Қазақтың қаһарман қызы Роза Бағланованың көркем бейнесі – алғаш рет театр сахнасында! Әлемі әнмен егіз өрілген аңыз әншінің бекзат болмысын «Қазақконцерт» ұйымына қарасты Astana Musical мемлекеттік театрының талантты ұжымы «Роза Бағланова» мюзиклінде сараптап көрді. Ұлы тұлғаның ғасыр тойына арналып қойылған туынды әнші туралы тың деректерді сөйлетуімен құнды.
Әнші жайлы ән сөйлеуден артық табысты жоба бола ма?! Бұл тұрғыдан келгенде «Роза Бағланова» мюзиклінің жолы болды, яғни қойылым бағытын да, жанрын да, әуенін де дөп тапты десек, қателеспейміз. Роза Бағланованың ән әлеміне келуі, соғыс жылдарындағы қайсарлығы, өнер жолындағы қиындықтары мен тағдырындағы сын сағаттар...
Осының барлығы жаңа мюзиклде жаңаша көрініс тауып, спектакльдің негізгі арқауына айналды.
Режиссер айтады: – «Роза Бағланова» мюзиклін сахнаға шығаруды қолға алғаннан бастап, режиссер ретінде арқамда үлкен жүк тұрғанын сездім. Және ол жауапкершілік мюзикл көрермен назарына ұсынылған сәтке дейін жалғасты. Әлі де толғаныс үстіндемін. Өйткені Роза апамыз қарапайым жан емес, елі сүйген, халқы құрмет тұтқан аяулы әнші. Сондықтан да дайындық барысында деңгейді түсіріп алмайық деп өзімізді тежеген сәттер де жиі болды. Мюзикльдің драматургиялық негізін түзген бірнеше адам ең әуелі осыған баса назар аудардық.
Сөйтіп, аңыз адамның ел таныған ұлы әнші биігіне көтерілген бейнесін емес, қазақтың қарапайым ғана қаршадай қызы Розаның балалық шағы, ән әлеміне келуі һәм Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі басынан өткерген жағдайларды көрсетуге басымдық бердік. Небәрі 15 жасында соғысқа аттанып, оралмаған жалғыз бауыры Ыдырыс Бағланов екеуінің арасындағы қарым-қатынасты беруге тырыстық. Әрине, көркем шығарма болғаннан кейін арасында режиссер, драматург ретінде қиялға ерік берген де кездеріміз болды. Мен өз басым Роза Бағланованы бірді-екілі концертте сахнадан көргенім болмаса, өмірде жақын араласқан адамым емес. Сондықтан да мен өзімнің таныған Розамды сахнада көрсетуге талпындым. Көрермен – төреші. Одан кейін әрине, спектакльдің лейтмотиві етіп әнші репертуарындағы «Ақ көгершін» әнін алдық. Бұл да біздің әлемде болып жатқан қазіргі жағдайларға өнер адамы ретінде өзімізше үн қатуымыз. «Ақ көгершін» әнін ұлы композитор Ахмет Жұбанов Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «енді соғыс болмасын» деген тілекпен жазған. Ән мәтінінде «адамзаттың бағына» деген тіркес бар. Біздің де бүгінгі жағдайда айтқымыз келген тілек осы. Сондықтан да «Роза Бағланова» мюзиклі ұлы әншінің ғасыр тойына жасалған өнер тартуы ғана емес, әнші тағдыры, басынан кешкен қиын күндерін һәм репертуарындағы «Ақ көгершін» әнін спектакль лейтмотиві етіп ала отырып, әлемді тыныштыққа, бейбіт өмірге шақырғымыз келген адами кішкентай ғана тілегіміз, үндеуіміз десе де болғандай, деп өнер тудырудағы мақсаты туралы ағынан жарылды қойылым режиссері, Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.
Мюзиклдің көңілге қонған һәм құрмет орнықтырған тұсы – спектакль тудырушылардың ең әуелі қойылым оқиғасын түзуде хронологиялық биографиядан қашып, сахналық көркем шешімдерге баруға ұмтылғаны. Осы себептен де болса керек, туынды драматургиясын құруға бірнеше адам жұмылдырыпты. Ефрат Шарипов, Шыңғыс Маман, Айдын Сахаман, Әннәс Бағдат, Есләм Нұртазин бастаған қалам мен қиялды серік еткен авторлардың барынша әншінің ішкі жан дүнесіндегі қалтарыстарға үңілуге, көңіліне мұң ұялатқан өкінішті сәттерінің сырын сараптауға, ұлы тұлға өміріне қатысты кейбір беймәлім деректердің сырын ашып, жұмбағын шешуге бағытталған шығармашылық ізденістері шын мәнінде көрерменін қызықтырады, оқиғаға ә дегеннен өзімен бірге елітіп алып кетеді. Сондай-ақ мюзиклдің әуен тұрғысынан әуезді шығуына тер төккен композитор – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский мен саунд дизайнер Ақжол Өмірзақовтың да еңбегі – атап өтуге тұрарлық сәтті жұмыстар санатында.
