• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2022

Жетісу және Алматы: Екі облысты құру қалай жүзеге асады?

1721 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдету үшін өңірлерде әкімшілік-аумақтық өзгерістер жасау қажетін айтқан болатын. Қазір Президент Жолдауы жүктеген міндеттер бойынша ел ішінде қызу талқы өтіп, нәтижелі іс басталды. Осындай қауырт жұмыс Жетісу өңірінде де жүріп жатыр.

«Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзын­ағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу  оңай емес. Облыс орталығына бару үшін  халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын. Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкей­інде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңір­лерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді», деген еді Жолдауда Президент Қ.Тоқаев. Бүгінде Алматы облысында бұл бағыттағы тапсырмаларды орындау үшін нақты шаруа қолға алынған. Жақында облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда аумақты екіге бөлу жұмыстары талқыға түсті. Сессия барысында сөз алған депутаттар бір ауыздан облыстарды бөлу туралы Президент бастамасын қолдап, бұл қос өңірдің де тиімді дамуына мүмкіндік беретінін айтты.

Жалпы, жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала, Алматы облысының құ­рамына 380 елді мекені бар 9 аудан мен 1 қала енгізілетін болады. Облыста Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Осы іспен айналысатын арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады.

– Қазір маңызы бар әкімшілік-аумақтық бірліктердің жаңа шекара­лары және басқа да геогра­фиялық деректер көрсетілген схе­малық карта дайындалып, Қап­шағай қаласының жаңа бас жос­пары мен егжей-тегжейлі жос­парлау жобасы әзірленуде.  Эко­номикалық есептеулер жасалып, Алматы және Жетісу өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша талдау материалдары дайындалды. Қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін нысандарды айқындау жұмыстары басталды, – дейді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ жаңадан құры­латын Алматы облысының орта­лығын көшіруге байланысты шығындарды, соның ішінде қызметтік үй-жайларды жалдау, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй жалдау және басқа да шығындарды қаржыландырудағы бірқатар проблемалық мәселе де шешімін табады. Осыған байланыс­ты есептеулер жүргізілуде, респуб­ликалық бюджеттен қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім бері­летін болады.

Дерек бойынша, қазіргі Алматы облысында соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 25 есе, өнеркәсіп өнімі 17 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есе, құрылыс жұмыстары 30 есе, сауда 27 есе өскен. 20 жыл ішінде 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 7,2 трлн теңге инвестиция тартылды, облыс бюджеті 2001 жылғы 21 млрд теңгеден 2021 жылы 830 млрд теңгеге дейін өскен. Ал аумақтың екі облысқа бөлінуі өңірлердің дамуына одан әрі серпін беруге тиіс. Бүгінде Талдықорған өңірін дамыту мақсатында 6 542 жұмыс орнын ашатын, 999,5 млрд теңгеге 182 жобаны іске асыру көзделген екен.

Ал болашақ облыс орталы­ғына айналатын Қапшағай қала­сында тұрғын үй құрылысы қарқынды. Қазірдің өзінде бұл қалада жаңадан баспаналы азаматтардың қатары көбейіп келеді. Мысалы, жақында қалаға қарасты Заречный ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 20 пәтерлі 5 тұрғын үй бой көтерді. Жалпы аумағы 1 380,7 шаршы метрді құ­рай­тын заманауи үлгіде жасақ­талған баспанада электр желісі, ыстық және суық су, жылу  жүйелері жүргізілген. Одан бөлек автотұрақ, балаларға арнал­ған ойын алаңы, қоқыс төгу орындары да жасалған. Жалпы, Қапшағайда алдағы уақытта 60 пәтерлі 3 тұрғын үй салу жос­парланған. Жобаның жалпы құны162,674 млн теңге шамасында. Бұл пәтерлердің кілті толық емес отбасыларға, жетім балаларға, ұзақ жылдан бері ке­зекте тұрған бюджеттік меке­ме қызметкерлеріне табыстала­ды деп күтілуде. Ал бүгінде Қап­шағай қаласында 3 мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр екен.

Айтпақшы, жақын күндері Қапшағай қаласының аты өзге­ріп, шаһар еліміздің біртуар аза­маты, мемлекет қайраткері Дін­мұхамед Қонаевтың құрметіне қайта аталатын болады. Бұл бастаманы биылғы Жолдауда Президент көтерген болатын. Мемлекет басшысының ұсы­нысы ел ішінен қызу қолдау тапты. Мәселе  Қапшағай қала­лық мәслихатының тұрақты комис­сиясының отырысында қаралып, қаланы «Дінмұхамед Қонаев қаласы» деп қайта атау бастамасы күн тәртібіне қойылған болатын. Қазір бұл ұсыныс облыс деңгейінде қолдау тауып, одан әрі республикалық ономастика комиссиясының талқылауына жіберілген екен.

 

Алматы облысы