Соңғы жеті жыл көлемінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Осы қалыптасқан дәстүр бойынша, биылғы мамыр айының 21-і мен 23-і аралығында елордада VII Астана экономикалық форумы және осы жаһандық жиын аясында ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция ұйымдастырылатын болады. VII Астана экономикалық форумында Елбасы ұсынған «Жасыл көпір» жобасы кеңінен талқыланбақ. «Жасыл көпір» жобасы ауқымындағы шара барысында «ЭКСПО-2017 – тұрақты даму қуаты» атты конференция ұйымдастырылмақ. Осынау жиын ұйымдастырушыларының бірі болып табылатын «жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) басқарма төрайымы Салтанат РАҚЫМБЕКОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Салтанат Темірқұлқызы, VII Астана экономикалық форумы аясында қарапайым шараларды саралап берсеңіз...
– Биылғы жылдың 21-23 мамыры аралығында қаламызда VII Астана экономикалық форумы және II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өткізілетіні белгілі. Әлемдік пікірсайыс алаңына айналған форум төңірегінде Давос экономикалық форумының көшпелі сессиясы, Бреттон-Вудс келісімінің 70 жылдық мерейтойы және ЮНКТАД-тың 50 жылдық мерейтойы шаралары өтетін болады. Жыл сайын Астана экономикалық форумы әлемнің түкпір-түкпірінен шақырылатын ең беделді мемлекет басшыларының, саяси және қоғам қайраткерлерінің, Нобель сыйлығы лауреаттарының, танымал экономистердің, халықаралық ұйымдар басқарушыларының және басқа әлемдік сарапшылардың басын қосады.
Өзіңізге белгілі, әлемде санаулы халықаралық экономикалық алаңдар бар, солардың қатарында Давос форумын, Санкт-Петербург және Боао Азиялық экономикалық форумдарын атап өтуге болады. Әлемнің танымал ғалымдары мен саяси тұлғаларының мойындауымен халықаралық деңгейде аталмыш алаңдармен дәрежесі теңесіп үлгерген, елордамыз Астанада соңғы кезде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан экономикалық форумды мақтаныш тұтуға әбден болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Астана экономикалық форумы қазіргі таңда халықаралық экономикалық деңгейде шын мәнінде маңызды орын ала бастады. Астана экономикалық форумы ел экономикасына инвестиция тарту үшін таптырмас орта, сонымен бірге, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына зор ықпалын тигізеді.
– «Жасыл» экономика тұжырымдамасы ұлттық экономиканың барлық салаларына табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін «жасыл» принциптерді кіріктіруді көздейді. Осы тұрғыда бүгінгі күнге дейін не атқарылды?
– Негізінен, «жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ «жасыл» экономика мен әлеуметтік инновациялар бойынша келісілген үкіметтік емес ұлттық қоғамдық ұйым болып табылады. Ерекше атап өтерлік мәселе, бұл әлемдегі «жасыл» экономика бойынша өзін-өзі қаржыландыратын жалғыз қоғамдық бірлестік. Коалицияның басты міндеті «жасыл» өсім қағидаларын енгізуге көмек көрсету үшін, экожүйелік тәсіл негізінде өңірлердің кешенді дамуы мен «жасыл» инновациялық инфрақұрылым үшін, «жасыл» экономикаға өту үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес, ғылым мен билік органдарының мүмкіндіктері мен күш-жігерін жұмылдыру болып табылады.
Қазіргі таңда біздің ұйым Болашақ қоғамын жобалауға бағытталған, «халықтық құрылыс» ретінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуді, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын жүзеге асыруды, G-Global ақпараттық-коммуникативті алаңын, Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту тұжырымдамасын және Президенттің басқа да бастамаларын жан-жақты қолдау мақсатында түрлі ұсыныстар әзірлеуде.
– VII Астана экономикалық форумы аясында өтетін «ЭКСПО-2017 – тұрақты даму қуаты» атты конференциясына дайындық қай деңгейде?
– «Ғалымдардың Еуразиялық Экономикалық Клубы» қауымдастығымен келісімге сәйкес, Коалиция «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ-пен бірлесе отырып, биылғы VII Астана экономикалық форумы аясында «ЭКСПО-2017 – тұрақты даму қуаты» атты конференция өткізу мақсатындағы дайындықты бастады. Оның міндеті – жұртшылықпен ЭКСПО-2017 көрмесінің мазмұны мен артықшылықтары, сонымен қатар институттық рөлі жайлы талқылау. Көрменің тақырыбы алғаш рет өте өзекті, қолжетімді және таза энергия саласының даму мәселелері мен келешегіне арналды. Сонымен қатар, конференция «жасыл» экономика мен «жасыл» технологиялардың қағидаларын қалың қауымға жеткізуді көздейді. Конференция аясында ЭКСПО-2017 көрмесінде экспозицияланатын «жасыл» инновациялардың ұлттық және халықаралық байқауы жарияланатын болады. Наурыз айынан бастап, Коалиция G-Global алаңында конференцияға дайындық ретінде, виртуалды форум мен бейнеконференциялар өткізе бастады. Жасыл экономика – бұл экономикалық қатынастар мен технологиялық құрылыстың жаңа парадигмасы. Ол, негізінен, екі бөліктен тұрады: жаңа экономикалық қарым-қатынастар және жаңа «жасыл» технологиялар. Нақтырақ айтсақ, лас технологиялар субсидияларын «жасыл» субсидияларға, экожүйелерді қалпына келтіруді қаржыландыру бойынша келісімдерге, концессияларға алмастыру, пайдаға салынатын салықты қоршаған ортаға салынатын салыққа өзгерту, мемлекеттік және үкіметаралық ұйымдарды «жасыл» экономика саласындағы сатып алуларға алмастыру, жергілікті экологиялық ақша саналатын «жасыл» банкингті дамыту болып табылады.
– Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар жобасы туралы пікіріңіз...
– Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар – бұл тәуелсіз сарапшылардың адамзаттың жүйелік, бірінші кезекте, қаржылық, экологиялық, климаттық, азық-түлік және энергетикалық дағдарыстан шығу жолындағы шұғыл шараларды жасап шығаруға деген әрекеттері. Осыған ұқсас жалғыз құжат – XXI ғасыр Күн тәртібі. Алайда, оны жүзеге асырудың қаржылық механизмдері болған жоқ. Жеке капитал әлемінде мемлекеттік қаржы қорлары, соның ішінде, еркін түрдегі қорлар баршылық. Сондықтан да, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар оларды мемлекет жекеменшік серіктестігінің жаңа формалары есебінен жұмылдыра алады.
Қорыта келе, аталмыш конференция, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың қатысуымен өтетін, ЭКСПО-2017 көрмесінің ғылым, білім, «жасыл» технологиялардың трансферті, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудағы тақырыптық құрамы мен институттық рөлі жайлы пікір алмасатын алғашқы қоғамдық іс-шара болатынын айта кеткім келеді. Осы іс-шараны жүзеге асыру барысында алдымызға қойған міндеттердің толыққанды орындалатынына кәміл сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».