Спектакльде жас театрдың труппасы толықтай өнер көрсетті. Алпыстан астам әртіс қатысқан мюзиклде заманауи театр өнерінің технологиялары, креативті режиссерлік, музыкалық және ерекше хореографиялық шешімдер, ХХ ғасырдың танымал әндері мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі атмосфера көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлағаны сөзсіз. Басты кейіпкерлер бейнесін тудырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сайлау Қамиев (Тәжібай бейнесі) пен Айнұр Бермұхамбетова (Аққүріш рөлі), сондай-ақ Розаны сомдаған талантты актриса Зарина Жәкенова ойыны сәтті сарапталған ізденіс нәтижесін паш етті. Бұған дейін де «Хабар» телеарнасының арнайы тапсырысымен Роза Бағланова туралы түсірілген «Бұлбұл» телехикаясында әншінің жас кезін кескіндеп, көрерменнің ықыласына ие болған актриса Зарина Жәкенованың ұлы әншімен тек сыртқы пішін тұрғысынан типтік жақындығы ғана емес, үн ұқсастығы мен әртістік шеберлігі де көңіл қуантты. Заринаның бойындағы нәзіктік пен жарқындық, үніндегі Роза Бағлановаға ғана тән ерекше иірім көрерменін бірден өзіне баурап алды.
– Роза апамыздай кесек тұлғаның бейнесін тудыру әрине оңай болған жоқ. Себебі ол кісінің бейнесі әлі де халық жадында. Сомдаған бейнемнің ұлы әншіге жасалған пародия болып кетпеуіне барынша мән бердім. Роза Бағланованың репертуарындағы барлық әнді тыңдап, ол кісінің бейнесі таспаланған бейнежазбаларды да үзбей көріп шықтым. Вокал маманымен арнайы отырып әншінің үніне, дауыс иірімдеріне қатысты ерекшеліктердің барлығын зерттеп, барынша бойыма, болмысыма құюға тырыстым. Одан кейін, әрине, қойылымда куә болғандарыңыздай, біз Роза апамыздың ел таныған үнемі күліп жүретін, жайдары, көркем қалпын емес, өмірінің қасіретті кезеңдерін, сондағы әнші басынан кешкен түрлі сезімдерді жан-жақты сараптауға, ол кісінің адами болмысын, пенде ретіндегі ішкі күрсіністерін беруге ұмтылдық, сол жолда іздендік. Мәселен, Роза апамыз ән айтқанда үнемі қолына шәйі орамал ұстап шыққан. Оны тыңдарманының бәрі білгенімен, неге олай еткенінің сырын біле бермейді. Ол тек сахналық бейне ғана емес, әншінің орамал ұстап шығуының астарында да үлкен мән бар. Осы сынды көптеген деталь-штрихтар арқылы әнші өмірінің ел білмейтін қалтарыстарынан да сыр шертеміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мюзиклде көрермен ұлы әнші Роза Бағланованы мүлде басқа қырынан таниды деп спектакльден кейін басты рөлді сомдаған актриса Зарина Жәкенова кейіпкер тудыру жолындағы ізденістері турасындағы өз әсерімен бөлісті.
Иә, қазақтың қайталанбас өнерпазы Роза Бағланованың ғасыр тойына тарту ретінде сахнаға тұңғыш шыққан «Роза Бағланова» мюзиклін әнші өмірінің тыңдарманына бұған дейін беймәлім болып келген қырларын барынша ашуға ұмтылған һәм көркемдік талаптарға жоғары деңгейде жауап берген сәтті туындылардың қатарына қосылғанын айтып сүйіншілегіміз келеді. Қорыта айтқанда, «Роза Бағланова» – театр репертуарына қосылған олжа, ал ұлы әншінің барша тыңдармандары мен ізбасарларына, ұрпағына ұсынылған тағылымды туынды. Әні барда әнші есімі мәңгі жасайды.