• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2022

Тәтті қанттың ащы дәмі

835 рет
көрсетілді

Елімізде азық-түлік бағасы ырыққа көнбей тұр. Мәселен, өткен екі айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 9,9 пайызға қымбаттаған. Мұны Үкімет те мойындайды. Әсіресе 19-25 наурыз аралығында тауар құны бірден 1,7 пайызға өскен.

Оның ішінде қырыққабат 11 па­­йызға, пияз 9,3 пайызға, кар­топ 4,7 па­йызға, сәбіз 3,3 пайызға және жұ­мыртқа 1,7 пайыз­ға көтерілген екен. Ал дәл осы тұс­та ішкі нарықта «қант дағ­да­­рысы» туып кете жаздағаны бел­гілі. Өкініштісі, соңғы 2-3 апта­да қант саудасымен айналысатын делдалдардың бағаны 40 пайызға дейін қасақана көтергені анықталған. Сонда жыл басын­да шамамен 235 теңгеден сатылған қанттың әр килосы 587,5 теңгеге бірден өскен болып шығады. Көңілге медет болары, Үкімет елде қант жеткілікті деген ұста­нымда.

Алайда ол ұзаққа бармайтын сияқты. Яғни қордағы қанттың түбі кө­ріне бастаған сыңайлы. Өйткені, Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің мәліметінше, жыл соңына дейінгі жетіс­пеушілік 45 мың тоннаны құрайды. Енді Үкімет бұл мәселені импортқа квота бөлу арқылы шешпек. Яғни, сыртқы өнімге деген тәуелділік өседі. Ал өзіміз өндірген қант сыртқа шықпайды.

– Қазіргі уақытта министрлік 126 мың тонна қант пен құрақ қант шикізатын бажсыз әкелуге квота берді. Квотаның қалған бөлігіне өтінімдер қабылдауды жүзеге асырып жатыр. Бұл 124 мың тонна шамасында. Ал қант экспортына ты­йым салуды енгізуге бастама жасалды, қантты бажсыз әкелуді квоталау жөніндегі ұстанымдарға өзгерістер енгізіледі. Яғни тасымалдаушылар тауарды тұтынушыға тікелей сату мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте қантты әкелуге рұқсат беру тәр­тібін енгізу, баға белгілеудің бүкіл тіз­бегі бо­йынша ақ қант пен шикі қантты им­порт­тауға және өткізуге қосылған құн салы­ғын нөлге келтіру, сондай-ақ зауыттар­ды толық жүктеу үшін егіс алаңдары мен қант қы­зылшасының жалпы жинағын ұл­ғайту ұсынылады, – деген болатын Ауыл ша­руа­шылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Министр бұл сөзін жақында Алматы облысына келген жұмыс сапарында тағы да қайталап айт­ты. Е.Қарашөкеев өңірдегі агро­өнер­кәсіптік кешенді дамы­ту­дың қазіргі жағдайымен, атап айтқанда, қант өндірісінің бүгінгі ахуалымен танысты. Жалпы, ішкі нарықтағы қант тапшылығын болдырмаудың жолын іздеген Үкімет өзіміздің өндірісті қол­дау­дың барлық мүмкіндігін қарас­тырып-ақ жатыр. Жетісулық қант қызыл­ша­сын өсірушілер мен жергілікті өндіру­ші­лермен кез­десу барысында ведомство бас­­шысы ауыл шаруашылығы тауар өн­діру­шілеріне көрсетіле­тін мемле­кет­тік қол­дау шаралары ту­ралы баяндап, саланы тиім­ді дамыту үшін «Қант өндіру тұ­жы­рым­дамасы» дайындал­ғанын айтты. Онда қант қызылшасын өсіретін өңірлердегі диқандардың ұсыныстары ескеріледі.

– Биыл агроөнеркәсіп кешенін да­мытуға 309 млрд теңге субсидия бағыт­талады. Қосымша қар­жы бөлу қарас­тырылып жатыр. Қазір бізге қант өндірісін да­мы­туға не кедергі болып тұр­ға­нын анықтау керек. Ауыспалы егісті, су ресурстарын, заманауи агротехнологияны дамыту мен енгізуді есепке ала отырып, алқапты кеңейтудің нақты көрсеткіштерін есептеуіміз қажет. Бұл үшін барлық бағытта жүйелі жұмыс істеп, саланы дамытуды қолға алу керек. Осы сапарымның нәтижесі ретінде сіздер айтқан ұсыныс «Қант өн­діру тұжырымдамасын» дайын­дау барысында ескерілетін болады, – деді министр.

Ал кездесуге қатысқан шаруалар қант қызылшасын өсірудегі негізгі мәселе зауыттардың шикізатты төмен бағада сатып алуында болып отырғанын айтты. Шикізаттың қазіргі болжалды құнының 1 килосына 27 теңге деп белгіленуі шаруаларды қанағаттандырмай­ды. Олар бұл бағаның 35 теңге­ге дейін көтерілгенін қалайды. Сонда ғана лайықты табыс та­уып, техникаға да, заманауи суару құралдарына да қаржы салуға болады. Дегенмен бұл мәселені егіс науқаны басталғанға дейін шешкен жөн дейді олар.

