• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2022

Өмірді қалай сақтандыру керек?

1143 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары қарқынды өсім көрсетіп, нарықтағы өз орнын нығайта түскен саланың бірі – сақтандыру секторы. Соның ішінде, әсіресе, өмірді сақтандыруға деген қызығушылық арта түскен. Бұл, әрине, бірінші кезекте өмірді сақтандырумен айналысатын компаниялардың тиімді стратегия жүргізе білуі және халықтың да қаржылық сауатының артуына байланысты. Соңғы кезде сақтандырудың бұл сегментінде алуан түрлі жаңашылдық та енгізіле бастады. Нарықтағы жаңашыл бастамалар, клиенттер мен компания арасындағы қарым-қатынас жайында аз-кем әңгімелеп көрелік.

Өмірді сақтандыру деген не? Нарықта оның сан түрлі сипаты бар. Мәселен, сіз балаңыздың келешектегі білім алуы үшін қаржы жинай аласыз. Егер бұрыннан сақтандыруға қаржы бөліп жүрген болсаңыз, емделу кезінде сақтандыру компаниясы ем-дом ақысын өтеп береді. Сондай-ақ «Зейнетақы аннуитетін» пайдалану арқылы ғұмыр бойы тәуір зейнетақы алып тұруға мүмкіндік бар. 2021 жылы сақтандыру сыйлықақысы мен төлем көлемі бойынша лидер (124,8 млрд теңге) атанған «Халық-Life» АҚ-ның басқарма төрағасы Жанар Жұбаниязованың айтуынша, адамдар қызмет ететін саласына орай сақтандыру бағдарламасын дұрыс таңдай білгені жөн. Мәселен, үнемі жолға шығатын азамат жол-көлік оқиғасына орай өтемақы беретін бағдарламаны, биіктікте жұмыс істейтін азамат оқыс оқиғадан зардап шегу өнімдерін таңдағаны дұрыс болмақ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Алда-жалда өмірге қатер төне қалса, сақтандыру компаниясы көмек қолын созады.

– Егер өміріңізді өлімге соқтыруы мүм­кін аурудан және оқыс оқиғадан сақтан­дырғыңыз келсе, онда келісімшартта осы тәуекелдердің бәрі жазылғанына мән беріңіз. Сондай-ақ сақтандыру компания­сы сақтандыру төлемінен босатылатын ерекше жағдайларға да назар аударыңыз. Сон­да түсінбестік болмайды және нақ­ты қай кезде, қандай жағдайда төлем алаты­ны­ңызды біліп жүресіз. Мысалы, азамат­қа көлікке мас күйінде отырып апатқа ұшырап көз жұмса, қауіпті спорт түрлерімен айналысса, көлікті жүргізу­ші куә­лігінсіз басқарса немесе өз-өзі­не қол жұм­саса, компания төлем бер­меу­ге құ­қылы болуы мүмкін. Бірақ, ең бас­ты­сы, сақ­тандыру компаниясының сенім­­діл­і­гін дұрыс бағалай білу, – дейді Ж.Жұбаниязова.

Қысылтаяң сәтте сізге қаржылық қол­­­дау көрсететін компанияның сенім­ді­лігін бірнеше критерий негізінде баға­лауға болады. Оның біріншісі – ком­па­ния­ның қаржылық ахуалы, оның ішінде активтері, сақтандыру резерві, сақтандыру сыйлықақысы мен сақ­тандыру төлемінің көлемі. Екіншісі – ком­па­нияның инвестициялық портфелінің құрылымы.

Әңгіменің әлқиссасын кеңес беру­ден бастағанымыз да тегін емес. Өмір­ді сақтандыру Қазақстанда кенжелеп тұр. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша еліміз өмірді сақтандыру сый­лықақыларының ІЖӨ-дегі үлесі бо­йынша 49-орында тұр. Бізде тек қана өмірді сақтандырумен айналысатын 9 компания бар – «Халық-Life», Nomad-life, Freedom Finance Life, «Еуразия», «Еуропалық сақтандыру компаниясы», Standard Life, Мемлекеттік аннуитеттік компания және «Сентрас Коммеск Life». 2021 жылдың қорытындысы бойынша өмірді сақтандыратын компанияларға түскен сыйлықақы көлемі 392,1 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылмен салыс­тырғанда 71,3 пайызға көп. Freedom Finance Life мамандарының зерттеуінше, қазақстандықтардың көбі 1 мың долларға дейінгі минималды жарнамен сақтандыру келісімшарттарын жасайды. Сауалдама қорытындысында өмірді сақтандырған адамдардың 77 пайызы – әйелдер, 23 па­йы­зы ерлер екені анықталған.

«Өмірін сақтандырғандардың көбі (45 пайызы) айына орташа 400-600 мың теңге жалақы алса, 25 пайызының жалақысы 600 мыңнан да көп, 12 пайы­зы – 250-400 мың теңге табыс табады, 8 пайызының кірісі 250 мыңға дейінгі аралықта. Респонденттердің 73 пайы­зы жинақтаушы өмірді сақтандыру бағдарламасын қолайлы көреді. Бұл бағдарлама депозит пен сақтандыру функцияларын біріктірген. 27 пайызы коронавирустан, қатерлі аурулардан, оқыс оқиғалардан сақтану және туристік сақтандыру бағдарламаларын таңдаған. Өмірді сақтандыру бойынша негізгі үш бағыт бар, біріншісі – жинақтаушы өмірді сақтандыру, екіншісі – тәуекел өнімдер (ауру, оқыс оқиға – ред), үшіншісі – зейнетақы аннуитеті», деп жазады Freedom Finance Life.

