге дейін Тараз қаласында еңселі ескерткіш жоқ. Айтпақшы, Төле би даңғылында тұрған Төле бидің ескерткіші бар. Ал бұрынғы орталық базардың маңынан алынып, облыстық әкімдіктің алдына қойылған Жамбыл Жабаев ескерткішінің «жырын» бүкіл жұртшылық жақсы біледі. Биыл көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның туғанына тоқсан жыл. Жауапты тұлғалар осы мәселеге назар аударып, Шер-ағаның қасқайып тұрған бір ескерткішін тұрғызуға үлес қосса, өте дұрыс болар еді. Жөнді, жөнсіз әр жерге бір ескерткіш емес, қуыршақ сияқты бірдеңені орнатып, тағы бір көрінген жерге тұғырлы тұлғаларымыздың суреттерін сала берсек, одан ұтпайтынымыз анық...
Жамбыл облысы