Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы келесі аптаның соңында елордадағы Ұлттық теннис орталығында Билли Джин Кинг кубогы жолындағы жарыстың іріктеу кезеңінде Германия теннисшілерімен кездеседі. Осы матч алдында Қазақстан құрамасының ойыншылары – Юлия Путинцева, Зарина Диас және Анна Данилина кездесу туралы пікірлерін ортаға салып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойындарын еске алды.
– Бізді Германия теннисшілеріне қарсы өте қиын матчтар күтіп тұр. Десе де, бізде финалдық кезеңге жолдама алатын жақсы мүмкіндік бар. Өйткені біз өз елімізде, жанкүйерлеріміздің алдында ойнаймыз. Бұл спортшыларға қосымша күш береді. Өз еліңде, өз жеріңде кортқа шығу ерекше әсер сыйлайды. Жанкүйерлеріміз үлкен қолдау көрсетеді. Маған осындай атмосфера ұнайды. Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынымда қалай өнер көрсеткенім есімде жоқ, тек жеңіске жеткенімді білемін. Сол кезде қатты қобалжыған болуым керек, – деді Юлия Путинцева.
Юлия Путинцева Қазақстан құрамасындағы алғашқы ойынын 2014 жылдың ақпан айында Индонезия құрамасымен өткізіп, Вита Медиананы екі сетте 6:2, 6:1 есебімен жеңген болатын.
– Германия құрамасы – мықты қарсылас. Өйткені олар Билли Джин Кинг турнирінің тұрақты қатысушылары. Біз бұл ойынды өз елімізде өткізетіндіктен, матч алдында аздаған басымдыққа иеміз. Алдағы ойында тек өзіміз үшін емес, бүкіл елдің намысы үшін ойнайтын болғандықтан, кортқа тек жеңіс үшін шығамыз. Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынымды 2009 жылы Аустралияда Азия/Тынық мұхит аймағының екінші тобындағы Федерация кубогы жолындағы бәсекеде өткіздім. Галина Воскобоевамен жұптық матчта Иран құрамасымен ойнап, 6:0, 6:0 есебімен жеңіске жеткенбіз. Бұл матч менің есімде өмір бойы сақталып қалады, – деп атап өтті З.Диас.
– Ұлттық құрамадағы әр ойынымызда бар күшімді салып ойнауға тырысамыз. Германия сапындағы ойыншылардың бәрі тәжірибелі екені белгілі. Сондықтан бұл матч өте тартысты өтеді деп есептеймін. Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңдерінде жеңіл матчтарды күтудің қажеті жоқ, сондықтан әр матчқа дайын болуымыз керек. Ұлттық құрамада алғаш рет 2019 жылы Азия/Тынық мұхит аймағының бірінші тобында елордадағы Ұлттық теннис орталығында ойнадым. Галина Воскобоевамен жұптық бәсекеде кортқа шығып, Таиланд командасын еш қиындықсыз жеңген едік, – деді Анна Данилина.
Айта кетейік, Қазақстан мен Германия арасындағы ойын 15-16 сәуір күндері елордадағы «Дәулет» теннис орталығында өтеді.