– Біз соңғы алты айда келісімшарт жасасқан клиенттерімізге талдау жасадық, – деп түсіндіреді Ж.Жұбаниязова, – олардың 49 пайызы әйелдер болса, 51 пайызы – ерлер. Жинақтаушы сақтан­дыру келісімшарттары бойынша жарна көлеміне қарап бағалар болсақ, ерлер әйелдерге қарағанда көп салады. Әйелдерде сақтандыру жарнасының орташа мөлшері – 20, ерлерде – 44 млн теңге. Ал клиенттеріміздің орташа жасы – 40 жас­тан жоғарылар. Бұдан шығар қорытынды – отбасы, бала, немересі бар ауқатты азамат­тар өмірді валюталық сақтандыру бағ­дар­ламаларына көп қызығады. Олар ба­рын­ша тиімді жинақтау жасап, салымдарын валюта тәуекелдерінен қорғап, күт­пеген оқиғалар туындаған жағдайда өз өмі­рін қаржылық жағынан қорғағысы келеді.

KM Life өмірді сақтандыру компаниясы АҚ басқарма төрағасы Назым Бекболатова ең танымал өнім ретін­де жұмысшыларды жазатайым оқиға­лар­дан міндетті сақтандыруды айтады. Өнім­нің дәл осы түрі жұмыс берушілер­дің еңбек шартын жақсартуына, еңбек қауіпсіздігін арттыруға елеулі ықпал етуде. «Жазатайым оқиға қаншалықты азайса, сақтандыру келісімшартының да бағасы соншалықты арзандайды. Бұл сақтандыру өнімі қазір әлеуметтік функцияны да атқарып отыр десек қателеспейміз», дейді KM Life басшысы.

Ал Nomad Life өмірді сақтандыру компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мәди Шалғымбаев ком­панияның былтыр 31 млрд 863 млн теңге таза табыс тапқанын айтады.

«Клиенттерімізге 6,9 млрд теңгеге 13 мыңнан астам төлем ұсындық. Соның 44 пайызы – зейнетақы аннуитетінің ен­шісінде болса, 33 пайызы еңбек қауіп­сіздігіне қатысты. Мұның аясында еңбек қабілетін қалпына келтіруге байланыс­ты шығындарды өтеу, өндірістік оқыс оқиғадан зардап шегіп, мүгедек болып қалған немесе еңбек міндеттемесін орындау кезінде қаза болған қызметкерге және оның отбасындағы адамдар шығындарын өтеу төлемдері кіреді», дейді М.Шалғымбаев.

Сарапшылар нарық биыл да жандана түседі деп есептейді. Өйткені сұраныс жылдан-жылға артып келе жатыр.

«Биыл тұтынушылық несиелеу көле­мі­­нің төмендеуі күтілмейді, демек займ­­­шылар тарапынан өмірді сақтан­дыру­ға қатысты сұраныс та жоғары бол­мақ. Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті­нің бір­лескен шарттарын жасасу үшін заң­на­ма­лық нормалардың күшіне енуін күтеміз. Бұл жеткілікті зейнетақы жинақ­тары жоқ ерлі-зайыптылардың біріне жұбайында жеткілікті жинақ болған жағ­дайда осы сақтандыру өнімін пайдалануға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ минималды жалақының 60 мың теңгеге көтерілгенін ескере отырып, міндетті сақтан­дыру да өсім көрсетеді деп отырмыз. Былтыр зей­нет­ақы қаржысын пайдалануға байланыс­ты зейнетақы аннуитеті жақсы өсім көр­сетті. Биыл енді ондай өсім бола қой­мас. Практика көрсет­кендей, пандемия нарыққа соншалықты кері әсерін тигізе қойған жоқ. Ал цифрландыруды жеделдетуге қатысты әсері болды. Компаниялар бизнес-процестерге жаңа технологияларды белсенді енгізе бастады», дейді Ж.Жұбаниязова.

Қазіргі таңда «Халық-Life» АҚ-ның 1,3 млн-нан астам клиенті бар. Ең жа­қын мақсатымыз – ел арасында қар­жылық сауаттылықты арттыру және жинақтаушы сақтандыру бағдар­ламаларын дамытуға күш салу дейді компания өкілдері. Сондай-ақ олар биыл балалардың пайдасына мемлекеттік субсидиямен жинақтаушы сақтандыру өнімдерін ашуды жоспарлау­да. Соңғы бірер жыл көлемінде онлайн-форматтың белсенді дамуы сақтандыру өнімдерін компания сайттарынан сатып алуға да жол ашты. Осылайша, процестер мейлінше жеңілдетілді. Электронды формат 2022 жылы дами түспек. Яғни өмірді сақтандыру үшін кеңсеге бару керек, уақыт жоғалту керек деп сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Өмірді сақтандыру үшін не каскадер, не экстремалды спортпен айналысу шарт емес. Сақтандыру, біріншіден, қоғамда қаржы мәдениетін қа­лыптастырады, екіншіден, бұл – өз-өзіңізге деген жанашырлықтың айқын көрінісі.