– Біз айналысатын салалар бірін-бірі толықтырады. Жылына 3 200 тонна ұн, 160 тонна макарон өнімдерін, 190 тонна жарма, 40 тонна жартылай дайын өнімдер, 15 тонна шұжық, сол сияқты нан өнімдерін шығарамыз. Біздің цехтарымыз шағын, өзіміз өсіретін өнім көлеміне лайықталған. Қысқаша айтқанда, түйінделген өндірістік цикл. Қазір сүт өңдеуді ойластырып жатырмыз. Мысалы, өткен жылы 4 500 тонна сүт өндірдік. Әзірге оны толығымен «Фудмастер» компаниясына өткізіп отырмыз. Бізде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Қант қы­зыл­шасын өсірумен бұрын­­нан айналысамыз. Сон­дық­­тан бұл бағыттың дамуына біз де бейжай қарамаймыз. Мем­лекет қолдау көрсетсе, саланы одан әрі дамытуға атсалыса­мыз, – дейді Ескелді ауданын­дағы «Хиль­ничено и К» серіктесті­гінің басшысы Александр Хильниченко.

Биыл өңірдегі аграрлық сала­ның жалпы өнімі 1 060,7 млрд теңге болады деп күтілуде. Яғни өсім деңгейі 1,5 па­йыз болмақ. Бұл ретте егістік көлемі 974 мың гек­тар­дан асқан, оның ішінде қант қызыл­шасының алқабы 6,2 мың гек­тарға көбейген. Жалпы, қант қызыл­шасын дамыту жос­пары­на сәйкес аймақтағы тәтті түбір өсетін алаң жыл сайын ұлғай­тылып, 2025 жылға қарай 11,2 мың гектар болады. Ал облыс­тағы қант өндірісінің көлемі 175 мың тонна, бұл елдің қант­қа деген сұранысының 35 пайызын өтейді.

Қазір аймақтағы қант өнді­рі­сі қызылшадан да, қамыстан да өнім өңдеп, өндіруде. Атап айт­қан­да, былтыр Көксу қант зауыты қамыс қантын өндіретін желіні іске қосқан болатын. Биыл­­дан бас­тап Ақсу қант зауыты да қамыс­тан қант шығаруға кіріс­пек. Бұл кәсіпорын жергілікті жердің өңделетін шикізаты қа­жетті көлемге жеткенше 2025 жыл­­ға дейін тек осы дақылға ма­ман­­данатын болады. Осы мақ­сат­та болашақта кәсіпорынға жер­гілікті диқандармен қатар тәтті түбір өсіруге жер учаскесін беру жос­­парланып отыр. Әзір­ге Көксу қант зауытының бас­шы­лығы шалғай аудандардан кәсіп­орынға жеткізілетін шикізат­тың тасымалы үшін шаруа­шы­лықтарды субсидиялайтын болады. Бүгінде Ақсу қант зауы­тының өңдеу қуаты – 550 мың тонна. Өндіріс­ті қай­та жаңғырту­ға 14,5 млрд теңге ин­вес­тиция тартылған. Ал Көксу қант зауытының жобалық қуаты – 250 мың тонна, оған да инвестордың 4,5 млрд теңге жеке қаражаты құйылған.

– Қант қызылшасы – маңызды дақыл. Дегенмен өсіру қиын бол­ған­дықтан, мол өнім алу оңай емес. Сондықтан шаруалар техникалық тұрғыдан жарақтанып, табыс табуы үшін шикізатты сатып алу құнын дұрыс белгілеуіміз керек. Біз өз тарапымыздан тиісті қол­дау көрсетеміз. Сондай-ақ Үкі­мет тарапынан ұсынылған тұ­жы­рымдаманы талқылауға ірі ша­руашылықтар ғана емес, ұсақ шаруа қожалықтары иелерінің де қатысуы маңызды. Сол сияқ­ты суару суының тарифі, суару каналдарын тазалау мен жаң­ғырту, ылғал сақтау техноло­гия­сын дамыту, ауыспалы егісті сақ­тау, тех­ни­каның дайындығы мә­се­ле­лері де назардан тыс қал­мауға тиіс. Жалпы, жұмыла жұ­мыс істе­сек, ішкі нарықты қант­пен қам­ту­ға мүмкіндігіміз же­теді. Мәселен, өткен жылы сұра­ныс­тың 42 па­йызын біз ішкі өн­діріс есе­бі­нен толтырдық. Дүр­лігуге биыл да ешқандай себеп жоқ. Қант­пен қамту жағдайы бақы­лау­да тұр, – деп сендірді жетісу­лық диқан­дармен кездесуде министр Е.Қарашөкеев.

 

Алматы облысы